Кәсіби ауру дегеніміз жұмыс орнындағы зиянды факторлардың аз мөлшерде бірақ ұзақ уақыт бойы әсер етуінен еңбеккердің денсаулығының нашарлап, жұмыс қабілетінің төмендеуіне әкелетін аурулар.
Бұл жұмыс орындарындағы санитариялық-гигиеналық ережелердің дұрыс орындалмауынан, шу, діріл, радиация, жұқпалы аурулардан сақтанбауынан, тағы басқа әсерінен пайда болады. Шаң-тозаңы көп жерде жұмыс істеген адамның өкпесі пневмокониозға (өкпені шаң басу), ал радиоактивті препараттармен жұмыс істейтіндер сәуле ауруына шалдығады. Қатты дірілдейтін аспаптармен ұзақ уақыт жұмыс істеу тамыр неврозына (ангионеврозға) ұшыратады. Мал шарушылығындағы адамдар ауру мал арқылы түйнеме, маңқа, сарып, туляремия ауруын жұқтырып алуы мүмкін. Кәсіптік зиянды әсерлер тек кәсіби ауруларды ғана емес, басқа аурулардың да пайда болуына әкеліп соқтырады. Жұмыс түріне қарай жұмыс күні мерзімін қысқарту, жыл сайын қосымша демалыс беру, жұмыс кезінде үзіліс жасау (15 – 20 минут), санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтағанда, техникалық шараларды іске асыру – кәсіби аурулардың санын азайтып, кей жағдайда мүлдем жоюға мүмкіндік береді.
Жылма жыл міндетті медициналық қарап-тексеруге жататын адамдардың нысаналы топтары бар. Оларға: тамақ өнеркәсібі және азық-түлік саудамен айналысатын адамдар, қоғамдық тамақтану объектілерінің, жолаушыларға қызмет көрсету, білім беру, мектепке дейінгі ұйым, маусымдық сауықтыру, меншік нысанына қарамастан медицина ұйымдарының қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету (монша, қонақ үй, шаштараз, косметологиялық салондар, химиялық тазалау, бассейндер, балшықпен емдеу орындары, спорттық-сауықтыру ұйымдары) жұмыскерлері, дәрілік заттарды дайындаумен, сатумен айналысатын дәріхана қызметкерлері, су дайындау, су құбыры желілеріне қызмет көрсететін кәріз бен сумен жабдықтау объектілерінің қызметкерлері, жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының оқушылары (студенттері) практикадан өту алдында, оқуға түсетін адамдар жатады. Оның маңыздылығы аурудың алдын алу, ерте анықтау болып табылады. Сонымен қатар кәсіби аурулардың алдын алып, анықтауда маңыздылығы зор.
Кәсіби ауруларды азайту үшін радиоактивті препараттармен, рентген кабинеттерінде, ыстық пештерде, тағы басқа жұмыс жасайтын адамдарды жұмысқа аларда және әрбір 6 – 12 ай сайын жоғарыда көрсетілген бұйрыққа сай денсаулығын медициналық тексеруден өткізіп тұру қажет. Кәсіби ауруларға шалдыққандар әлеуметтік қамсыздандыру тарапынан жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі. Ауыл шаруашылығы саласында, өндіріс орындарында, емдеу мекемелерінде рентген аппараттарымен жұмыс жасайтын жұмысшылар арасында жоғарыда аталған аурулар тіркелген жағдайда, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы органға шұғыл хабарлама беріліп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 29.10.2020 жылы № ҚР ДСМ-169/2020 бұйрығымен бекітілген «Инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністерді тіркеу және тергеп-тексеру, есепке алу мен есептілігін жүргізу» қағидаларына сәйкес кәсіби ауруға күдікті тіркелген жұмыс орнына санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Кәсіби ауруға күдікті ретінде тіркелген науқастың жұмыс орнында ауру тудыратындай шу, діріл, шаң - тозаң, радиоактивті заттар рұқсат етілген шекті нормасынан жоғары болса, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда инфекциялық аурулар мал арасында тіркеліп, қоздырғышы табылған жағдайда кәсіпорынның зиянды әсерінен болған кесел деп қорытынды жасалады.
Алтынгүл АЙМҰРАТОВА,
ауданық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы
фото ҚазТАГ-дан алынды