Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«ҚЫЗЫЛША – ҚАУІПТІ ИНФЕКЦИЯ»

Ел ішінде қызылша ауруы өршіп тұр. Ал, бұл індеттің ахуалы біздің ауданда қандай? Міне, осы сауалға жауап іздеген біз аудандық аурухананың директоры Айнұр Тілемісовамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Айнұр Төребекқызы, қызылша дегеніміз не және ол несімен қауіпті?

– Қызылша – бұл өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері – дене қызуының 38-40° С-қа дейін көтерілуімен, жалпы уланумен, шырышты көз, мұрын жұтқыншақ, жоғарғы тыныс алу жолдарындағы қабыну құбылыстарымен, кейіннен бөртпенің пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық сырқат. Жалпы әлсіздік пайда болып, бас ауырып, тәбет төмендейді, ұйқы бұзылады. Қызылша кезінде кейіннен бір-біріне бірігетін, қызғылт немесе қызыл дақ түрінде бөртпелер шығады. Онымен ауырып сауыққаннан кейін ұзақ уақыт бойы (2 айға дейін) иммунитеттің төмендеуі байқалатынын есте сақтау қажет. Сондықтан бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін. Оны шамадан тыс жүктемеден, мүмкіндігінше-науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет.

– Ауру қалай таралады?

– Инфекция көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы, сілекей тамшылары арқылы, түшкірген кезде, сөйлеген кезде таралады. Ауа ағымымен вирус айтарлықтай қашықтықққа таралуы ықтимал. Қызылшамен ауыратын науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алған кезде қызылша жұғуы ғажап емес. Егер адам қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы егілмеген болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін жұғу орын алады. Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн ішінде қауіпті болып табылады. Адамдардың табиғи сезімталдығы өте жоғары, ауырып сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі. Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы (пневмония), орта құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда энцефалит (мидың қабынуы) тәрізді өте күрделі жағдайлар жатады.

– Аурудың қалай алдын алу қажет?

– Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцина алу болып табылады. Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбелігіне сәйкес балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау 12 айлық кезінде және қайталап 6 жаста жүргізіледі. Сондай-ақ, қызылшамен ауырмаған, бұрын егілмеген немесе қызылшаға қарсы вакцинациясы туралы мәліметтері жоқ 18-35 жастағы ересектер егіледі (иммундау егулер арасындағы кемінде 3 ай аралықпен екі рет жүргізіледі). Қызылшаға қарсы егілгені немесе бұрын қызылшамен ауырғаны туралы мәліметтері нақты емес қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар вакцина алуы керек. Оған қарсы вакциналар 20 жылға дейін сақталатын сенімді иммунитетті қалыптастырады. Вакцинация эпидемиялық ахуал төмендеген кезде жүргізілген болса да қызылшаның дамуының алдын алады. Инфекцияға қарсы күрестің ең қолжетімді және тиімді әдісі вакцинация болып табылады.

Ауруды үй жағдайында емдеуге бола ма?

– Қызылшаның дамуын байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу керек. Асқынбай тұрғандағы оның белгілерін емдеу үшін төсекте жату режимі, суды көп ішу, қызуын түсіретін, тұмау және тамақ ауруын, қақырықты түсіретін препараттар мен витаминдерді қабылдаудың маңызы зор. Ал, қызылшаның асқынған түрін емдеу стационар жағдайында жүргізіледі. Сондықтан, әр азамат өз денсаулықтарына мұқият қарағаны абзал.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан,

Кәмшат ӘБІШ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT