Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы екі айға жуықтады. Осы уақыт аралығында ел аумағында ауқымды жұмыстар қолға алынып, ұлт саулығы жолында ақ халатты абзал жандар еселі еңбек етіп келеді. Сондықтан қауіпті дертпен күресте алдыңғы шепте жүрген аудан дәрігерлерінің бүгінгі тынысымен танысу мақсатында аудандық аурухананың директоры Самат Тайшыбаймен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Самат Сәрсенұлы, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай 11 мамырға дейін созылатындығын мәлімдеді. Осыған орай, аудандық аурухана да қандай жұмыстар жасалуда? Алдағы уақытқа нендей жоспар құрып отырсыздар?
– Елімізде төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап аудандық аурухана да күшейтілген режимде жұмысқа көшті. Наурыз айының ортасынан бері аурухананың 10 керуеттік жұқпалы аурулар бөлімі барлық керекті құралдармен бірге дайын тұрды. Сондай-ақ, үш мың дана медициналық бетперде мен дәрі-дәрмек қорымыз да жеткілікті болды. Ал, төтенше жағдай кезінде дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер аудан халқының саулығы жолында жұмыла жұмыс жасады. Мәселен, аудандық ауруханаға келушілердің қолына антисептик шашылып, қызулары өлшеніп тұрды. Ал, наурыз айының аяғында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен онлайн брифинг өтіп, сол жерде тұрғындарға аурудың алдын алу, төтенше жағдай режимін сақтау жайлы толық ақпарат берілді. Одан бөлек, ауруханаға қарасты барлық бөлімшелер көп реттік және бір реттік қорғаныс костюмдері, жоғары қорғаныс костюмдері, бір реттік маскалар, стерильді және стерильденбеген қолғаптар, залалсыздандыру дәрілермен қамтылды. Бұл төтенше жағдай кезінде жасалған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бұдан басқа күнделікті жасалып жатқан жұмыстар қаншама?! Ендігі басты міндетіміз – 11 мамырда ауданда шектеу шаралары алынғаннан кейінгі аудан халқының саулығын сақтау болып отыр. Себебі, үйде екі айға жуық отырған көпшілік төтенше жағдай ашылған соң жаппай далаға шығады, ағайын-туысын аралап қыдырады. Кәсіпкерлік нысандар мен мекемелер жұмысқа кіріседі. Алыс қалаларға барып-келетіндер көбейеді. Яғни, адамдар бір-бірімен араласады. Аурудың әлі де болса толық кете қоймағанын ескерсек бұл қауіпті. Сол себептен тұрғындар төтенше жағдай ашылды екен деп арқаны кеңге салмағаны абзал. Жеңіл-желпі ауру болса да үй жағдайында емделе салмай дәрігерге көрінуге кеңес береміз. Өйткені мән бермеген ауру ертеңгі күні жаман дертке ұласып, өзіңізбен қоймай отбасыңызға да жұғуы мүмкін.
– Ауданда ауру жұқтырып, жазылып шыққан науқастың қазіргі жағдайы қалай, науқаспен байланысқа түскен аудан дәрігерлері қазіргі сәтте жұмысына оралды ма?
–Дерт біздің ауданда сәуір айының басында тіркелді. Ол миялылық 28 жастағы келіншек болатын. Науқастан ауру белгілері табылғаннан кейін ол Атырау қаласында ауруханаға жатқызылды. Бір қуаныштысы – жерлесіміз көп ұзамай жазылып шықты. Қазіргі таңда ол Атырау қаласында. Жағдайы жақсы. Жерлесіміз №5 қалалық емхананың бақылауында. Әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Ал, науқаспен байланысқан аудан дәрігерлері карантинге жатып шықты. Дәл қазір жағдайлары жақсы, жұмыстарына кірісті. Бұл ауданда ауру тіркелген жалғыз жағдай. Содан кейін қауіпті дерт жұқтырған аудан тұрғындары анықталған жоқ.
– Ауданда аталмыш дерт анықталғаннан кейін Мұқыр мен Миялы ауылдарында бірнеше үй карантинге жабылғаны белгілі. Осы орайда, карантиндегі үй тұрғындардың тест нәтижесі қалай шықты?
– Бұл ретте, науқаспен байланыста болған Мұқыр және Миялы ауылдарынан бес үй карантинге жабылды. Барлығы 23 адам. Олардың ішінде тоғыз бала бар. Карантинге жатқызылған үй тұрғындары полицейлер мен біздің қызмектерлердің бақылауында болды. Тәртіп сақшылары тұрғындардың үйден шығып, карантин режимін бұзбауын қадағаласа, медицина қызметкерлері денсаулықтарын қарап отырды. Тұрғындар үй карантиніне жатқызылғаннан кейін барлығынан ауыз, мұрын қуысынан жұғынды алынып, қаралды. Тест қорытындысы теріс нәтиже көрсетті. Яғни, карантинге жабылған үй тұрғындарының ешқайсысынан қауіпті дерт анықталған жоқ.
– Еліміздегі төтенше жағдай көптеген кәсіпорындардың жұмысына зиянын тигізгені белгілі. Соған сай, Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орнындағы компаниялар жұмысшыларын уақытша демалысқа жіберуде. Ауданға келген жұмысшылардың жағдайы қалай, бақылауға алынды ма?
– Аудан тұрғындарының басым бөлігі жұмыс жасайтын «Теңіз» кен орны 10 сәуірден бастап жұмысшыларды ауылдарына қайтара бастады. Алдымен олар ауылдарына жіберілместен бұрын кәсіпорын жатақханасында карантинге жатқызылды. Содан кейін барып арнайы қызметтік көліктермен жан-жаққа таратылды. Күні бүгінде біздің ауданға аталмыш кен орнынан барлығы 192 жұмысшы келді. Олардың барлығы келген бойда тексеріліп, 14 күнге өз үйлерінде карантинге жатқызылды. Әрн жұмысшымен біздің дәрігерлер күніне екі рет телефон арқылы байланысып, хал-жағдайларын сұрап отыр. Әзірге қауіптенетін ештеңе жоқ. Сырттан келгендерді тексеретін экспресс-тест аппаратына сұраныс берілді.
– Дәрігерлердің бәрі қауіпті дертпен күресіп жатқанда орталық ауруханаға келуші басқа науқастар елеусіз қалып жатқан жоқ па, күндізгі және жалпы бөлім қалай жұмыс жасауда?
– «Төтенше жағдай жарияланды екен» деп біз негізгі жұмысымызды ұмытқан жоқпыз. Қазіргі таңда барлық науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетілуде. Ал басқа науқастарға емхана бойынша онлайн түрде кеңес берілуде. Сондай-ақ, учаскелік дәрігерлер қажеттілікке байланысты тұрғындардың үйіне барып қызмет көрсетеді. Себебі, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу мен күндізгі бөлімдегі жұмыс төтенше жағдайға байланысты тоқтап тұр. Алайда, біз ешбір науқасты елеусіз қалдырмаймыз. Барлығы бақылауда болады. Әрине, қазіргі сәтте бәріміз қауіпті дерттің алдын алу жолында күресудеміз. Сол мақсатта Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназиясынан ашылған карантинді стационар мен Миялы және Сағыз ауылдарындағы санитарлық өткізу пункттеріне 15 қызметкер жұмысқа тартылды. Сондай-ақ, мемлекет басшысының дәрігерлерді ынталандыру керектігі туралы бастамасына сай арнайы қаржы бөлініп, ол қаржы сәуір айынан бастап берілуде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан, Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН