Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жүрек-қантамыр аурулары жиі көрініс беруде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасын арттыруды денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі ретінде атап келеді. Президент жыл сайынғы халыққа Жолдауларында бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, басымдық беріп отыр. Осы тапсырмаларды орындау аясында Исатай ауданында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып жатыр.

Ауданда халық денсаулығына қатысты өзекті мәселелер жыл өткен сайын айқын көрінуде. Аудандық ауруханадан алынған деректерге сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар арасында жиі кездесетін аурулар – жүрек-қантамыр, тыныс жолдары және көз аурулары. Ал балалар арасында тыныс жолдары аурулары, көз аурулары және қаназдық көш бастап тұр. Осыған қарамастан, ауданда скринингтік тексерулерге халықтың белсенділігі төмен, ал кейбір медициналық мамандықтарға қажеттілік әлі де сезіледі. Осыған орай Исатай аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Нұргүл Кабуловамен сұхбаттасып, аудандағы денсаулық саласының қазіргі жағдайы, скринингтің маңыздылығы жайлы әңгіме өрбіттік.

«Жүрек-қантамыр аурулары – ересектер арасында ең көп таралған ауру»

– Нұргүл Измайлқызы, ауданда халық арасында жиі кездесетін ауру түрлерін атап өтсеңіз. Қандай көрсеткіштерге сүйенесіз?

– Исатай аудандық ауруханасы-ның 2024 жылғы қорытынды деректеріне сәйкес, аудан тұрғындары арасында аурушаңдық деңгейі айтарлықтай жоғары. Ересектер арасында жалпы аурушаңдық көрсеткіші 53673,7, ал балаларда бұл көрсеткіш 28783,5-ті құрап отыр.

Балалар арасындағы жағдай да алаңдатарлық. Тыныс жолдарының аурулары ең жиі кездесетін ауру түрі болып отыр – 3484 бала (14569,5). Одан кейін көз аурулары – 871 бала (3642,3), ал қаназдық бойынша 599 бала тіркелген (2504,9). Бұл сандар аудандағы денсаулық саласының жағдайы күрделі екенін көрсетеді.

«Скрининг аурулардың алдын алудың  тиімді жолы, бірақ халық белсенді емес»

 – Ауданда скринингтен өту деңгейі төмен екені белгілі. Бұл неліктен деп ойлайсыз? Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз бе, әлде халықтың өз денсаулығына деген немқұрайлығынан ба?

– Скрининг халық денсаулығын жақсартуда өте маңызды рөл атқарады. Бұл тексерулер ауруларды ерте сатысында анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді. Ауданда бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Телімдік дәрігерлер мен медбикелер халықты тексеруге шақырып, оның маңыздылығын түсіндіреді. Әлеуметтік желілер мен жергілікті теледидар арқылы ақпарат беріледі. Алайда, өкінішке қарай халықтың белсенділігі төмен. Кейбір тұрғындар Маммокар рентген аппараты алыс ауылдарға арнайы барғанда да тексерілуден бас тартады. Анализ алу үшін акушерка үйіне барғанның өзінде тапсырмайтындар кездеседі. Мұндай немқұрайлы көзқарас аурудың асқынуына әкеліп соғады. Мысалы, онкологиялық аурулар кеш анықталып, 3-4 сатысында тіркелетін жағдайлар аз емес. Бұл мәселені шешу үшін халықтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын күшейту керек.

«Дәрігер тапшылығы – басты мәселелердің бірі»

 – Аудандағы медициналық кадрларға қатысты жағдай қандай? Қандай мамандар жетіспейді?

– Өткен жылы аудандық ауруханаға 7 жаңа дәрігер қабылданды. Оның ішінде анестезиолог-реаниматолог, статист және 5 жалпы тәжірибелік дәрігер бар, оның біреуі – пульмонолог. Бұрын Жанбай ауылында 4 жыл бойы дәрігер болмағандықтан, орта буын медициналық қызметкерлер халыққа қызмет көрсетіп келді. Қазір бұл мәселе шешілді, ауылда дәрігер жұмыс істеп жатыр. Дегенмен ауданға әлі де рентгенолог, невролог және 2 жалпы тәжірибелік дәрігер қажет. Біз 2025 жылы бір телімдік дәрігердің келуін күтіп отырмыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін жас дәрігерлерді ауылдық жерлерге тарту бағдарламаларын күшейту қажет деп есептеймін.

 

«Операцияның күрделі түрлері Атырауда жасалады, бірақ халық арзан ем іздеп Өзбекстанға барады»

 – Соңғы жылдары медицина саласында көптеген реформалар жасалды. Қазақстанның медицинасы қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Соңғы жылдары отандық медицинада айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Бұрын жүрекке ота жасау үшін Астанаға жіберетінбіз, қазір мұндай күрделі операциялар Атырау облысының өзінде жасалады. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, технологиялық жабдықтар да, мамандардың біліктілігі де жақсарды. Алайда, кейбір науқастар көрші Өзбекстанға барып емделуді таңдайды. Оның басты себебі – ем-домның арзан болуы. Бірақ ашығын айту керек, біздің елде жасалатын оталар мен емдеу шаралары сапа жағынан еш кем емес. Мысалы, стоматологияда имплантациядан бас-тап, басқа да күрделі операциялар Қазақстанда да жасалады. Тек баға айырмашылығы халықтың таңдауына әсер етіп отыр.

Ересектер арасында ең жиі кездесетін аурулар:

  1. Жүрек-қантамыр аурулары. Бір жыл ішінде 2800 науқас тіркелген, бұл аурушаңдық көрсеткіші – 11709,1. Оның ішінде алғашқы диагнозбен тіркелгендер саны – 396 (1656,1).
  2. Көз аурулары. Тіркелген науқас саны – 2182, аурушаңдық көрсеткіші – 9124,7.
  3. Тыныс жолдарының аурулары. Тыныс алу жүйесінің аурулары бойынша 2101 науқас тіркелген (8786,1), бұл көрсеткіш алғашқы диагноздар арасында көш бастап тұр: 1711 науқас, көрсеткіш – 7155,1.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы №174 бұйрығына сәйкес:

  • Жүрек-қантамыр аурулары, глаукома, қант диабетіне тексерулер – 2 жыл сайын 30-70 жас аралығындағы адамдар үшін;
  • Жатыр мойны ісігі – әр 4 жыл сайын;
  • Сүт безі, тоқ және тік ішек қатерлі ісіктері – 2 жыл сайын өтуі керек.

Тақырыпқа тұздық

 Жұпар Саламатова, ардагер дәрігер

Қазіргі таңда аурушаңдықтың көбеюі қоғамның денсаулығына деген алаңдаушылығын арттыруда. Қазақта «Ауру – астан» деген даналық сөз бар. Шынында да, адамның ағзасына түскен ауыртпалықтың бір бөлігі тұтынатын тағамына байланысты. Тез дайындалатын тағамдар мен газдалған сусындар, зиянды қоспалар қосылған өнімдер адам организміне кері әсерін тигізіп, түрлі аурулардың пайда болуына әкеліп соғуда. Сонымен қатар, экологияның нашарлауы да бұл мәселеде өз рөлін атқарып отыр. Жыл сайын ауа ластанып, оның салдары адамның жалпы денсаулығына әсерін тигізуде. Адамдар сәл салқынға шықса болды, сырқаттанып қалады. Бұған киімнің сапасына немқұрайлы қарау да әсер етуде. Синтетикалық материалдардан жасалған киімдер салқында суықты бойға өткізіп, тоңдырып жіберсе, ыстықта терлетіп, денсаулыққа зиян тигізеді. Сондықтан табиғи материалдан жасалған, денеге жайлы киім таңдауға ерекше көңіл бөлген дұрыс. Қазіргі заманның тағы бір мәселесі – қозғалыстың азаюы. Адамдардың өмір салты барынша пассивті сипат алып барады. Телефонға телміріп, компьютер алдында көп уақыт өткізу, тұрмыстық техникаларға сүйене отырып, физикалық белсенділікті азайту – бәрі денсаулыққа зиянын тигізеді. Бұрынғы балаларды дала ойындарынан үйге кіргізе алмайтын едік, қазір керісінше, оларды далаға шығара алмаймыз. Ал таза ауада ойнау, қимыл-қозғалыс – баланың денсаулығы мен иммунитетін қалыптастырудың маңызды бөлігі. Денсаулықты нығайтудың ең оңай әрі тиімді жолы – дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтын ұстану. Табиғи өнімдерді, оның ішінде қазақтың дәстүрлі ет тағамдарын, шұбат пен қымыз сияқты сүт өнімдерін тұтыну ағзаның қорғаныш қабілетін арттырады. Бұл өнімдер иммунитетті көтеріп, денсаулықты нығайтуда таптырмас дәрумен көзі болып табылады. Сонымен қатар, спортпен шұғылдану да аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Қимыл-қозғалыс ағзаның барлық жүйелерін белсендіріп, сырқатқа қарсы тұру қабілетін арттырады. «Спорт – денсаулық кепілі» деп бекер айтылмаған. Белсенді өмір салты, таза ауада серуендеу, дұрыс тамақтану – денсаулықтың негізі. Ең бастысы, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарап, профилактикаға көңіл бөлуіміз қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақтың сөзі – әрқайсымыздың өміріміздің қағидасына айналуы керек. Өйткені дені сау адам – мемлекеттің ең басты байлығы. Денсаулық – біздің болашағымыздың кепілі. Оны сақтау – өз қолымызда.

Түйін

 Ауданның денсаулық сақтау саласы белгілі бір жетістіктерге жеткенімен, әлі де шешілмеген мәселелер бар. Аурушаңдық деңгейін төмендету үшін профилактикалық жұмыстарды күшейту, халықты скринингке белсенді қатыстыру, сондай-ақ маман тапшылығын шешу қажет.

Нұргүл Кабулованың сөзімен айтқанда: – Денсаулық – ең қымбат байлық. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тексерулерден уақытылы өтіп, медициналық қызметтерді тиімді пайдаланса, көптеген аурудың алдын алуға болады. Біз әрдайым халық денсаулығын жақсартуға тырысамыз, бірақ бұл тек дәрігерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Аудан тұрғындары өз денсаулығына мән беріп, дәрігерлердің ұсыныстарын орындаса, жалпы медициналық көрсеткіштер жақсаратынына сенімдіміз.

 Жұлдыз Сембиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT