Атырауда Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті, Атырау облысы бойынша арнайы мониторингтік топ, «Атырау — Адалдық алаңы» жобасымен бірлесе жүргізілген мониторинг барысында көптеген кемшіліктер анықталды.
Осыған байланысты «ANTIKOR ORTALYGY» сервистік кеңсесінде баспасөз мәслихаты өтті. Брифинге қатысушыларға «Адалдық алаңы» жетекшісі А.Адиева матрассыз жатқан науқастар, нәрестелердің салмағын суық терезеде өлшейтін таразы, дәлізде науқастар күтетін орынның жетіспеушілігі және т.с.с. олқылықтарды куәландыратын фотосуреттемен презентацияларды ұсынды. Арнайы мониторингтік топ мүшесі С.Рахимованың айтуынша 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ана мен бала өлімі өскен. Дәл осы жылы қызылша ауруы етек жайды, инфекциялық ауруханада орын жетіспеген. Тағы ескеретіні, «Денсаулық» бағдарламасының маңызды индикаторлары (ана мен бала өлімін төмендету, жатыр мойны обырымен ауыратындардың тиісті емін жүргізу т.б.) орындалмаған.
«Республика бойынша Атырау облысы келесі көрсеткіштерден ең нашар нәтиже берген: -учаскелік қызметке жүктеме мен дәрігерлермен (ВОП, терапевт, педиатр) қамтылуы, -жоспарлы стационарлық емделудің мерзімдерінің сақталуы, -емдеу барысында тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету, -алғаш анықталған омырау қатерлі ісігінде таргетті терапияны және иммуногистохимиялық зерттеуді қолданудан» — деді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Рахимова.
Былтырғы жылғы мониторинг барысында Атырау облыстық балалар ауруханасында «атропин», «адреналин» және т.б. маңызды дәрілерден тапшылық болса, интубациялық трубка аппараты мүлдем ауруханаға жеткізілмегені анықталған. Яғни, жалпы наркозбен жасалатын ота кезінде баланың аузынан өкпесіне оттегі енгізетін интубациялық түтік жедел жасалатын ота кезінде реаниматолог, анестезиолог дәрігерлердің сұратуымен табылғанының өзінде, манжетсіз түтік екен. Бұл түтіктің бағасы шамамен 250-450 теңге. Сондықтан облыстық балалар ауруханасында аденоид, камбустиологиялық операциялар, лор ауруларына, бүйрекке т.б. жоспарлы жасалатын операциялар кейінге қалып келген. Былтырғы жылы денсаулық сақтау басқармасына, сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіне депутаттық сауалдар жолданғанымен, мәселелердің көбі шешімін таппай отыр. Атыраудағы медицина саласының негізі проблемалардың бірі — кадр тапшылығы. «Өңірде 197 маман жетіспейді. Хирургия бөліміне 3-хирург, 3 – анестезиолог қажет» — depti Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гульнафис Танбаева.
Алайда, Гульнафис Танбаева келтірген деректер ескірген. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша облыстық балалар ауруханасында түнде, мереке, демалыс күндері, 42 науқас жатқан стационарлық бөлімге, қабылдау бөліміне және операциялық блокқа бір ғана хирург дәрігері кезекші болады екен. Сонда бір науқасқа ота жасау барысында, екіншісінің сырқаты сыр берсе, оған уақытылы тиісті көмек көрсетілмейді деген сөз. Шын мәнісінде, хирургия бөліміне 8-9 хирург жетіспейді. Осы жетіспеушілікке қарамастан, облыстық балалар ауруханасынан күні кеше біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол екі хируг жұмысынан кеткен.
Дереккөз: depti.kz