Аудан әкімінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтің төрағалығымен аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Асхат Арыстановтың өткен жылы атқарған жұмысы туралы есеп беру жиыны өтті.
Оған аудандық мәслихат хатшысы, аудан прокуроры, мәслихат депутаттары, округ әкімдері, зейнеткерлер, мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты. Баяндама жасаған аудандық полиция бөлімі бастығының айтуынша, өткен жылы 110 қылмыс (2018 жылы – 71 қылмыс) тіркеліп, оның 69-ы ашылып сотқа жолданса, 29 іс тоқтатылды. Ауданда аса ауыр қылмыстар санаты бойынша адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алу фактілері тіркелмегенімен, орын алған 2 зорлау оқиғасы ашылып, іс сотқа жолданды.
Бөлімге қарасты учаскелік полиция инспекторлары жыл ішінде 609 әкімшілік құқық бұзушылықтарды (2018 жылы – 746) анықтады және олардың қатысуымен 12 айда 29 қылмыс (2018 жылы – 24) ашылды. Учаскелік полиция инспекторларының арызы бойынша бес азаматтың төртеуі сот қаулысымен еріксіз емдеу мекемесіне орналастырылды. Жалпы, ауданда араққұмарлар санаты бойынша 94 азамат есепте тұрса, 3 адам нашақорлар санатында. Аудан көлемінде орын алған 12 жол-көлік (2018 жылы – 10) оқиғасының салдарынан 7 адам қаза тауып, 19 жолаушы жарақат алды. Сондай-ақ, патрульдік полиция тобының қызметкерлерімен жол қозғалысы ережесін бұзған 982 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы жасөспірімдер тарапынан 2 қылмыс жасалса, ювеналды полиция тобы 6 жасөспірімді профилактикалық есепке алып, ата-аналарының, мектеп психологтарының қатысуымен түсінік жұмыстары жүргізілді. Көшелерде құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Миялы ауылының орталық көшелеріне бес бейнебақылау камералары, Сағыз, Жангелдин ауылдары мен Атырау қаласы бағыттарына шығатын жолдарға бір-бірден бейнебақылау камералары орнатылды.
Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау, алдын алу, жолын кесу бағытында «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Такси», «Жасөспірім», «Бекіре-2019», «Қару», «Түнгі қала», «Каникул» және басқа да жедел-профилактикалық іс-шаралар мен «Жұмыспен қамту», «Жолда қабылдау», «Таза қол» акциялары ұйымдастырылды.
– Бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған мәселенің бірі – ұрлық қылмысы. Бұл ретте өткен жылы ауданда автокөлік ұрлау немесе заңсыз айдап кету, қалта ұрлығы орын алмағанмен, 5 пәтер (2018 жылы – 10) ұрлығы, 4 ұялы телефон ұрлығы тіркелді. Ұрлық қылмысының ішінде аудан тұрғындарын алаңдатып отырғаны мал ұрлығы. Өткен жылы тіркелген 27 мал ұрлығының (2018 жылы – 17) 19-ы ашылып, іс сотқа жолданса, 8 қылмысты ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдан бастап Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексіне «Мал ұрлығы» деп аталатын жаңа бап енгізіліп, бұл бап ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Мал ұрлығын болдырмау үшін малды ұйымдастырылған түрде жаю, жергілікті атқарушы орган, мал иесі және бақташы арасында үш жақты келісім шарт жасақтау қажеттігі туралы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді есеп беру баяндамасында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Асхат Арыстанов.
Баяндамадан соң пікірін білдірген құқық қорғау саласының ардагері Зинеден Омаров қоғамда құқық бұзушылықтың, қылмыстың орын алуы заңды сыйламаушылықтан туындайтынын, сондықтан заңды құрметтеу қажеттігін тілге тиек етіп, бөлімнің жыл ішінде атқарған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев қорытындылап, қаулы жобасы қабылданды.