Несін жасырайық, аудан тұрғындарының басым көпшілігі "Тайсойған ауылдық округіне өр суы жетсе игі" деп тілегені анық. Қазіргі таңда, халықтың тілегі орындалып, өр суы аталмыш округке де жетті. Әрине, өр суының жеткені қуантарлық.
Бірақ, "Тасқын судан ауылды қалай құтқарып қалған дұрыс? Алдын алу мақсатында қандай жұмыстар жасалуда?" деген сұрақтар қылаң беретіні сөзсіз. Бұл ретте, Тайсойған ауылдық округі әкімі аппаратының фейсбук әлеуметтік желісінде жариялаған мәліметіне сүйенсек, К-700, Гидромек, МТЗ-82 техникалары арқылы бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 3,8 километр бөгет қайта жаңғыртылып, биіктетілсе, мекеме қызметкерлерімен ерікті ауыл азаматтарын қосқанда жалпы 50 адам бөгет соғу жұмыстарына жұмылдырылды. Соның нәтижесінде, 800 қапшыққа құм толтырылып, бөгеттің осал тұстарына қойылды. Ең қауіптісі - Сұлтан-Уайс атаның түнек үйі мен ондағы қора жайларға су басу қаупінің төнгені еді. Әйтсе де, оған ауыл азаматтары мен мекеме қызметкерлерінен жасақталған 10 адам жұдырықтай жұмылып, қауіп төнген жерлерге қапшыққа құм толтырып бөгет жасады. Қосымша "Досжан" шаруа қожалығының МТЗ-82 техникасы көмекке келіп, су басу қаупінің алдын алды. Қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккен қожалықтар жоқ. Сөйтіп, Тайсойған ауылының жергілікті басшылар мен ауыл азаматтарының бірлесе қызмет етуінің арқасында, қауіп бір сәтте сейілді.