Болашағын дамумен байланыстыратын мемлекет өткеніне бей-жай қарамай, тарихқа үңіліп одан сабақ алып отырады.
Дана халқымыз: Өткендерді ескерген – өскендіктің белгісі. Өткендерді жек көрген – өшкендіктің белгісі, – деп текке айтпаған болар.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында халқымыздың ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатырған ұлттық құндылықтарымыз туралы тереңнен ой қозғаған. Қазақтың мәдениетін, тарихын ерте темір дәуірінен таратып, сақ мәдениетімен сабақтастырған. Осы арқылы біздің ұлттық құндылықтарымыздың тамыры тым тереңде жатқанын ұқтырғандай. Мақаланың бірінші бөлімі «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталынып, онда бабаларымыздың мәдени жетістіктері топтастырылған. Ал, екінші бөлімде сол мұраларды насихаттау бағытында жүргізілетін жұмыстар көрсетілген. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар арқылы ұлтымыздың тарихи санасын жаңғыртып, құлдық психологиядан таза, ұлтын сүйетін ұрпақ қалыптастыру міндетін жүктегендей сезінесің. Осындай ауқымына қарап мақаланы ұлттық сананы қалыптастырудың бағдарламалық құжаты деп есептеуге болады.
Мақаланың бір тарауы «Ұлы даланың ұлы есімдері» деп аталыпты. Онда елі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген аға ұрпақ өкілдерінің өнегеге, ерлікке толы өмір жолы арқылы жас ұрпақтың отаншылдық сезімдерін арттыру туралы айтылған. Осы жерде біздер, қызылқоғалықтар өз жерлестерімізді жеткілікті дәрежеде дәріптеп жүрміз бе деген сұрақ туындайды. Мақалада жүктелген міндеттерді сезіне отырып ұлыларымызды ұлықтап, жоғымызды түгендесек нұр үстіне нұр болар еді. Қызылқоға топырағында дүниеге келіп есімі бүкіл қазаққа танылған тұлғаларымыз жетерлік. Солардың арасында Мұса Баймұханов, Исатай Тайманұлы және Есентемір Бөкен бидің есімдерін ерекше атаймыз. Өкініштісі бұл тұлғалар ауданымызда жеткілікті дәріптелмей жүр. Тарихи оқулықтар мен кітаптардың көпшілігінде батырларымыздың туған жерлері қате берілген. Мысалы, 5 сыныптың бұрынғы Қазақстан тарихы оқулығында «И.Тайманов 1791 жылы Атырау облысы Исатай ауданының Тайман жолы деген жерде дүниеге келген» деп жазылған. Шындығында Исатайдың Жангелдин ауылдық округінің территориясындағы Тайман жалында туғанын ескермеген. Сол сияқты Қарабауда кіндік қаны тамған Мұсаны тарихи әдебиеттерде 1910 жылы Мақат ауданында дүниеге келді деп жазады. Сондықтан ба екен ауданымызда бұл екі батырдың қызылқоғалық екенін айғақтайтын Тайман жалындағы ескерткіш-тақтадан басқа ешқандай белгі жоқ. Тіпті, Миялы ауылындағы «Даңқ» саябағындағы ескерткіш-тақтаға да М.Баймұқановтың есімі жазылмаған. Бұл жерде мәселе мынадан туындап отыр. Мұса әскери комиссариатқа Мақат ауданы арқылы шақырылған. Себебі, Қызылқоға ауданы 1930 жылы таратылып, қайтадан тек 1944 жылы ғана құрылған еді. Көрші Мақат ауданында М.Баймұқанов атында мектеп, көше және батырдың бюсті бар. Ал, Исатай батыр 10 жасқа толғанда 1801 жылы әкесі Тайман отбасымен Жайықтың арғы бетіне, Бөкей Ордасына қоныс аударады. Атырау қаласы мен Исатай ауданында Исатайды ұлығылайтын іс-әрекеттер көзге бірден түседі. Бұл өте құптарлық іс. Себебі, бұл батырлар өздерінің ерліктерімен бүкіл қазаққа ортақ тұлға дәрежесіне көтерілген еді. Бірақ-та батырлардың өздері туып өскен жерде көзден тасада қалуы елдігімізге сын. Мақалада «...ашық аспан астында ескерткіш мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту саябағын ашуымыз керек» деп міндет қойды. Ауданымызда екі батырымызды ұлықтайтын іс-шаралар ұымдастырылса кеткен олқылықтардың орыны толып, тәлімі бірнеше жылдарға жететін іс болар еді.
Ұлттық құндылықтар туралы әңгіме қозғалған соң латын әліпбиіне көшу туралы көзқарасымды білдіре кеткенді жөн көрдім. Асығыстыққа жол бермеу үшін 90 жылдары латынға көшкен түркі тілдес мемлекеттердегі (Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан) жағдайларға сараптама жасаған артық етпейді. Әлемде астанасы мен әліпбиін бізден көп ауыстырған халық жоқ шығар. Тек ХХ ғасырдың өзінде астанамызды 4 рет, әліпбиімізді 3 рет ауыстырған екенбіз. 20 жылдары А.Байтұрсыновтың араб графикасына негіздеген төте жазуы 1929 жылы латын әріптерімен алмастырылды. Сол кезде сауаттанып қалған халыққа жаңа әліпбиді үйрену үлкен қиындық туғызды. Ал, 40 жылы қазақ халқының шамамен 85-90 пайызы сауаттанып болғанда кирилл жазуы енгізіліп, бұрынғы әліпбимен жазылған құнды мұраларымыз қолданыстан шығып қалды. Тарихтан сабақ алу – болашақ үшін қажет қадам.
Латын әліпбиіне тек қазақ тілін ғана емес, бүкіл қазақстандағы тілдерді көшірсе ғана жемісін беруі мүмкін. Біреулер айтып жүргеніндей латынға көшу қазақтарды құлдық санадан арылтпайды. Құлдық санадан арылу – әр адам өзін елі үшін керек екенін сезінгенде және мемлекеттің өзін қорғайтынын білгенде қалыптасады. Латынға көшуді жақтайтындардың айтатын уәжі – бұл қадам бізді әлемдік өркениетке жақындата түседі деп есептейді. Олар Жапония немесе Оңтүстік Кореяның сан ғасырлық иероглифтерімен әлемдік өркениеттің көшбасында тұрғанын ескермейді. Тек қана қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру онсыз да тілге, жүзге, руға, дінге байланысты бөлшектеніп отырған қазақ ұлтының одан әрі бөлінуіне әкелуі мүмкін. Себебі, тілдік ортасы орысша қалыптасқан ата-аналардың көбі балаларын орыс мектебінен айырмайды. Сондықтан да бұл мәселені шешуде ғылыми негізге сүйенген жөн деп ойлаймын. Қорытындылай келгенде Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ игілігіне айналдыруға жол ашады деп есептеймін.
Бердіхан БОҚПАЕВ,
тарихшы мұғалім.
Мұқыр ауылы