Шүкір, былтырғы жылғы Жастар жылында толағай табысқа жетіп, ел экономикасының артуына, ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосқан жастарымыз жетерлік.
Ендеше, оларға құрмет көрсетіп, ұлықтай білсек жарасымды емес пе?! Соған сай, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Миялы ауылындағы «Бақыт» тойханасында былтырғы жылдың 30 желтоқсанында дәстүрлі «Жас тұлпар - 2019» жастар премиясы болып өтті. Осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған шарада алғаш болып сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев:
– Ауданда жастардың мәселесіне ерекше назар аударылып, көңіл бөлініп келеді. Оларды қолдау, жастар саясатын жандандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып, қолға алынуда. Оның дәлелі – 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануы. Жастар жылында аудан жастары қай салада болмасын көптеген жетістіктерге жетіп, аудан абыройын асқақтатты. Біз әрдайым жігерлі жастарымызбен мақтанамыз. Елдің ертеңгі тұтқасы сіздерсіздер. Жастарға жігер сыйлап, олардың жұмысқа деген ынтасын арттыруда бүгінгі беріліп жатқан премияның мән-маңызы ерекше,-деді.
Бұдан кейін жастар арасында үздіктерді марапаттау рәсімі өтіп, «ЖАС ТҰЛПАР-2019» жастар премиясының иегері аудандық жастар ресурстық орталығының инстаграм парақшасында үміткерлерге дауыс беру арқылы жүзеге асырылды. Дауыс беру нәтижесінде 2648 дауыс жинап, Аманжан Әбуов жеңіске жетіп, үздіктердің үздігі «Жас тұлпар-2019» жастар премиясының иегері атанды. Ол самбо күресінен Қазақстан Республикасы Чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, 2015 жылы жастар арасында Азия чемпионы, 2016 жылы Румыния елінде өткен самбодан жастар арасында Әлем біріншілігінің қола жүледегері, ересектер арасында әлем кубогінің екі мәрте күміс жүлдегері (Казан 2018, Минск 2019), 2019 жылғы жазғы Универсиада жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Спорттық және жауынгерлік Самбо федерациясы қоғамдық бірлестігінің «Самбо саңлағы» төсбелгісінің иегері. Осынау жетістігімен ауыл, аудан абыройын асқақтатып жүрген спорт саңлағына қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды емес пе?!
Шара барысында, әр түрлі шараларға атсалысып, белсенділігімен көзге түскен Сүндет Қандыбекұлы, Самал Арыстанбекқызы, Қарашаш Оңғарсынқызы, Өнербек Жандарбекұлы, Бауыржан Зулхожаұлы, Шерхан Еңсегенұлы, Терекбай Ерболатұлы, Қуандық Ізмұханбетұлы, Ақтілек Бисембайұлы сынды жастар Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері баскармасы басшысының алғыс хатымен марапатталса, бір топ жастарға аудандық жастар ресурстық орталығының алғыс хаты табыс етілді. Осылайша, жастарды құрметке бөлеген шара одан әрі әсем ән мен мың бұралған бишілердің биіне ұласып, көрермендер көңілін бір серпілтіп тастады.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ
Үздік жастар
«Үздік жас мұнайшы –2019» - Нұрхан Қалипанов
«Үздік жас халыққа қызмет көрсетуші –2019» - Санжар Тілегенов
« Үздік жас өрт сөндіруші – 2019» - Санжар Жарылғасынұлы
« Үздік жас ветеринар – 2019» - Қолқанат Бейс
«Үздік жас ұстаз –2019» - Руслан Қабдулов
«Үздік жас тәрбиеші – 2019» - Айфара Матишева
«Үздік жас медицина қызметкері – 2019» - Мерей Пангерей
"Үздік жас полиция қызметкері – 2019» - Айгерім Шәкірова
«Үздік жас әлуметтік қызметкер – 2019» - Жұлдыз Жанболат
«Үздік жас пошта қызметкері – 2019» - Айбек Нұрғалиев
«Үздік жас мемлекеттік қызметкер – 2019» - Ақнұр Аязбайқызы
«Үздік жас электрик – 2019» - Диас Қабдоллаев
«Үздік жас есепші – 2019» - Айнұр Сүлейменова
«Үздік жас байланысшы – 2019» - Эльмира Тәжіғұлова
«Үздік жас кәсіпкер – 2019» - Әділбек Сәнжанов
«Үздік жас мәдени қызметкер – 2019» - Ризабек Амантай
«Үздік жас спортшы – 2019» - Аманжан Әбу
«Үздік жас жаттықтырушы – 2019» - Руслан Нұрғалиев
«Үздік Жас тілші – 2019» - Нұрәділ Еламан
«Жыл жаңалығы – 2019» - Амангүл Жекенованың математика орталығы
«Үздік жас қоғам белсендісі – 2019» - «Ада-Байдар» қоғамдық қоры
«Үздік жоба – 2019” - «Аниматорлар әлемі»
“Үздік жастар жетекшісі – 2019” - Айдана Жетібаева
“Үздік белсенді жас – 2019” - Азамат Серік
“Үздік жасыл ел сарбазы – 2019”- Ақнұр Дүйсенғали
“Үздік ZHAS PROJECT жобасы – 2019” - Айдана Қайрғалиева