Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӨМІРІ ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨНЕРПАЗ

Дүйсенбі күні аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Арман» мәдениет үйінде аудандағы мәдениет саласының дамуына, өнердің өрге жүзуіне жастардың осы жолда биік белестерді бағындыруына зор еңбегі сіңген мәдениет майталманы Меңдіғарина Мағзуғаш Тәжіғалиқызын еске алу кеші өтті. «Өмірін өнерімен өрнектеген» тақырыбында ұйымдастырылған кешке Мағзуғаш Меңдіғаринаның кезінде бірге жұмыс жасаған әріптестері, құрдастары, ағайындары мен құда-жекжаттары, бауырлары, ауыл тұрғындары қатысты.   

    Сахна шымылдығы «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Халық» театры ұжымының  Мағзуғаш Тәжіғалиқызының мектеп бітіру кезіндегі шағын көрініспен ашылған соң, бір минут еске алу рәсімі өтті. Бұдан кейін бейнебаян арқылы оның өнегелі өмірдерегі баяндалды. 1953 жылдың 27 наурызында Миялы ауылында дүниеге келген ол орта мектепті бітірген соң еңбек жолы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінде бастайды. Бір жылдан соң аудандық мәдениет бөлімі жанындағы біржылдық кітапханашылар курсында оқып, аудандық балалар кітапханасында зал меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. 1975-1978 жылдары Гурьев мәдени-ағарту училищесінде оқыған ол, аталмыш училищені үздік бітіріп «Клуб меңгерушісі, халық ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі» мамандығын алып шығады. Екі жыл Жангелдин селолық клубының меңгерушілік қызметінде жүріп, ұйымдастырушылық қабілетімен көріне білген оны басшылар аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа шақырады. Бөлімде инспектор қызметінде бір ай еңбек еткен соң «Арман» мәдениет үйі директоры лауазымына тағайындалады. Директорлық қызметте жүріп, Алматы қаласында білім жетілдіру курстарында оқып, білімін жетілдіреді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халықтық бақылау қызметінің мүшесі, селолық кеңестің депутаты болды.  Мәдениет үйі жанынан құрылған «Халық» театры қойған түрлі пьеса, қойылымдарда басты рольдерді сомдады. «Жайық қызы» би ансамблінің жетекшісі Мұнаура Ғабдешовадан дәріс алып, би ансамблінің бишісі болды. Ұлт аспаптар оркестрінде домбырада, «Ақжелең» фольклорлық ансамбльде шіңкілдек аспабында ойнап, оркестрді басқарды. Оқу орнын бітіріп келген жас мамандарды тәрбиелеуде үлкен жұмыс атқарды. Мәдениет үйін жиырма жыл басқарған ол 2000 жылы денсаулығына орай әдіскер қызметіне ауысып, кейіннен №2 жылжымалы клуб меңгерушісі болып еңбек етіп, 2002 жылы дүниеден озды.   
    Шарада сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Болат Салықов кеш кейіпкері жайлы ізгі тілегін білдіріп, інісі Жұматай Меңдіғаринге естелік сыйлық табыс етті. 
    «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Жәния Ізбасқан: «Мағзуғаш Тәжіғалиқызы аудан мәдениетін дамытып, ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Уақытпен санаспай еңбек етіп, бармағынан бал тамған күйші болды. Сондықтан, бұл шараның тәрбиелік мәні зор. Алдағы уақытта осындай шара жыл сайын ұйымдастырылса игі» деген пікірін білдірді. 
    Ал, мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы, әріптесі Сағидолла  Яқып:
    – Мағзуғашпен құрдаспын, әрі ұзақ жыл бір салада жұмыс жасадық. Ол күйді шебер орындайтын талантты домбырашы әрі жақсы әртіс болды. Мен дайындаған түрлі қойылымдардың жағымсыз рөльдеріне ешкім шықпаса «Әкел, мен-ақ ойнайын» деп кірісіп кететін де, рөльді шебер сомдап шығаратын. Сонымен қоса ол мәдениет үйінің от жағушы, тазалықшы, қарауылшы, электрик және басқа да жұмыстарды атқарып жүре беретін. Жоқтан бар жасайтын еді. Мәдениет үйінің құрал-жабдықтарын, музыкалық аспаптарын, киімдерін көздің қарашығындай сақтады. Жұмысқа келген жастарға жол көрсетіп, таланттылардың жолын аша білді, - деді.
    Сондай-ақ, шарада сөз сөйлеген бауыры Сайын Меңдіғарин апасы туралы естелігімен бөлісіп, еске алу кешін ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, Гурьев мәдени-ағарту училищесінде бірге оқыған группаласы Зинел Мәжитова студенттік шақтардан әңгіме өрбітіп, Мағзуғаш Тәжіғалиқызының рухына арнаған өлеңін оқыды. 
    Сөз сөйлеген кеш қонақтарының құрметіне әншілер Зәуре Жұмағалиева, Бисұлтан Мұхтаров «Көз көргендер», «Жолыққан қандай жақсы» әндерін орындап, Есет Махмут, Айхан Тұрсынғали, Райымбек Бағыттар «Адай» күйін күмбірлетті.
    Мәдениет майталманы Мағзуғаш Меңдіғаринаны еске алуға арналған шара одан әрі  «Күмбірле домбыра» атты аудандық жас күйшілер байқауымен жалғасты. Байқау 10-13 жас және 14-17 жас аралығында екі кезең бойынша өтті. Ережеге сай бірінші кезеңде үміткерлер кезінде Мағзуғаш Меңдіғарина орындаған Құрманғазының «Адай», «Алатау», Қазанғаптың «Құс қайтару», С.Құсайыновтың «Мереке», А.Жұбановтың «Би күйі», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйлерінің біреуін орындау керек болса, екінші кезеңде еркін тақырыпта бір күй орындауы тиіс. Нәтижесінде, 10-13 жас аралығы бойынша сынға түскендер арасында Бекарыс Құсайынұлы (Сағыз а/о. Жетекшісі – С.Аяғанова) С.Құсайыновтың «Мереке», Кәуеннің «Сәнау» күйін шебер орындап, І орынды жеңіп алса, Айсұлтан Жолдасқали (Миялы а/о. Жетекшісі – Д.Төремұратова) ІІ орынды, Мейірлан Нұрмағамбетұлы мен Нұрперзент Смағұл (екеуі де Миялы а/о. Жетекшілер –  Д.Төремұратова, Г.Оразғалиева) ІІІ орынды иеленді.
    Ал, 14-17 жас аралығы бойынша бақтарын сынаған үміткерлерден Дәулеткерейдің «Көроғлы» және Құрманғазының «Кішкентай» күйін күмбірлете тартқан миялылық Айым Мысырғали (жетекшісі – А.Тұрсынғали) І орынды жеңіп алды. Бұл сында Мұқыр ауылдық округінен қатысқан Айым Амангелді (жетекшісі – Е.Аманқосов) ІІ орынды иеленсе, миялылық Нұрдәулет Ғабдулла (жетекшісі – Д.Маделбекова) мен сағыздық Қарақат Ерденқызы (жетекшісі – Ә.Мекебаева) ІІІ орынды иемденді. 
    Жеңімпаздар мен жүлдегерлер мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан дипломмен марапатталып, қаржылай сыйлық табыс етілді. Сонымен бірге оларға отбасы атынан да қаржылай демеушілік көрсетілді. Сөйтіп, өмірі өнермен өрілген өнерпаз Мағзуғаш Меңдіғаринаның есімі ел есінде қайта жаңғырды.

Осы орайда, бар саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған Мағзуғаш Тәжіғалиқызының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында жаңадан салынғалы жатқан мәдениет үйіне есімін берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT