Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

103 жастағы соғыс ардагері: Бақыттың үлкені – елдің тыныштығы

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Бұл тарихтағы маңызды кезеңдердің бірі, өйткені 80 жыл бұрын 1945 жылы әлем тарихындағы ең қанды Екінші дүниежүзілік соғысы аяқталды. Совет одағы мен оның одақтастары фашизмге қарсы күресіп, жеңіске жетті. Елімізде қанды майданға аттанып, ерлік көрсеткен ардагерлердің саны азайып барады, ал олардың әрбірінің айтары біз үшін өте құнды.

Осы ретте El.kz тілшісі сұрапыл соғыста от кешіп, қан майданның арасынан аман шыққан, бүгінде ғасырдан асып отырған соғыс ардагері Яхия Тасыровпен тілдесті. Бұл Жеңіс тек Кеңес Одағының емес, бүкіл әлемнің тарихындағы ең үлкен мереке болып қала береді. Бұл мереке – соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткендердің құрметіне, сондай-ақ, ұрпақтан-ұрпаққа ерліктің, батырлықтың үлгісі ретінде атап өтіледі. Қазақстанның көптеген азаматтары соғысқа қатысты.

Қазақ жауынгерлері ерлігі мен батырлығын көрсетті, олардың көбісі майдан даласынан оралмады. Соғыс жылдары әртүрлі шайқастарға қатысқан ардагерлер тек әскери қызметті ғана емес, тылда жұмыс істеуді де міндетіне алды. Өткен ғасырдың ауыр жылдарында олар тек Отан үшін емес, бүкіл әлем үшін үлкен жеңістің туын тікті. Ардагерлердің ұрпақтары мен бүгінде жас ұрпақ олардың ерліктерін ұмытпауға және есінде сақтауға міндетті. Ұлы Отан соғысына қатысып, аман қалған майдангердің өмірі қиындықтар мен қайғы-қасіретке толы болды. Сұрапыл соғыста талай қиындықтарды бастан өткеріп, өз елін қорғау жолында бар күш-жігерін сарп етті. Майданда жүріп, көптеген шайқастарда жеңістер мен жеңілістерді бастан кешті. Бірақ ол ешқашан сенімін жоғалтпай, соңына дейін күресіп, жеңіске жетті. Оның ерлігі мен батырлығы бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысып, қиын-қыстау кезеңдерде аман қалған майдангердің өмір жолы елге деген шексіз сүйіспеншілік пен жанқиярлықтың айқын үлгісіне айналды. Майдан даласында 70 келі пулеметті жалғыз өзі көтеріп, жеңісті жақындатқан Яхия Тасыров 2 қаңтар күні 103 жасқа толды. Ақсақалдың балалық шағы аумалы-төкпелі қиын заманда өткен. Отбасы жағдайымен Өзбекстанға барып, сол жерден Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Бойын енді түзеп келе жатқан 19 жастағы жігіт Ташкент облысы, Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынады.

Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазанында майданға жіберіледі. Соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров ақсақал Сталинград, Курск, Баранович және Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысып, қызыл майданның ортасында жүріп, Данциг портында ауыр жарақат алады. Осылайша ардагер 1945 жылдың тамыз айында елге оралады. Ерен ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен, «Кеңес Одағының Батыры Маршал Г. К. Жуков» медалімен және басқа да көптеген наградалармен марапатталған.

Соғыс ардагері сол бір қанды шайқас жылдарындағы ауыр сынақтарды ешқашан ұмытқан емес. Әлі күнге дейін есіне алады. Бүгінде Яхия Тасыров – Қызылорда облысындағы Сырдария ауданының құрметті азаматы. Кент көшелерін жаяу аралап жүретін қазыналы қарттың өмір жолы талай қиындықтармен өрілген. Ол кейінгі ұрпаққа соғыстың ауыр зардаптарын көрмеуін тілеп, бейбітшілік пен тыныштықтың мәңгілік болуын қалайды. Халқымыз аман болып, ауызбірлікте өмір сүрейік, «іштен шыққан жау жаман» дейді ғой, тыныш заман болсын. Қазіргі заман жақсы ғой, бұрын мұндай бейбіт өмір сүрмедік. Ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қаншама жерді алып, қазақты аман-есен жеткізді. Қазіргі кезде Президенттің басшылығымен еліміз жақсы жолмен дамып келеді.

Бұл саясаттың нәтижесі, халқымыздың болашағына тиімді. Бейбіт өмір сүру – бақыт, сол бақыттың маңызы – халықтың тыныштығы мен амандығында, – дейді майдангер. Қазыналы қария бүгінде халқымыздың саны 20 миллоннан асқанын, енді бір күндері 40 миллионға жетсек екен деп тілейді. Сондай-ақ қария қазіргі жастарға ақылын айтып, келешек үшін маңызды кеңестер берді. Өз сөзінде білімнің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Білім алу – бұл тек сіздер үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды нәрсе. Оқу мен іздену арқылы ғана өз орныңды таба аласыңдар. Кітап – шынайы білімнің көзі. Ол тек сөздерден ғана емес, адамды өмірге, ақыл-ойға жетелейтін рухани күш, – деді.

Қария сөзінің жалғасында: «Адамның жетілуі тек қол жеткен білімде ғана емес, оны дұрыс қолдануда. Қазіргі заманда іздену, жаңа нәрселерді үйрену аса маңызды. Сондықтан кітап оқуды, ғылым мен білімге құштар болуды тоқтатпаңдар. Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар» деген сөздерді естен шығармаңдар, деп жастарды білімге шақырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT