Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ҚОЛӨНЕР

Бүгінде кенжелеп қалған қолөнерді жандандыру мақсатында ауданда түрлі шаралар өтікізіліп келеді. Соның бір айғағындай, «Арман» мәдениет үйінде «Қол өнер – 2022» облыстық фестиваль-байқауы өтті. Байқаудың негізгі мақсаты  -  ұлттық қолөнерді дамыту мен қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету,  олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау.

Жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтап, аймақта туризмді дамытуға ықпал етуге бағытталған шараға «Urpaq» қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Қолөнер академиясының төрағасы, «Ақ желкен» шығармашылық орталығының басшысы, кәсіпкер Нұрберген Дәулетов,  «Urpaq» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Қолөнер академиясының басшысы Аяжан Алпатанова, Халықаралық қолөнершілер одағының мүшесі, «Ұлт абыройы» төсбелгісінің иегері Салтанат Елеусінова, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, тері, былғары ағаш өнімдерінен қолөнер шебері Кеңес Айыпқалиев, аудан әкімі Қанат Әзмұханов және ауылдық округтен келген шеберлер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Шара барысында,  қолөнершілер келушілер назарына ағаштан, табиғи былғарыдан, киізден жасалған, тігін, сурет салу, мобилография, графикалық дизайн, тоқыма және кесте өнерлері бойынша дүниелерін ұсынды.

3642e21f-e0fb-4659-9c6b-61585d14d562

    Алдымен сөз алған аудан әкімі Қ.Әзмұханов:

   «Бүгінгі іс-шара ұйымдастырудағы мақсатымыз – ұлттық құндылығымызды дамытып, кәсіп иелерінің деңгейін көтеру, аймақта қолөнер өндірісін дамыту. Сонымен қатар, аудандағы үздік қолөнер шеберлерін анықтап, оларға қолдау көрсетуді көздеп отырмыз. Алға қарай осы қолдарыңыздан шыққан бұйымдарды бір жерге тоғыстырып, жәрмеңке ұйымдастыру қажет» деді.

     Одан соң, аудан басшысы келген қонақтармен бірге  әр қатысушының жасаған бұйымымен жеке-жеке танысып шықты.  Қолөнершілердің бұйымдары көрермендерді таң-тамаша етті.  Солардың арасында  Сағыз ауылынан келген Бақтығұл Жұмағалиеваның қолынан шыққан  әшекейлердің орны бөлек. Ол әшекейлерді әр түрлі тастармен арнайы жіптер арқылы тоқып жасайды. Идея мен дизайнды әртүрлі техникадағы жұмыстарға қарап өзі ойлап табады. Барлық өнімдері заманауи дизайндағы шығыс және ұлттық стильде әзірленген. Әрбір бұйым бірегей, қайталанбайды деп айтуға болады. Өйткені,  олар қолмен істелген.

Ал, Ойыл ауылдық округінен келген қолөнерші Айдана Ержанқызы өзі қатысып отырған алғашқы көрмеге әртүрлі тоқыма бұйымдарын әкеліпті. Үйде бала күтімінде отырған Айдана хоббиін кәсіпке айналдырсаң деп армандайды. Сол сияқты, Жамбыл ауылдық округінен келген Ләйла Нұрғалиева қыз жасауымен қоса түрлі қыздарға арналған қазақы нақыштағы ою-өрнекпен кескінделген киімдерін ұсынды. Ләйланың қолынан шыққан бұйымдарға туыстары мен таныстары тапсырыс береді.

      Осылайша, аудандағы қолөнершілердің көп екендігін көрсеткен байқаудың қорытындысы бойынша ағаш шебері Жеңісбек Қожағали, киіз өнімдерін дайындайтын қолөнерші Айша Айдарова, суретші Эльшат Қазиева, қамшы жасаушы Мұрат Лайықов, Арайлым Есенжолқызы, тігінші  Гүлзира Каримбаева және «Тоқыма және кесте» номинациялары бойынша Жанар Әбуова, Кәусар Жалғасбай, Фатима Аққалилар Гран при жеңіп алып, облыста өтетін байқауға жолдама алды. Барлық қатысушылар естелік-сыйлықтар,  Алғыс хаттармен марапатталды.

Кәмшат ӘБІШ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT