Жақында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ұйымдастырылған аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аудандағы ветеринариялық жағдай туралы мәселе қаралды.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жаубасар Мұқанбетов ашып, жүргізген жиынға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев, кеңес мүшелері, ауылдық округ әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Аталмыш тақырып бойынша хабарлама жасаған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиевтің айтуынша, биылғы жылы 14 700 бас мүйізді ірі қара, 24 862 бас қой-ешкі және 234 бас түйе малы бруцеллез ауруына тексерілді. Нәтижесінде, 318 (өткен жылы осы мерзім ішінде 352 бас) бас мүйізді ірі қара, 981 (352) бас қой-ешкі, 9 (5) бас түйе малы бруцеллез ауруына оң нәтиже берді. Мүйізді ірі қара малы бойынша биылғы жылдың төрт айында Миялы (60 бас, 3,5 пайыз), Мұқыр (60 бас, 4,2 пайыз), Жамбыл (40 бас, 2,6 пайыз), Ойыл (35 бас, 2,1 пайыз) ауылдық округтерінде, ал, қой-ешкі малы бойынша Көздіғара (211 бас, 7,1 пайыз), Ойыл (222 бас, 6,9 пайыз), Тайсойған (113 бас, 6,9 пайыз), Миялы (222 бас, 5,2 пайыз) ауылдық округтерінде бруцеллез ауруы көбірек шығып, аудандық көрсеткіштен жоғары болып отыр.
Жыл басында Миялы ауылында іш тастаған қой малынан биосынама алынып, тексеру нәтижесінде бруцеллезге оң нәтиже бергендіктен Ж.Жабаев, У.Жайықов көшелері аумағына шектеу белгіленіп, сауықтыру жұмыстары басталды. Бруцеллезге оң нәтиже берген мүйізді ірі қара малдары аудандағы екі мал сою алаңы мен бір мал сою пунктінде, қой-ешкі малы Орал қаласындағы мал сою пунктіне санитарлық союға өткізілуде. Жалпы, 2015-2017 жылдары аудан бойынша 66 адам бруцеллез ауруын жұқтырса, биылғы жылы 10 адамнан аталмыш ауру анықталып отыр. Ветеринария ғылымының докторы, профессор Ғайса Абсатировпен бірлесіп Ойыл ауылдық округін бруцеллез ауруынан сауықтыру мақсатында сынақ ретінде вакцина егу жоспарланғанмен қаржы мәсе-лесі шешілмегендіктен бұл жұмыстар тоқтап тұр.
– Аудан бойынша бруцеллез ауруының таралуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – ауру малдардан туған төлдердің бірге жойылмауы. Бірақ, төлдерді жою жөнінде еш жерде көрсетілмеген. Екінші фактор – ауру малға жергілікті бюджеттен 30 пайыздық өтемақы төленгенмен, малды қабылдап алған ұйымдар 70 пайыз өтемақыны төлемей отыр. Бұл тұрғындардың ауру малдарын тапсырмай, жасырып қалуға итермелеуде. Аудан бойынша мал түліктері арасындағы індеттік жағдайды шешу үшін облыс әкімдігіне, облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына ветеринария ғылымының докторы, профессор Ғайса Абсатировпен жұмыс жасау үшін қаржы мәселесін шешуге, жергілікті бюджеттен төленетін өтемақы құнын 70 пайыз мөлшеріне көтеруге ауыл шаруашылығы министрлігіне және өкілетті органдардан вакцина қолдануға келісім алып беруге ұсыныс жолданды, – дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиев.
Бұдан кейін аудандық қоғамдық кеңес мүшелері аталмыш тақырып бойынша «Аудандық ветеринария стансасы» МКК директоры Жәнібек Кенжин мен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Әжіғалиеваның «Адамдарға малдан жұғатын аурулардың алдын алу шаралары туралы» қосымша хабарламаларын тыңдады.
Аудандық аумақтық инспекция басшысы Шман Бердешовтің пікірінше, бруцеллез ауруын анықтау мақсатында жануарлардан қан алу туралы жасақталған ережелердің де қате тұстары бар. Мәселен, бұрындары ауру шыққан ошақтардағы жануарлардан тазарғанша жеті-сегіз рет қан алынатын. Қазір ережеге сәйкес аналық малдан қан жылына екі рет алынса, қалғандарынан бір рет алынады. Сондықтан, тазарғанша қан алынып, тексерілмегеннен кейін ауру жұқтырған малдар қалып қойып, жыл сайын ауру қайталап шығуда. Сондай-ақ, кейбір тұрғындардың малдарын жасыруы, басқа жерге беріп жіберуі, сойып тастауы және басқа да жағдайлар аурудың жойылмауына себеп болуда. Қан алдыруға қарсы отбасылар да кездесуде.
Соларды осындай жиындарға шақырып түсіндіру жұмыстары жүргізілсе игі. Жиында сөз алған аудандық мәслихат депутаты Альберт Аққайнанов:
–Жыл сайын ауру малдар анықталып, жойылып, ошақтар залалсыздандырылғанымен бруцеллез ауруының жойылатын түрі жоқ. Әлеуметтік желілерден біліп отырғанымыздай Шығыс Қазақстан облысында вакцина қолдану жұмыстарын жүргізуде. Бізде де осы тәжірибені қолдану қажет деп есептеймін, – деді.
Сондай-ақ, мәжілісте қоғамдық кеңес мүшелері Ақниет Сақиев, Түзгенбай Өрбісінов, Құмар Хасандар сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.