Коронавирус дерті ең алдымен медицина саласына соққы болып тигені анық. Тек Қазақстанның емес тұтас әлемнің медицинасы аты жаман аурудың алдында абдырап қалды.
Соның салдарынан көптеген ақ халаттылар ауру жұқтырып, алды өмірімен қош айтысып жатты. Одан бөлек, бір қалада аурухана дайын болмай шықса, енді бір аймақта маман тапшылығы сезілді. Десе де, көзге көрінбейтін «жаумен» шайқаста дәрігерлер ерен ерлік көрсетіп жатқанын мойындауымыз керек.
Алайда, бұл дерт еліміздің медицина саласына түбегейлі бетбұрыс керек екендігін анық көрсетті. Әсіресе, биотехнолог, вирусолог, эпидемиолог сынды мамандардың тапшылығы айқын сезілді. Сондай-ақ, әлемде қалыптасқан күрделі жағдай аурудың таралу аймағы, жұғу жылдамдығы, күшейетін уақыты, карантиндік режимді ұзарту, қысқарту сияқты маңызды жұмыстармен айналысатын аналитик-сарапшы мамандардың ауадай қажет екендігін айқындап берді.
Демек, алдағы жылдары еліміздегі медициналық білім беретін оқу орындары осы сияқты маңызды мамандықтарға көптеп грант бөліп, талапкерлерді тарту жайын ойластырғаны дұрыс деп есептейміз. Сонымен қатар, вирус кезінде халықты эвакуциялап, карантинге жатқызып, оларға тез арада кеңес пен көмек беретін жедел медициналық жасақ қалыптастыру мәселесі де қолға алынуы ғажап емес. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрғындардың наразылығын тудырған жағдайдың бірі – дәріханалардың бағаны аспандатып жіберуі.
Миялы ауылының тұрғыны Нәсіп Бердімұратова:
– Бұрын бағасы 20 теңге тұратын қарапайым медициналық бетперде төтенше жағдай кезінде 200 теңгеден сатылса, қолға шашатын антисептик 500 теңгеден бір-ақ шықты. Ал, кейбір дәріханаларда қарапайым парацетомол, аццетеллин қышқылы сияқты ең керекті дәрілер тапшы болып қалды. Наурыз, сәуір айларында тіпті дәріхана кезіп кеттік. Меніңше ең қиын сәтте қажетті дәрілердің тапшы болуы және бағалардың шарықтап кетуі мемлекет үшін үлкен қауіп. Сол себептен карантиндік режим аяқталғаннан кейін елімізде дәріханалардың мәселесін қайта қарау керек, – дейді.
Осы және басқа да оқиғалардан соң қоғам белсенділері әлеуметтік желілер арқылы «Дәріханаларды жекеменшік сектордан алып, мемлекеттік-медициналық мекемелерге беру керек» деген ұсыныс айта бастады. Демек, алдағы уақытта үкімет тарапынан шұғыл жұмыстар қолға алынып, дәріхана жұмысын бір жүйеге түсіру жолын ойластырған жөн.
Сонымен қатар, қазір көп жерлерде «Әрбір азамат медицинаның алғышарттарын білуі қажет» деген пікірлер де айтылып жүр. Яғни, алдағы уақытта тұтастай ел халқына «Қауіпті вирус тарағанда не істеу керек, қалай оқшаулану қажет, қандай дәрі қай аурудың емі?» деген сұрақтарға еркін жауап беретіндей дәрежеде түрлі семинарлар өткізу артық болмайтындығын анық көрсетті.
Әрине, медицина саласы бойынша бұл айтылғандар әзірге ұсыныс қана. Жүзеге асуы да, аспауы да мүмкін. Дегенмен, осы төтенше жағдай біткеннен кейін ел медицинасы жаңаша бетбұрыс жасап, оң өзгерістерге қарай қадам басуы қажет. Бұл жай ғана қажеттілік емес жаңа заманның талабы.
Сурет: ашық дереккөзден