Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Зұлмат заманның зардабын тартқандар

Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам атылса, қазақтардың 42 пайызы аштықтан қырылып, миллионнан астам адам амалсыз атамекенін тастап, босып кеткен.

Ал, тарихшы Рой Медведовтің деректеріне қарағанда, 1927 жылдан 1950 жылға дейін Кеңес Одағында 4 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Жалпы, аталмыш тақырып аясында, ғалымдарымыз, тарихшыларымыз бен жазушыларымыз, өлкетанушыларымыз бірлесіп біраз зерттеу жұмыстарын жүргізді. Танымдық шығармалар жазды. Соның арқасында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қызметіне баға беріліп, олардың барлығы дерлік ақталды. Кезінде құпия ұсталған көптеген материалдар жарыққа шыға бастады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен mvd.gov.kz арнайы вебпорталы іске қосылғаны белгілі. Ал, «Мемориал» сервисінің бүгінгі қызметі саяси қуғын-сүргін құрбандары тақырыбына қызығушылық танытып жүргендерді ризашылыққа бөлеп жүр. Осы орайда, біз аталған сайттың дерекқорын пайдалана отырып, қазіргі Сағыз ауылдық округінен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған азаматтар мен азаматшалар туралы зерттеу жүргізіп, қолымыздағы деректерді елдегі естімісі көп ағаларымыз бен апаларымыздың аузынан жазып алған әңгімелерімен толықтырғанды жөн көрдік.

Абдулов Қадыр-Сиық – 1913 жылы туған. 1931 жылдың 26 шілдесінде қамауға алынып, 1931 жылдың 22 желтоқсанында Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен 1 жылға еңбекпен түзеу колониясына жазсын өтеуге жіберілген. Кейіннен ақталған.

Абдуллин Ақишан – 1908 жылы туған. Білімі бас-тауыш діни. Қандағаш-Гурьев темір жолын салуға қатынасып, Сағыз теміржол стансасында жүкші болып жұмыс жасаған. Ақтөбе УНКВД-сымен 1940 жылдың 12 қыркүйегінде қамауға алынып, Гурьев облыстық сотымен 1941 жылдың 11 ақпанында Қылмыстық істер кодексінің 58-10,58-11 баптары негізінде 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазақ ССР-ы Жоғарғы соты Президиумының 1958 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен ақталған.

Айтбаев Жақсыбай – 1877 жылы туған. 1942 жылдың 8 мамырында Орынбор темір жол бөлімшесі НКВД-сы арқылы қамауға алынған. Оңтүстік әскери округі әскери соты арқылы Қылмыстық істер кодекстің 17, 58-8, 58-10,58-11 баптарымен 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының қаулысымен 1998 жылы 23 наурызда ақталған.

Айбасов Бұқай – 1885 туған. 1931 жылы 5 жылға сотталған, оның 3 жылына сайлау құқынан айырылған. Шағын шаруасы болғандықтан және Тобанияздың ағайыны деп бай есебіне жатқызылып 1937 жылдың 31 желтоқсанында Гурьев облыстық НКВД-сы қаулысымен Қылмыстық істер кодексінің 58-10, 82 баптарымен 10 жылға еңбекпен түзеу колониясында сотталған. Гурьев облыстық прокуратурасы шешімімен 1989 жылдың 16 қарашасында толық ақталған.

Аймешов Сантай – 1893 жылы туған. Партияда жоқ, білімі шала сауатты. «Ақкиіз» колхозының мүшесі. Гурьев облыстық сотымен 1942 жылдың 3 ақпанында Қылмыстық істер кодексінің 58-10 бабымен 10 жылға сотталған, оның 5 жылына сайлау құқынан айырылған.1989 жылы 4 қазанда Қазақ ССР-ы Жоғарғы Сотының қаулысымен аталған іс қылмыстық белгілері болмағандықтан қысқарған.

Алдабергенов Озғанбай – қуғынға ұшырап, ақталған.

Алдасүгіров Қамысбай – 1870 жылы туған. 1931 жылдың 26 шілдесінде РО ПП ОГПУ-дың Гурьев секторы арқылы қамауға алынған.1931 жылдың 22 желтоқсанында Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 58-3 баптарымен 3 жылға жер аудару жазасына кесілген. Кейіннен ақталған.

Алдасүгіров Қоғабай - 1864 жылы туған. 1931 жылдың 26 шілдесінде РО ПП ОГПУ-дың Гурьев секторы арқылы қамауға алынып, 1931 жылдың 22 желтоқсанында Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 58-3 баптарымен ату жазасына кесілген. Кейіннен ақталған.

Аяпбергенов Меңдіқұл (құжатта Аяқбергенов деп жазылған) – 1899 жылы туған. 1931 жылдың 11 мамырында ұсталып, сол жылдың 22 желтоқсанында 0,7 жылға Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен жазаға тартылған. Кейіннен ақталған.

Баяндиев Шарғабай – 1884 жылы туған. 1931 жылдың 11 мамырында қамауға алынып, 22 желтоқсанда Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен 0,7 жылға еңбекпен түзеу колониясына жазасын өтеуге жіберілген. Кейіннен ақталған.

Байжанақов Әдеш – 1903 жылы туған.1931 жылдың 11 мамырында қамауға алынып,сол жылы 22 желтоқсанда Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен 0,7 жылға сотталып, кейін ақталған. Боқмашев Рахмет – 1905 жылы туған. 1931 жылдың 26 шілдесінде қамауға алынып, 22 желтоқсанында ату жазасына кесілген. Кейіннен ақталған.

Бірлібаев Бердіқұл – 1884 жылы туған. Қуғынға ұшырап, ақталған.

Есіркепов Мүсір – 1896 жылы туған. Ақталған.

Жаналин Хұсайын – 1881 жылы туған. 1930 жылдың 14 маусымында қамауға алынып, ең жоғарғы жаза қолданылған. Кейіннен ақталған.

Жұмағалиев Төлеуғали – 1915 жылы туған. Ұлы Отан соғысына қатынасушы.1948 жылдың 12 қарашасында қамауға алынып, 1949 жылдың 31 қарашасында Оңтүстік Орал Әскери Округінің Әскери соты Қылмыстық істер Кодекстің 58-16 бабымен 25 жылға бас бостандығынан айырған. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Бас Әскери прокуратурасымен ақталған.

Исанов Әмір – 1854 жылы туған.Ату жазасына кесіліп, ақталған. Қасымов Қайнарбай – 1866 жылы туған. 1931 жылдың 11 мамырында қамауға алынып, 22 желтоқсанда Қылмыстық істер кодексінің 58-2,59-3 баптарымен сотталған. Кейіннен ақталған.

Қайыров Әшім - 1900 жылы туған, шала сауатты. «Шоқат» колхозында хатшы болып жұмыс жасаған.1940 жылдың 14 желтоқсанында Гурьев облыстық УНКВД-ысымен қамауға алынып, Гурьев облыстық сотымен 1941 жылдың 3 наурызында 5 жылға еңбекпен түзеу колониясына сотталған. Ақталған.

Қамысбаев Атолла – 1910 жылы туған, шаласауатты. 1931 жылдың 11 мамырында қамауға алынып, сол жылы ОГПУ-дың Гурьев бөлімшесімен Ресей Федерециясы Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен 8 айға еңбекпен түзеу колониясына сотталады. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорымен 1997 жылдың 25 ақпанында ақталған.

Қоғабаев Қадыр - 1896 жылы туған. 5 жылға сотталып, ақталған. Қоғабаев Байділда – 1901 жылы туған. 5 жылға сотталып, ақталған.

Күжбанов Аюп – 1896 жылы туған, шаласауатты. ОГПУ-дың Гурьев бөлімшесімен 1931 жылдың 11 мамырында қамауға алынып, 1931 жылдың 22 желтоқсанында 8 айға еңбекпен түзеу колониясына сотталады. 1997 жылдың 25 ақпанында ақталған.

Күжбанов Жүгініс – 1897 жылы туған,шаласауатты. 1931 жылдың 11 мамырында қамауға алынып, 8 айға еңбекпен түзеу колониясына сотталады.1997 жылдың 25 ақпанында ақталған.

Пұсырманов Бердіхан Тобаниязұлы – 1913 жылы дүниеге келіп, халықты сауаттандырушы мұғалім болып жұмыс жасаған. 1938 жылдың 14 ақпанында Батыс Қазақстан облыстық НКВД-сымен қамауға алынып, 1938 жылдың 17 ақпанында Қылмыстық істер кодексінің 58 бабы, 2-10-11 тармақтарымен ату жазасына кесіліп, дүние мүлкі тәркілеуге жатқызылған. Гурьев облыстық прокуратурасы қаулысымен 1989 жылдың 15 мамырында ақталған.

Ізбасаров Жаулыбай – 1888 жылы туған. Партияда жоқ, шала сауатты. Мұқыр стансасындағы тас шығаруда жұмысшы болып жасаған.Орынбор теміржол бөлімшесінің әскери трибуналымен Қылмыстық істер кодексінің 58-2,11 баптарымен атужазасына кесілген. СССР Жоғарғы Сотымен 1960 жылдың 27 тамызында ақталған.

Сабитов Құлым – 1903 жылы туған. 1939 жылдың 5 мамырында қамауға алынып, 1940 жылдың 5 наурызында Қылмыстық істер кодекстің 58-10 бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ұлы Отан соғысы басталғанда әскерге алынып, хабарсыз кеткен. Кейіннен ақталған.

Сағындықов Бейнеу – 1900 жылы туған. Партияда болмаған, шаласауатты, бай есебіне жатқызылған.1932 жылдың 5 мамырында Ақтөбе облыстық ОГПУ-мен қамауға алынып, 1939 жылдың 27 шілдесінде Қылмыстық істер кодексінің 58-10 бабымен сотталған. 1991 жылдың 27 наурызында ақталған.

Сағындықов Хамит Закарияұлы – 1904 жылы туған. Қамауға алынғанша Ақшелек ауылдық кеңесінің төрағасы болып жұмыс жасаған. ВКП(б) мүшесі. 1950 жылдың 15 қаңтарында Гурьев облыстық сотымен Қылмыстық істер кодексінің 58-7,10,12 баптарымен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасымен 1997 жылы 14 сәуірде ақталған.

Тажмагамбетов Жұмағали – 1889 жылы туған. Партияда жоқ, шаласауатты. «Союзкожаутиль» мекемесінде агент болып жасаған. Қосшағылда тұрған. 1931 жылы 3 жылға бас бостандығын айыру жазасына кесілген. Екінші рет 1937 жылдың 30 желтоқсанында Қылмыстық кодекстің 58-10,11 баптарымен 10 жылға бас бостандығын айырылған. 1988 жылдың 29 қарашасында ақталған.

Тәпенов Өскінбай – 1891 жылы туған.Қылмыстық іс қысқарып, қамаудан босатылған.

Тұрғамбаев Жамансары – 1886 жылы туған. ОГПУ-дың Гурьев облыстық бөлімімен 1931 жылдың 11 мамырында қамауға алынып, сол жылдың 22 желтоқсанында Қылмыстық істер кодексінің 58-2,59-3 баптарымен 0,8 жылға еңбекпен түзеу колониясына сотталған. 1997 жылдың 25 ақпанында ақталған.

Тұрғамбаев Әжіғұл – ОГПУ-дың облыстық бөлімімен 1931 жылдың 11 мамырында қамауға алынып, Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен 0,8 жылға еңбекпен түзеу колониясына сотталған, 1997 жылдың 25 ақпанында ақталған.

Тұрғамбаев Амантай – 1896 жылы туған. 1931 жылы қамауға алынып, 22 желтоқсанда Қылмыстық кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен 0,7 жылға сотталған. Кейіннен ақталған.

Төлеков Көктен - 1896 жылы туған. Білімі бастауыш. 1931 жылдың 13 қыркүйегінде Гурьев облысы НКВД-сымен қамауға алынып,1932 жылы 5 сәуірде Қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен сотталған. 1991 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақ ССР Бас прокурорымен ақталған.

Темірбаев Бейіш – 1886 жылы туған. Білімі рухани діни орта, жұмыс орны Ақкиіз колхозында малшы.1940 жылдың қыркүйек айында Гурьев облыстық УНКВД қаулысымен қамауға алынып, 1941 жылдың 11 ақпанында Гурьев облыстық сотымен Қылмыстық істер кодексінің 58-10,58-10 баптары бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейіннен ақталған.

Серік ТҰРЫШ.

Бауыржан СИСЕНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521