Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ағаштан түйін түйген Айжарық

ХАЛҚЫМЫЗДА «АЛЛА ЕШКІМДІ ДЕ НЕСІБЕСІЗ ҚАЛДЫРҒАН ЕМЕС, ТЕК СОНЫ БАҒАЛАЙ БІЛУ КЕРЕК, ТАЛПЫНҒАН ҒАНА МҰРАТЫНА ЖЕТКЕН» МАҒЫНАСЫНДА АЙТЫЛЫП ҚАЛАТЫН ТӘМСІЛ БҮГІНДЕ ОРЛЫ АУЫЛЫНДА ТҰРАТЫН АЙЖАРЫҚ МҰҒИЫНҰЛЫ САТЫБАЛДИЕВТЫ ҚАПЫСЫЗ ТАУЫП ТҰР. ПРЕЗИДЕНТІМІЗ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫ ЖҰМЫСШЫ АТАУЛЫҒА ЕНШІЛЕСЕ, СОНЫҢ ДӘЛ ОРТАСЫНДА ЕЗУІНЕ КҮЛКІ ҮЙІРІП, АДАМДАРҒА КҮЛІМДЕП, ТУРА, МЕЙІРІММЕН ҚАРАЙТЫН БІЗДІҢ ОСЫ БАЯНЫМЫЗДЫҢ КЕЙІПКЕРІ ДЕ БАР. БАЛА КҮНІНДЕ ҚОЛЫНА АРА МЕН БАЛҒАНЫ АЛЫП, МАЙЫСҚАН ШЕГЕНІ ТҮЗЕП КӘДЕГЕ АСЫРҒАН АЙЖАРЫҚ, МІНЕ 70 ЖАСЫНА КЕЛГЕН БҮГІНГІ ШАҒЫНДА ДА, БІРАЗ ЖЫЛ БҰРЫН ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒУЫНА ҚАРАМАСТАН ӘЛІ ОНЫҢ ҚОЛЫНАН ҚҰРЫЛЫСШЫНЫҢ ҚҰРАЛЫ ТҮСКЕН ЕМЕС. НЕГЕ? ӨЙТКЕНІ АЙЖАРЫҚ САТЫБАЛДИЕВТЫ ІЗДЕУШІЛЕР КӨП. ЖАҢА ҮЙ НЕМЕСЕ НЫСАН ТҰРҒЫЗАТЫН АУҚАТТЫЛАР ОНЫ СОҢЫНА ШЫРАҚ АЛЫП ІЗДЕП ТАУЫП ЖАТАДЫ. ҮЙЛЕРІН, ҚОРА-ҚОПСЫСЫН ЖӨНДЕТЕТІНДЕР ДЕ ОНЫ ТӨҢІРЕКТЕЙДІ. «ТЫМ БОЛМАСА ЖӨНІН КӨРСЕТІП, АҚЫЛЫҢДЫ АЙТШЫ, АЙЖЕКЕ» ДЕП ҚИЫЛАТЫНЫН ҚАЙТЕРСІҢ?!

Міне, көрдіңіз бе, кейбір жастар «жұмыс жоқ» деп жатады. Жұмыс бар емес, көп қой, айналайын-ау, тек өз салаңды дұрыс игер, осы Айжарықтай бірегейі болып кетпегенімен қамшы салдырмайтындай қабілетке ие бол, дер едік. Жасы 70-ке келген Айжарықтың соңында жаңа құрылыс салдырмақ құдайым-ау, қанша адам тұр кезекте. Бұл абырой оңайлықпен келген немесе әлдекім сыйға берген, не көктен түскен емес, бала күнінен «кім болам?» сұрағына орай өз бағдарын дәл тапқандықтан әрине. Біздің көп жастар осы мәселеге бас ауырта қоймағандықтан кейін мойындары былқ-сылқ етіп өз жолдарын таба алмай адасады келіп...

Осы жолдардың авторы Нұржау (Ленин ол кезде) орта мектебін 1971 жылы бітірсе, Айжарық Мұғиынұлы 1972 жылы бір жылдан соң қолына орта білім туралы аттестатын алды. Ата-аналарымыз жандарын жалдап күн кешкен колхозшылар, арланатыны жоқ, борбайлары шыт-шыт жарылып ау тартқан, қыстарда күніне жүз баулап қамыс орса, мая-мая пішен шапқан, саман тас соққан, жұбайлары – шешелеріміз егіннің қара топырағында белдері үзілген кәдімгі қара табан, күс қол кедейлер. Айжарықтардың зілмәңке үйі судың арғы бетіндегі «ұзын арал» атанған мекенде. Жиі табысатынымыз сонда менің анамның апасы Ғайни Нұрғалиева тұрды. Сол шешеміздің үйіне барғанда осы Айжарық, оның апасы, марқұм Ұлмай сыныптасыммен жиі шүйіркелесіп қаламыз. Шора өзенінің арғы жағасына өтуің үшін «Қазақстан» ұжымшарының орталығында тұратын жұртқа «прәгөзші Рәшит» атанып кеткен атаға жалынуың керек. Қайық толы адам болмаса, ол кісінің өткізе қоюы екіталай. Осы қиындықтардан құтылғысы келдіме, сегізінші сынып оқып жүргенде «Ұзын арал» бойында Мұғиынның Айжарығы кір сабынның жәшігінен шағын қайық жасапты деген қауесет ескен желмен бірге ләппай қақты. (Ол уақытта жәшіктер ағаштан мықты етіп жасалатын) Шын екен, 3-4 адамды көтеретін жеп-жеңіл қайығы жұтынып ақ тұр, шіркін!

Мектепті әжептәуір бағаларға бітірген Айжарық Сатыбалдиев басқа мамандыққа басын ауыртып жатпай, сол 1971 жылдың жадыраған жазынан құрылысшы құралдарын біржола қолына алды. Міне, әлі күнге ағаштан түйін түйген құрылысшы ол. 1955 жылдың 25-і тамыз айында өмірге келген ол 18 жасқа толысымен 1972 жылы шаңырақтары қоныс тепкен Калинин атындағы кеңшардың құрылысшысы атанды. 1974-1976 жылдары армия қатарында әскери борышын өтеді. 1976 жылдан 1994-інші Калинин атындағы кеңшар тарағанға дейін сол ұжымның белгілі ағаш шебері болды. 1994-1996 жылдары кеңшардың орнын басқан «Жаңа жол» ауылшаруашылық кәсіпорнының құрылыс цехының маңдайалды шебері атанды.

1999 жылы «Құралай» корпорациясына қарасты ЖШС-ге жұмысқа ауысып, зейнеткерлікке шыққан 2018 жылға дейін «Каспий- Балық» ӨК-де құрылысшы, «Құралай» ЖШС-де құрылысшы, «Сәрсенбаев Е.» шаруа қожалығында құрылысшы, «Бисенов Г.А.» жеке кәсіпкерлігінде құрылысшы болып, қайда жұмсаса да істің нәтижесіне жетпей жаны мігір таппайтын балбармақ шебер, адал еңбеккер атанды. Тәуелсіздік жылдары «Құралай корпорациясы» аудан өңірінде өзіндік өрнекті ізін қалдырса, оған бесаспап құрылыс шебері Айжарық Мұғиынұлының қосқан үлесі ерекше. Атап айтар болсақ: «Каспий-Балық» ӨК-нің балық цехтары, «Қайнар» мейрамханасы, «Ақкөл» кірпіш зауыты, «Теңіз» балық цехы, КСП зауыты, «Құралай» базары, «Құралай» нан-тағам комбинаты, Бөкейхан ауылындағы балық зауыты, «Құралай» құрылыс кешені, Орлы ауылындағы, т.б. жерлердегі дүкендер, Атыраудағы керамзит зауыты, супермаркет, мейрамхана, «Бистро» кафесі, 200 га жоңышқа егілетін аймақтағы тұрғын үй, т.б. Бұған қосымша құрылыс жұмыстары арасындағы үзілісте 20-лаған ауылдастардың басын біріктіріп, ау тарту, вентермен балық аулауды ұйымдастырып, көптеген отбасыларының тіршілік көзін ашуға белсене септігін тигізді.

Жоғарыда әңгіме еткеніміздей күні бүгіндері де Айжарықтың көмегіне зәру адамдар қазірден бастап қара күзге дейін оның кезегінде тұр. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салу өз алдына, жеңіл бағаға үйлерінің шарбақтарын орнату, төбе жабындысын төсеу, (шиферлеу) тұрғын үйлерін кеңейту, еуростандартқа сәйкестендіру, т.б. шаруалар Айжарық және оның сенімді жігіттерінің көмегімен оңынан айналуда.

Мұғиын Сатыбалдиев әке Ұлы Отан соғысының қанды қасап қырғынында жау жағасын жыртысқан белгілі майдангер. Кейінірек «Қазақстан» колхозында аушы-балықшы болғанында мина жарықшағы жарақаттаған өкшесінен қан ағып жүретін. Насиха шешеміз, жұбайы күн сайын кеште сабынды сумен жуып, таңып келіп отыратын. Майдангер екен деп оны аяйтын белсенділер ме? «Қанды өкше, қайсар Мұғиын» тақырыбында поэма жазып, кітабыма енгізіп, өз әлімізше тарихта қалдырған болдық, рухы шат болғай, жарықтықтың! Отбасында үш ұлды, төрт қызын тәрбиелеп өсіріп, бойларына имандылықтың нұрын сіңірді. Өсе келе баршасы да өмірден өз жолдарын тауып, бір-бір шаңырақтың иелері ретінде құдай бұйыртқандармен жұптаса ғұмыр кешуде. Айжарықтың Асқар інісі ауданға танымал іскер азамат, Айболат бауыры бақилық болған. Күлмай апасы – ақ тілеулі тірегі. Ұлмайды да ажал құрығы ерте тапты. Айман, Рима қарындастары шүкір, өз шаңырақтарының түтінін түтетуде. Баршасы да Айжарықтың аясында бірге туған бауырдың қаншалықты қымбат екендігін сезіне білетіндер. Ұя бұзарлығы болып көрмеген, ұлтжанды, елге қадірін асырған Айжарығымыз аман жүрсе екен деп Алладан тілегендері қабыл бола бергей де!

Айжарық Мұғиынұлы да отбасынан бақыт тапқан абыройлы әке. Маңдайына жар болып жазылған Фатихоллақызы Любамен жарасты ғұмырдың қаймағына сызат түсіп көрген емес. Ошақтың үш бұтындай үш ұлды сыйлаған жаратушыға «жарылқады біздіден» басқа айтары жоқ ау! Асхаты – Иринасымен, Шапхаты – Зейнегүлімен бақытты ғұмыр кешсе, Рафхатына да соны тілейді. Айжарық-Любаның керуен көші немереге келіп тірелгенде төрт ат әкелер, алты кесте тігермен олжалы, бұйыртса балапан іздердің жалғасарынан әлі де үмітті.

«Мерейлі отбасы» аудандық байқауының 2021 жылғы сайысында «Өнерлі отбасы» аталымын айқын басымдықпен жеңіп алған осылар, яғни орлылық Сатыбалдиев Айжарықтың отбасы. Демек, шаңырақтарында қара қазанның ырысын бөліскендердің ынтымағы да, өнерге ұмтылысы да, қазақы қансіңді дәстүрді ұлықтауы да қатарынан озық деп ой түюге жетелейтін көрініс бұл.

Айжарық Сатыбалдиев әр жылдары округ, аудан билігінің грамота, алғыс хаттарымен марапатталған. Бірақ баянсыз бақ үшін әр есікті имене қағып ар-ұжданы алдында абыройсыздыққа бармаған азамат. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшыларға еншілесе, сонау 1972 жылы мектеп бітірісімен құрылыстың ауыр да жеңіл қамытын мойынға киіп, мойымай осы күнге осы салада тер төгіп жүрген Мұғиынның Айжарығы қандай құрметке де лайық. Міне, қолына арасы мен балтасын алып тағы бір жақтарға серіктерін ілестіріп жетеғабыл аттанып, барады. Жетпісінде желігіп жүрмеген шығар, көп өтініштердің бірін орындауға әрине.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

ҚР Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT