Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЙЫНБЫЗ?

Иә, қыркүйек айы келіп, күз түскенде оқушылар асқақ арман, үкілі үмітпен білім алу мақсатында алтын ұяға беттейді.

Бұл күнде жаңа оқу жылына жаппай қам жасап, балаларының керек-жарақтарын түгендейтін ата-аналар биылғы оқу жылында интернет желісінің нашарлығына алаңдап отырғаны шындық. Расында да әлемдік білім бәсекесіндегі қабілеттілік бүгінгі бүлдіршіндерден бастау алады. Ал балғындар дер кезінде лайықты білім алып, бағытын айқындап алса, бағындырар биік те алыс емес. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың да, мұғалімдердің де жауапкершілігі күшейе түсетіні анық.

Бұл жергілікті биліктің де назарынан тыс қалмайтын мәселе. Биылғы эпидемиялық жағдай ана-аналарды да, мектеп басшыларын да, мұғалімдерді де әуре-сарсаңға салғаны анық. Сондықтан да білім ошақтары оқушылардың қауіпсіздігі үшін барынша алаңдап, жұмыстануда. Ал, қашықтан оқу мәселесі бір жағынан тиімді болғанымен, өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Дегенмен, тиімді жағына келер болсақ, балалар кез-келген жағдайда білім алуға жұмыстанады. Қазіргі таңдағы жұқпалы індеттен сақтанады, карантин режимін сақтайды және де жауапкершілікті сезінеді. Осы тұрғыда, «Мектеп басшылары жаңа оқу жылына қаншалықты дайын?» деген сауал қылаң беретіні сөзсіз. Соған сай, Сағыз ауылындағы білім ордаларының басшыларымен тілдескенді жөн санадық.

Бекбол Омаров,

Кенбай орта мектебінің директоры:

-Қазіргі таңда аудандық білім бөліміне 15 роутер аппаратына, 50 ноутбукке сұраныс берілді. Бүгінде қамқоршысынан айрылған екі оқушыға, мүмкіндігі шектеулі алты оқушыға көмек көрсетілді. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне келсек, көрсеткіш айтарлықтай жаман емес.

Алайда онлайн режимімен оқу кедергісін келтірген жоқ деп айта алмаймын. ҰБТ тапсырмасында жоғары балл жинаған түлектеріміз А.Оразғали, Р.Қайырбек грантқа түскені белгілі болды. Мектебімізде 86 мұғалім еңбек етеді, соның ішінде 81-і «Қашықтықтан оқуды үйренеміз!» атты онлайн курстан өтті. Барлық мұғалімдерде интернет желісі, ноутбук жеткілікті. Оқу жылына сақадай сай. Егер де техникалық ақау немесе қандайда бір жағдай болған болса, мектеп тарапынан көмек көрсетуге әзірміз.

Еркін Сұлтанов,

№9 орта мектебінің директоры:

-Иә, былтырғы оқу жылының төртінші тоқсанында әрине, қашықтықтан оқыту қиындық келтіргені рас. Елді мекендердегі оқушыларда және әлі де интернет желілері қосылмаған отбасыларда аздаған кедергілер кездесті. Алайда, мұғалімдер сабаққа қатыса алмаған оқушылардың үйлеріне барып, ата-аналармен үнемі тығыз байланыста болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жас талапкерлеріміз өте жақсы нәтиже көрсетті. Ата-аналардың, мұғалімдердің артқан сенімдері ақталды деп толықтай айта аламын. Былтырғы сапаға қарағанда биылғы сапа жоғары көрсеткіш көрсетті.

Атап айтар болсам, түлектеріміз: Ә.Сәбитова, М.Тоқберген, Ж.Сәнжан, Г.Атшыбайлар жоғарғы оқу орындарына грантқа түсіп, мектеп мерейінің үстем болуына өз үлестерін қосқандарына қуаныштымыз. Биылғы жаңа оқу жылында бастауыш сынып оқушылары кезекшілік режимде оқитын болып, бұл жүйе бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Тұрмыстық жағдайы төмен отбасының балалары үшін "Мектепке жол" акциясының өзгерістер енуіне байланысты "Менің атамекенім" атты портал ашылғанын ата-аналар қаперіне беремін.

Мейрамгүл Аяғанова,

Сағыз орта мектебінің директоры міндетін уақытша атқарушы:

- "Ұстаз болу өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау" деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, жаңа оқу жылына дайындықты ерте бастап кеттік. Жалпы қазіргі таңдағы үшінші ауылдағы басты назар аударатын мәселе сол интернет желісі болып отыр. Бірақ соған қарамастан оқушыларымыз өткен оқу жылының төртінші тоқсанын ойдағыдай аяқтады. Оқушылар бар мүмкіндігінше мобилді телефондар арқылы болса да сабаққа қатысты. Биылғы оқу жылында оқушылардың әлеуметтік отбасылық жағдайлары қарастырылып, мектебімізден компьютерлер берілуде. Аудандық білім бөлімінен де кейбір мұқтаж отбасыларымыз үшін көмек сұрап отырмыз.

Мұғалімдеріміздің барлығы қашықтықтан оқыту жөнінде арнайы курстардан өтті. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі былтырғы жылғы сападан 2-3 пайызға сәл төмендеді. Оған онлайн режимде білім алуда кері әсерін тигізді. Соған қарамастан жоғарғы оқу орнына түсіп, грантқа ие болған түлектерімізді мақтанышпен айта аламын. Олар: К.Аралбай, Р.Сағызбай, Б.Жұмажан, Ө.Әділбайұлы, Н.Жұма, А.Бесжандар - болашақ студенттер. Жас ұрпақты тәрбиелеуде мұғалім еңбегінің жанғаны- шәкіртінің білімділігінде деп білемін.

Шалқар Қасымов,

Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің директоры:

-Біздің колледж аудан бойынша кәсіптік білім беретін бірден-бір оқу орны. Колледжде "Ауыл шаруашылығында техникалық қызмет көрсету және жөндеу," "Дәнекерлеу ісі," "Тігін өндірісі және киімді үлгілеу," "Фермер шаруашылығы," Электр стансаларының және желілерінің жабдықтары, "Тамақтандыруды ұйымдастыру" мамандықтары бойынша студенттерге дәріс беріледі. Карантин кезінде өз үйінен қатынайтын студенттерімізге қарағанда, елді мекендерден қатынайтын студенттеріміздің сабаққа қатысуы қиындық келтірді. Алайда оқу жылының аяғына дейін бар мүмкіндіктерінше оқып шықты. Студенттер биыл онлайн режимде оқытылады.

Қазіргі таңда колледжде 70 студент білім алады деп отырмыз. Тамыз айының соңына дейін әлі де талапкерлерді қабылдау жалғасады. Бірінші жарты жылдықта қабылданған барлық студенттерге 21 787 теңге, үздік студенттерімізге 25 000 теңге және де жартылай жетім, толықтай қамтылмаған отбасынан шыққан студенттерге 21 787теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Білім ордамызда қазір 32 маман бар. Мамандарымыз арнайы курстан өтуде. Әзірге 10 маман толықтай курстан өтті. Осы жаздан бастап біздің колледждің екі оқу ғимаратына салынғанына 40 жыл мерзім өткеннен кейін толықтай күрделі жөндеу жүргізілуде.

Айта кететін болсам, арнайы тендерлік конкурсты жеңіп алған атыраулық "ДАМУ" мердігерлік құрылыс компаниясымен келісімшарт жасақталып, жұмыс қарқынды жүргізілуде. Алла қаласа, жөндеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы білім ошақтарының биылғы оқу жылына дайындығы осындай қарбалас үстінде. Мемлекет басшысы үнемі білім бәсекесіндегі қабілеттілік туралы айтып келеді. Білімді ұрпақтың ғана бақыты мол, ырысы шалқар болмақ. Ал заман талабына сай мектептен білім алып шыққан өрен ертең-ақ елге тұтқа болатын азаматқа айналатыны хақ.

Әңгіме барысында №9 орта мектеп басшысы Еркін Сұлтанов 80 жылдық тарихы бар ескі оқу ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат сұрап, аудандық қаржы бөліміне ұсыныс түсіргенін, карантин біткен соң қайта қолға алатындығын тілге тиек етті. Айтса айтқандай, кезінде небір ғұлама, ақын-жазушылар, ел экономикасын дамыту жолында ерен еңбек сіңірген теміржолшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері білім алған бұл ғимарат көненің көзіндей боп көк сырмен боялған күйі әлі тұр. Кеңес үкіметі кезіндегі жақтаулары ағаштан жасалған ескі терезелердің арасына топырақ кіріп, жиналып қалатыны "мен мұндалайды". Көзбен көргенді көңілге түйіп, дүниені дүрбелеңге салған мына бір тәжтажалдан құтылып, аталмыш ғимаратта бастауыш сыныптың білімін алатын бүлдіршіндер жөндеуден өткен жап-жаңа ғимаратта білім нәрімен сусындаса қандай жарасымды?!

Тәуелсіз еліміздің білімді де мәдениетті жастарын тәрбиелеу, өскелең ұрпаққа айқын жол сілтеу-мұғалімдердің ең ізгі міндеті әрі парызы. Ендеше, осы жолды таңдаған жандардың кездескен қиындықтарды жеңе біліп, оқушыларға жан-жақты білім беріп, үлкен жетістіктерге жете беруін тілейміз!

Сайран БОРАНҚЫЗЫ

Дәнекер МҰСТАФА

Сағыз ауылы

Сурет: ашық дереккөзден 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT