Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Білім сапасы: қайтсе, қалай көтеріледі?

Ертеңгі бәсекеге қабілетті тұлға – бүгінгі партада отырған оқушылар. Олар – еліміздің ертеңі, дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде үкілі үмітімізді ақтайтын ұрпақ.

 

Сол ұрпаққа сапалы білім беру – әрбір ұстаздың парызы. Ал, білім беру жүйесі – қай кезеңде болмасын қызығы мен қиындығы мол күрделі сала. Оқушыларға жүйелі білім беріп, білікті азамат етіп шығару ұстаздар тарапынан үлкен ізденіс пен қажырлылықты талап етеді. Шәкірттерге сапалы білім беру үшін аудан мектептерінде барлық жағдай жасалған. Аудандық әдістемелік орталық арқылы мұғалімдердің шығармашылық ізденістерін дамыту, кәсіби біліктіліктерін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу бағытында кәсіби байқаулар, конференциялар, педагогикалық оқулар және дарынды оқушылармен жұмыстар ұйымдастыру, оларды анықтау, танымдық деңгейлерін көтеру, шығармашылық жұмыстарға баулу бағытында танымдық шаралар өткізіліп, мектеп бітірушілерді ұлттық бірыңғай тестіге дайындықты жетілдіру мақсатында әдістемелік көмектер ұйымдастырылуда. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында ауданда білім сапасы жылдан жылға көтеріле түсуде. Нақтырақ айтқанда, 2015-2016 оқу жылында аудан бойынша білім сапасы 48,1 пайызды құраса, өткен оқу жылының қорытындысымен білім сапасы 49,2 пайызға көтерілді. Ал, биылғы оқу жылында білім сапасы 53,2 пайыз болып отыр.

ҰБТ-ның қорытындысы неге төмен?

Алайда, ауданда жалпы білім сапасы көтерілгенімен ұлттық бірыңғай тест қорытындысымен жалпы орта балл жыл сайын төмендеуде. Мәселен, 2016 жылы орта балл 69,4 болса, өткен жылы 67,9 балл, ал, биылғы жылғы сынақ қорытындысымен 64,3 балға төмендеп кеткен. Аудандық білім бөлімінің басшысы Аманкелді Бағдаровтың айтуынша, жыл ішінде мектепішілік байқау сынағы апта сайын ұйымдастырылса, білім бөлімінің ұйымдастыруымен тест орталығында сегіз рет ақылы байқау сынағы өткізілді. Сондай-ақ, оқушылар «Ақжол» және басқа да білім беру орталықтарында ақылы негізде дайындалды.

– Мектеп бітірушілердің шығармашылық бағыттағы мамандықтарды таңдап, тек қана екі пән бойынша тапсыруы сынақ қорытындысында орта балдың төмендеуіне әсерін тигізіп отыр. Мәселен, өткен жылы шығармашылық бағытты 31 оқушы таңдаса, биылғы жылы 52 мектеп бітіруші шығар-машылық бағытты қалаған. Сонымен қатар, түлектер сынаққа дайындық кезінде өткен жылдың тесті кітапшаларымен дайындалды. Өйткені, 2018 жылдың кітапшалары мамыр айында таратылды. Ал, сынақ тапсырғанда мүлдем кездеспеген тапсырмалар келген. Жалпы орта балды көтеру үшін жеке қадағалауды күшейту қажет. Яғни, оқушылар тек мектепте ғана емес ата-аналарының бақылауымен үйден де дайындалуы тиіс. Интернет арқылы онлайн тест тапсырмаларымен дайындалуға да көңіл бөлінгені абзал. Пән мұғалімдерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында жеке пәндер бойынша сараптама жасалып отыруы да өз жемісін берері сөзсіз. Сынаққа дайындық кезінде мұғалім жан-жақты жаңашыл, қызықтыра алар қабілетті әрі білікті болуы керек. Бұл орайда мұғалімдердің сапалық құрамына келетін болсақ, жоғары және І санатты мұғалімдер 2016 жылы барлық мұғалімдердің 54,1 пайызын құраса, өткен жылы 55,4 пайыз, биылғы жылы бұл көрсеткіш 58,5 пайызға өсіп отыр, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Аманкелді Бағдаров.

Бағалар сертификатқа емес, аттестатқа қойылады

Балаларды оқыту және тәрбиелеу сапасын арттыруда мұғалімдердің педагогикалық шеберлігінің, кәсіби құзыреттілігінің өсуі ерекше рөл атқаратыны даусыз. Біліктілікті арттыру курстарында жүйелі түрде оқытылуы, семинарларға, педагогикалық оқуларға қатысуы педагогтардың кәсіби шеберлігін ай-тарлықтай көтеруге жағдай жасайды. Нәтижесінде, оқушыларды оқыту сапасына әсерін тигізеді. Аудандық әдістемелік орталықтың мәліметіне сүйенсек, орталық тарапынан ұлттық бірыңғай тестіге дайындық барысында барлық орта мектептерде түсінік жұмыстары жүргізіліп, семинарлар ұйымдастырылды. Мектеп директорлары облыста өткен семинарларға қатысты. Өткен жылы 312 мұғалім біліктілігін көтеру курстарында білім алды.

Біздің пайымдауымызша, қазіргі ұлттық бірыңғай тест тек қана жоғары оқу орнына тапсыруға берілетін сертификат үшін өтуде. Бағалар сертификатқа емес аттестатқа қойылатындықтан оқушылар да сынаққа немқұрайлы дайындалатындай. Сынақ барысында әлі күнге дейін сырттан көмек күтеді. Биылғы жылғы сынақта бірқатар «Алтын белгі» иегерлерінің 100-ден төмен балл жинауы осыны айғақтағандай. Бүгінгі күні мектеп директорларынан, пән мұғалімдерінен бұрынғыдай жауапкершілік сұралмайды. Бұл да өз кезегінде кері әсерін берері сөзсіз. Жалпы алғанда, ұлттық бірыңғай тест болсын, сапа көрсеткіші болсын мектеп түлектерінің шын мәнісіндегі білім деңгейін көрсететіні анық. Осы орайда, мектеп директорлары, ардагер-ұстаз, ата-аналар не дейді? Олардың пікірлері қандай? Енді соған жауап іздеп көрелік.

Оқушы да, ата-ана да жауапты болуы тиіс

Аудан бойынша білім сапасы көтеріліп келе жатқанымен, ұлттық бірыңғай тест бойынша орта балл төмендеп отыр. Ұлтттық бірыңғай тестілеу өткен жылдан бастап жаңа форматқа ауысқаны белгілі. Сол уақытта жаңа формат алғашқы рет өтіп жатқандықтан түлектер тарапынан алаңдаушылық байқалып, орта балл мектептерде сәл төмендегені белгілі. Жалпы, тестілеу арқылы сынақтан өткізу, емтихан алу әлемдік практикада бар әдіс. Тестілеу арқылы түлектерді жоғары оқу орнына қабылдау елімізде жоғары оқу орындарында 1994 жылдан бастап енгізілсе, мектептерде 2003 жылдан жүзеге асырылып келеді. Содан бері біраз тәжірибе жинақталды. Өткен оқу жылынан бастап мектеп бітіруші түлектер алдымен мектепте мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан өтіп, одан соң оқу орнына түсу үшін ұлтттық бірыңғай тестілеуге баруда. Сынақта олар таңдау пәндеріне, салалас пәндеріне қарай бақтарын сынайды. Бұл орайда, мектеп бітірушілер арасында математика, химия, тарих пәндерінен әлі де дайындықты күшейте түсу керек. Өткен жылдан бастап сынақ көрсеткіші рейтингілеуден алынғаны белгілі. Дегенмен, бұл мектептерден жауапкершілік түсті деген сөз емес. Балалардың болашағы мектеп ұжымы мен ата-аналарға ортақ. Ең бастысы оқушылар тарапынан да үлкен жауапкершілік керек. Тек ұлттық бірыңғай тест қорытындысымен ғана білім сапасы бағаланбайды. Білім сапасы жыл өткен сайын аудан бойынша баяу да болса ілгерілеп отыр. Білім сапасын көтерудің бірнеше қырлы көрсеткіштері бар. Ол материалдық-техникалық база, әдістемелік жұмыстар, сабақ процесіндегі мұғалімдердің шеберлігі мен жаңашылдығы және тағы басқалар.

Сондай-ақ, білім жүйесінде негізгі нәтиже беретін төртінші, тоғызыншы және он бірінші сыныптар болғандықтан жұмыстың басым бағыты соларға бөлініп, 1-3, 5-8, 10-сыныптарға мектепішілік қадағалау аздық етеді. Нәтижесінде, бастауыш сыныпта озат оқыған оқушыларға 5-8 сынып аралығында талап аз болады да, мектепті орташа оқушы ретінде аяқтайды. Сондықтан, барлық сыныптарға қадағалау бірдей болуы тиіс.

Өтепберген ӘДІЛОВ,

№9 орта мектебінің директоры.

Оқушының зеректігі мұғалімге байланысты

Кез келген ғылыми жетілдірілген әдіс-тәсіл мұғалімнің шығармашылық энергиясымен, дидактикалық өнерімен, педагогикалық ойымен, барлық оқу-тәрбие құралдарын, әдіс-тәсілдерін еркін пайдалана білу қабілетімен ұштасып барып қана жоғары нәтиже береді. Яғни, оқу-тәрбие жұмысында барлығы мұғалімге байланысты. Мұғалімнің тек қана оқу материалын білуі жеткіліксіз, ол мұнымен қатар, сол білімін шәкірттеріне түсінікті формада айтып жеткізе алуында. Мұғалімнің жеке қасиеттерінің бірі – оның сөзі. Сөз– мұғалімнің басты құралы. Педагогикада мұғалімнің жұмыс уақытының 60 пайызы сөзге кететіні дәлелденген.

Мектепте оқып жатқан шәкірттердің бәрі бірдей ғұлама, алғыр деп тұжырым жасауға болмайды. Жекелеген шәкірттердің баяу қабылдауы мүмкін. Сондықтан, әрбір сыныптағы оқушылардың білім сапалары бірдей болуы мүмкін емес. Осы жағдайларды жіті қадағалап отыру қажет.

Соңғы жылдары ұлттық бірыңғай тест бойынша бағалауға ерекше назар аударылып келеді. Бірақ, тестідегі негізсіз қайталанатын сұрақтарға дәл жауап беру қиындық туғызып жүргені жасырын емес. Мұндай сұрақтар баланың еркін ойлануына жол аша береді деу де қисынсыз. Оны шешуде уақыт жоғалтатын оқушылар өз білімдерін жеткілікті дәрежеде қорғай алмайды да. Ал, бұл өз кезегінде оқушылармен бірге мұғалімдерге де үлкен күш түсіп жүргенін жасыруға болмас. Сондықтан, тестідегі сұрақтарға оқушылармен бірге мұғалімдердің де тереңірек назар аударғаны жөн. Қорыта айтқанда, ата-ана, мұғалім және оқушылар болып, баланың білім сапасына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Ал, білімді ұрпақ – еліміздің тұғырлы келешегі.

Аманкелді СӘРСЕМБАЕВ,

Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз.

Телефон ұстаған оқушы білімді бола ма?

Жалпы, білім сапасын көтеру бағытында түрлі пікірлер айтылып та, жазылып та жүр. Балалардың сапалы білім алуына, тәрбиеленуіне көбінесе мектеп мұғалімдерін жауапты қылып қоямыз. Негізінен, бұл жерде ата-ананың жауаптылығы аса маңызды болып келеді. Өкінішке орай, бүгінгі ата-аналардың басым бөлігінің бала тәрбиесіндегі рөлі, баласына жатар орын, ішер тамақ, киер киім әперумен шектеліп отыр. Қалған шаруаның барлығын мектепке артып қойған. Олар балаларының сабағына қатыспақ түгілі, ата-аналар жиналысына да бармайды. Әсіресе, әкелер. Ал, ата-ана тарапынан қадағалаусыз қалған олар кітаптың бетін жылы жауып қойып, күнделікті сабағына қатысып жүре береді.

Сонымен бірге, балалардың білім алуына бірден бір кедергі келтіретін – ұялы телефон. Ұялы телефон ұстаған оқушының сабақ оқитыны екіталай. Телефон ұстап отырып, кітап оқыған баланың басына не кіреді? Түк те кірмейді. Соңында, «Сапалы білім бермеді» деп бәрін мұғалімге жабады да, телефон алып берген ата-ана үйде сүттен ақ, судан таза болады. ҰБТ тапсыру кезінде де түлектердің қойны-қоныштарын телефонмен толтырып жатқанын талай мәрте көрдік. Сонда олар алған білімдеріне сенбей телефонға сенгендері ме? Әрине, телефонның пайдалы жақтары да болар. Дегенмен, осы ұялы телефонның арқасында оқушы білімі төмендеп жатыр десем артық айтқандық болмас.

Негізінен білім сапасын көтеру үшін ата-ана да балаларының сабаққа қатысуын қадағалап, мектеппен қоян-қолтық жұмыс жасауы тиіс. Әсіресе, бастауыш сыныптан кейін олар жіті бақылауды қажет етеді. Сонда ғана балаларға қажетті білім беріп, сапа деңгейін көтеруге мүмкіндік туады.

Мейрамгүл СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,

ата-ана.

Миялы ауылы

Жаңашылдық жетіспейді

Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелеп шығаруға болады. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Сапаны көтерудегі ең өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау мәселесі болып отыр. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет.

Шығармашылық тапсырмалардың өзін оқушылардың қабілетіне, пәнге деген сүйіспеншілігіне байланысты оқуға қойылатын талаптарын басшылыққа ала отырып, жүргізген жөн. Ол үшін оны түрлендіре әрі орындауға жеңіл етіп берген тиімді болмақ. Бір сабақтың өзінде бірнеше тапсырма ұсынып, таңдап орындауды баланың өз қалауына қалдыру керек. Өте жемісті тәсілдердің бірі – тапсырмаларды жүйеге бөліп, оқушының біліміне, қабілетіне байланысты ұсынуға болады. Бұл орайда, оқушыларға алдына мақсат қойып, оған жету, қорытынды жасап отыру, қосымша материалдар табу үшін іздену, өзін-өзі талдауды, өзін-өзі бағалай білуді меңгеру секілді талаптар қойылады.

Оқушының болашақта мамандық таңдау, яғни кәсіби тағдыры тек қана жақсы мұғалімге байланысты. Бұл мақсатта жаңашыл педагогтардың инновациялық тәжірибесін шығармашылық ынтамен меңгеру және пайдалану қажет. Ал, жаңашыл педагогтардың тәжірибесі мұғалім мен оқушының өзара шығармашылық қарым-қатынасы ретінде қабылдауға, оқушының алдына барынша күрделі мақсат қойылып, оны орындай алатындығына сенімін нығайтуға, оқушылардың жұмыс нәтижелерін жеке және ұжымдық талдауға, мұғалімнің оқу материалының жақсы меңгерілуі мақсатында сабақ уақытын өз бетінше пайдалануға, оқушылардың өзін-өзі шығармашылық басқаруға, тәрбиеге жеке тұлға тұрғысынан қарауға, ата-аналармен ынтымақтастық құруға негізделген.

Сондай-ақ, сабақта кең көлемде көрнекі құралдарды және оқушылардың өздері жасаған суреттерді, схемаларды пайдалану, сабақты түрлендіріп өткізу, техникалық құралдарды тиімді қолдану, сабаққа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, ынталандыратыны сөзсіз. Сондықтан, әр баланың бойындағы шығармашылық қабілеттерін бағыттап, тәрбиелеу қазіргі таңдағы ата-ана мен мұғалімнің тарапынан қолдау тауып отыруы қажет.

Ақбөпе ҚАРАБАЛИНА,

Кенбай орта мектебінің мұғалімі.

Оқыған бала өз көрсеткішін төмендетпейді

Білім беру жүйесін санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Балаларға сапалы білім беру үшін ең әуелі саналы тәрбие керек-ақ. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» деп әлемге әйгілі ойшыл Әл–Фараби айтқандай балаға әуелі білімнен бұрын, тәрбие берілуі тиіс. Тәрбие – атаның қанымен, ананың сүтімен, қоғамдық көзқараспен үндесе отырып берілсе құба-құп.

Білім сапасының көтерілмеуі кадр тапшылығы мен біліксіздіктен де болып отыр. Мәселен, Ш.Еркінов атындағы орта мектепте орыс тілі мен саз пәндерінің оқытушылары жоқ. Басқа білім ошақтарында да осындай жағдайлардың бар екені жасырын емес. Сондай-ақ, мектеп бітірушілердің барлығы болмаса да басым бөлігі жоғарғы оқу орындарында ақылы негізде оқиды. Ал, жоғарғы оқу орындарында «Бармақ басты, көз қысты» әлі күнге дейін жойылар емес. Яғни, ақысын төлесең болды, диплом алып шығасың. Сондықтан, ауладағы малымен оқыған кейбір мұғалімдерден сабақ алған балалар қалай болса солай білім алып шығады. Сөйтіп, бұл жағдай әрі қарай жылма жыл қайталана береді. Кейбір ұстаздар ағайыншылыққа барып баланың бағасын да көтермелеп қояды. Бұл өз кезегінде мектеп бітіру сынағында кері әсерін тигізері сөзсіз. Ата-аналардың басым бөлігі ұлттық сынаққа аса мән бермей балалары мектеп бітірер кезде, әсіресе соңғы тоқсандарда ғана шарқ ұрып, байбалам салып жатады. Негізінен олар балаларымен бірге оқу жылының басынан дайындалуы керек. Мұқият дайындалған бала қай кезде де өз көрсеткішін көрсетеді.

Жалпы, баласы мектепке барғаннан бастап әрбір ата-ана мектеппен тығыз қарым-қатынаста болып, «Мектеп – ата-ана – ұстаз» үштұғырын қолдау қажет. Қанша жұмысбасты болғанымен уақыт тауып аптасына, болмаса айына бір мәрте болса да балаларының сабағына қатысып, оларды тыңдай отырып, жүріс-тұрысын қадағалаған жөн. Оқуға деген ынтасын, жігерін, талабын ұштап, отбасы құндылықтарымен қоса бала бойына сіңіре білу қажет. Сонда ғана саналы тәрбиені бойына сіңірген бала сапалы білім алып, қазіргі қоғамға сай өскелең ұрпақ өсіп шығары анық.

Нәзира ЖҰБАНЫШҚЫЗЫ,

ата-ана.

Жасқайрат ауылы

Түйін:

Қалай болғанда да, ауданның білім сапасын көтеріп, саналы да тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеп шығару қажет. Ол үшін ата-ана, мұғалім, оқушы болып тығыз байланыста жұмыс жасаған абзал. Міне, жоғарыда айтылған пікірлер осыны айғақтай түседі.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521