Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Соғыстың соңғы жазы еді

Миялыға 10 шақырымдай жер қалғанда, Секер Әулиенің тұсындағы Ойыл өткелінен өтсеңіз, Самай-Көбек жайлауына барасыз.

Бұл жайлауды мен 5-6 жасымнан бастап көргенмін. Қызылқоға ауданына қарасты Ақшелек ауыл советіндегі «Буракөл», «Ақшелек» ұжымшарлары Ұлы Отан соғысы жылдары көресінді көріп, азапты төрт жылды артқа тастап, Жеңіс күніне – 9 Мамырға жетіп, жұрт еңсесін тіктеп, бейбіт күннің шуағына бөленіп өмір сүре бастағаны сол еді, тосыннан тағы бір нәубетке тап болды. Екі ұжымшар территориясындағы «Буракөл», «Ақшелек», «Ұзынкөл», «Тірсеккөл», «Әсемкөл» және «Қоңыраулы» сияқты айна көлдердің суы тартылып, шөп атаулы қурап кетті. Ел экологиялық жұтқа ұшырады.

Қариялар «Жұт – жеті ағайынды деген осы» деп, қамыққан-ды. Осыған байланысты жергілікті партия, совет органдары екі ұжымшарды дереу Ойыл бойына көшіруге шара қолданды. Сонау «Буракөл» ұжымшарынан осы Самай-Көбекке дейін, шамамен, 170 шақырым жер екен.

Соғыстың соңғы жазында біздің ауыл осы Самай – Көбекке үдере көшіп келеді. Шөп шауып, жертөле үй қазып алдағы қысқа дайындықтарын жүргізеді. Тіпті, соғыстан кейінгі біздің елдегі алғашқы үйлену тойы да осы жерде өтті.

Сол жылдары Ойыл көктемде тасып, айналасын жайылма су басты. Кішкене ойдым-ойдым шұңқырлардан табан балықтарды ұстап, жағаға лақтырып ойнағаным әлі есімде...

Содан кейінгі есімнен кетпейтін бір жайт – келесі жылдың жазында болса керек, бірде біздің жертөленің алдында бұзауларын ерткен үш қоңыр сиыр пайда бола кетті. «Осының үшеуі де сендердікі!» дегенге бала көңілімізбен қатты қуанған едік. Бірақ, қуанышымыз көпке ұзамады. Әлде біреулер келді де, үш бұзаулы сиырды қайтадан айдап алып кетті.

«Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл біздің буракөлдіктердің басынан өткен тағы бір зауал болып шықты. Сол жылы ұжымшар төрағасы істі болып, қариялардың ай-туынша, оның үстінен 60 жәбірленуші арыз айтқан, соттан кейін оның тек 3-інің арызы қанағаттандырылған. Сот аудан орталығында өткен.

Борандатқан ақпанда соттан қайтқан анам байғұс қайтыс болып кеткен әкемнің соғыс жылдарындағы еңбегі үшін... тек екі қап тары алып, сот шешім шығарған әлдебір әйелдің бізге бережақ 89 мың сом ақшасын да, үш бұзаулы сиырды да «бастан құлақ – садақа» деп, Самай-Көбектегі жертөлемізге қайтып оралған...

Арада бір жыл өткен соң, ел атақонысымызға қайтадан көшеді.

Ең өкініштісі сол – Самай-Көбек жұртымызда қайтыс болған бір топ буракөлдіктердің қорымы қалды. Мұнда жерленгендердің бәрі дерлік, қазіргі тілмен айтқанда, «Буракөл» ұжымшарының еңбегі сіңген мүшелері, соғыс жылдарында жан аямай еңбек еткен тыл еңбеккерлері болған еді. Мына қорымда бірде біреуінің басына құлпытас та қойылмаған екен. Көбінің мүрделері жермен жексен болып кеткен. Әрине, соғыстың соңғы жазын бастан өткергендерге кінә қоюға да болмайды. «Көк мешіттегі» Абдолла хазірет пен отбасы да қара жерде жатыр емес пе» дейтіндер болар. Келісемін. Бірақ, олардың қорымын мал баспас үшін, Қасиетті Қабылан тауының қара тастарымен белуардан келтіріп қоршап тасталған. Қайран хазірет бабамыз ізгіліктің, кісіліктің, кішіліктің үлгісін өлімімен де көрсетті емес пе. Ал, Самай-Көбектегі қорымның жайы үнемі ойыма орала береді.

Анау бұрыштағы мүрде Өтесін әкеміз, менің тыл еңбеккерлеріне арнаған «Құрмет шайы» атты әңгімемнің басты кейіпкері, «соңғы көретін қызығым болсын, Ақсайымды үйлендіріп кетейін» деп армандаған ол, келінді арғы беттегі өткел тұсына әкелгенде, өзі қайтыс болып кетеді... Сөйтіп, оның түнгі түнегінде жаңа босағадан аттаған жас келін басына қара орамал салып, оң жақта жатқан атасына және ауыл ақсақалдарына арнап құрмет шайын құйып, таңға дейін отырады... Одан кейінгі мал баспасын деп, темір тормен қоршалғаны Талас көкеміздің қабірі. Сиыршы болатын. Ер көңілді азамат еді. «Тайбурылым өзеннің қай жерінен салсаң да, жүзіп өтеді» дейді екен. Сөйткен ағамыз жазды күні өзеннен сиыр айдап жүріп, тұңғиық шұңғымаға атымен бірге түсіп кетіп, қайғылы жағдайға душар болды. Оның қасында Бітімбай деген баласы да жатыр. Одан арғы шеттегі Шарапи шешеміз. Жалғыз баласы Демеш майданда опат болады. Одан қалған Әбдіқалық пен Әртелбайды аяқтандыра алмай, оларды келіні Збираға тапсырыпты. Одан бергі жатқан мүрде – атақты жыршы Хасан Молдажанов көкеміздікі. Біздің ауылдың әйелдері оны «жыршы қайын аға» деп атайтын. Майдангер Ашықбаев Сембек ағамыздың Қарабау-Қаракөлдің ең сұлуы Жанғалау қызға үйленгенде, екі түн – екі күн бойы «Қырымның қырық батыры» атты жырларынан үзінділер орындаған. Аузына тостаған тосып жырлайтын. Ол атақты Мұрын жыраудың шәкірті болған. Ол жайлы мәліметті белгілі ғалым, әдебиеттанушы Қабиболла Сыдиықовтың жеке архивынан табуға болады. Жыршы кәкемізден кейінгісі – менің туған әкем Тұрниязұлы Жаңай 46 жасында дүниеден өтті. Оның жоғары жағында інім Жақсылық жатыр. Әкем қақ-соғы жоқ, момын, қарапайым еңбекқор адам болған деседі жұрт. Жоғарыда айтылған «Құрмет шайы» атты әңгіменің «Бұл пәниде қорлықтан, зорлықтан, азаптан басқа дым көрмей өткен сорлы әкем, осынау хикаяны рухыңа арнадым, бәрібір, кәке, сен бақыттысың – біз бармыз, балаларың» (Құлпытастағы жазулардан) деген эпиграфы менің әкеме арналған.

Әңгімеде атақоныстан жырақта қалған, қараусыз, мал жайлымында тұяқ кесті болған қорымда бұрынғы «Буракөл» ұжымшарының аяулы азаматтары жатқа-нынан құлақдар еткім келді. Себебі, «Өлі жебемей – тірі байымайды» деген ғой атам қазақ. Есті азаматтарға ой салу және Соғыстың соңғы жазын тағы бір көз алдымыздан өткізейік деген ой еді бұл.

Тәжібай ЖАНАЕВ,

ауданның Құрметті азаматы. Алматы қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT