Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТЕГІН ДӘРІ ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

Елімізде жылдан-жылға медицина дамып келе жатқаны аян. Түрлі қиын деген оталарды өз елімізден жасап, құлан таза айығып кеткендердің саны аз емес. Дегенмен қоғам болғандықтан түрлі ой мен пікір қалыптасады.

Соның ішінде аудандық емханаларда дәрі-дәрмектің тапшы болуына байланысты мәселелер туындап жатады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында аудандық емханада «Sizge dari-darmek» жобасы аясында медицина қызметкерлерімен дөңгелек үстел өтті. Басқосуға «Заманауи» қоғамдық қорының төрағасы Асман Аманжолұлы қатысып, аудандық аурухана қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жиынның басты тақырыбы - түрлі созылмалы аурумен ауыратын науқастарға берілетін тегін дәрі-дәрмек. Онда алдымен сөз алған Жамбыл ауылдық округінің жалпы практикалық дәрігерлер меңгерушісі Шынар Шарафеденованың айтуынша, дәріхана тек аудан орталығында орналасқандықтан, науқастарды осы жаққа жібергеннен басқа амал жоқ.

Дегенмен талма ауруымен, басқа да кенеттен қозатын дертті тоқтату қиын. Заман дамыған сайын адамдардың да талаптары жоғарылауда. Ауылдық, аудандық емханада науқастарды қарағанымен, олар қаладағы жеке клиникаларға барғанды жөн көреді. Себебі ол жерде емделушіге тез әсері бар ем тағайындайды.

Бірақ, ол адам дерті бойынша тағайындалған есепте тұрғандықтан үкіметтен берілетін дәрі-дәрмекті алмай, жеке дәрігер жазған дәріні талап етеді. Ондай дәрілер мемлекеттік емханада берілмейді. Сондай кезде қиыншылықтар туындап жатады. Аудандық емхананың учаскелік дәрігері Айкөркем Аманбайқызының түсіндіруінше, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрілердің әсер төмен. Одан да ол дәрілердің орнын алмастыратын тез әсер ететін тегін дәрі берілгені абзал. Айталық, бірнеше жылдан бері дәрігерге қаралу үшін амбулаториялық карта алынып тасталды. Бұрынғыдай, науқастар қолына карта ұстамайды.

Заман талабына сай, «Damumed», «ИСЛО» мобильдік қосымшаға ауыстырылды. Яғни, ауруханаға қаралу үшін науқас осы қосымшаға ЖСН номерді тіркеп кезек алады. Қаралған науқастың ауру тарихы осы қосымшада сақталады. Алайда, бұл қосымшаның қолайсыздықтары бар. Бұл ретте Жамбыл ауылдық округі амбулаториясының мейіргері Медет Айтуаров:

- Бұрыннан қағазбасты едік. Қазір қосымшамен жұмыс жасап отырсақ та таусылмайтын қағаздар. Келген науқасты екі қосымшаға тіркеу, оған ем-шарасын жазып беру көп уақытымызды алады. Тек дәрігерде логин мен құпия сөз болғандықтан, басқамыздың жұмысымыз тоқтап қалады. Одан бөлек, мектеп жасындағы оқушыларды жыл сайын тіркейміз. Оған да ұзақ уақыт кетеді,-дейді.

Жиналыстың соңында, Асман Аманжолұлы барлық айтылған ұсыныс-пікір облыстық денсаулық сақтау басқармасына жеткізіліп, бір шешімін табатынын тілге тиек етті.

Ақнұр ДҮЙСЕНҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT