Өйткені әлемдік тарихнамадағы Жошы ұлысы немесе орыс тарихнамасындағы Алтын Орда тарихы алдымен біздің тарихымыз, қазақтың тарихы.
Ертіс өзенінен Дунай өзеніне дейінгі кең-байтақ территорияның негізін қалаған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан Қазақстанға 1221 жылы келсе, 1269 жылы Талас құрылтайынан соң өз алдына егемендік алған Алтын Ордаға биыл 750 жыл толып отыр. Әрине кез келген көзі-қарақты шетелдік азамат алып Жошы ұлысының тарихымен, қалдырған мұраларымен, әлемдік өркениетке қосқан үлесімен түрлі зерттеулер арқылы танысады, дегенмен көзімен көргенге ештеңе жетпейтінін түсінеді. Осы қызығушылықпен Қазақстанға келеді. Ал біз туристерге не көрсете аламыз?
Ата тарих Сарайшық, Түркістан, Ұлытау, Отырардың Жошы ұлысы тарихымен астасып жатқанын жақсы біледі. 1999 жылы 3 қыркүйекте Сарайшық музей-қорығының ашылу сәтінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Міне, мынау Ақ-жайықтың суы шайып жатқан Сарайшық Еуразияның апайтөс даласындағы көптеген елді өркениет пен ерлікке, бірлік пен тірлікке, ақыл-парасат пен бауырластыққа баулыған Алтын Орда елінен қалған сары жұрт. Ол Қасым хан билік құрған тұста Қазақ хандығының астанасы болды. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені бүкіл түркі әле¬міне ортақ Алтын Орда хандары – Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі – Охас, одан бергі Қасым хан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осын¬да мәңгілік жай тапты. Оны еліміздің алғашқы пантеоны десек те болады» деп ортағасырлық Сарайшықты асқақтата жоғары бағалаған болатын. Сарайшықта Бату ханның ұрпақтары әз-Жәнібек, Бердібек хан ретінде Алтын Орда тағына отырды, Өзбек хан мұсылман дінін Алтын Орданың мемлекеттік дініне айналдырды. Қасым хан Сарайшық ордасында Қазақ мемлекетін нығайтты, ел шекарасын Еділге дейін ұзартты. Олай болса, Сарайшық әлемдік туризм орталығына сұранып тұр. Оған Сарайшық музей-қорығының республикалық мәртебеге ие болуы, жылда Жайық суы басатын жағалаудың бекітілуі, археологиялық-реставрациялық жұмыстардың қатар жүруі, сапар орталығы құрылысының шешім табуы, маман-кадрлардың жинақталуы толық жағдай жасады.
Алдымызда ортағасырлық Сарайшықтың аумағын қоршау, оның қорғанын, керуен-сарайын қалпына келтіру, Қасым хан ескерткіші мен кесенесін тұрғызу, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан түсірілетін «Қасым хан» фильміне дайындалатын декорациясын Сарайшықта орнату, әлемдік архивтердегі жаңа құжаттарды алдыру міндеттері тұр. Мұның барлығы шынайы туризмнің дамуына жаңа жол ашады. Президенттің Жолдауда эко, этнотуризмді экономиканың маңызды саласы ретінде дамыту, Алтын Орданың 750 жылдығын осы бағытта атап өту туралы тапсырмасы біздің жұмысымызға тың серпін берері анық.
Әбілсейіт МҰҚТАР
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры
egemen.kz