Ана тілің-арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
- Өз тіліңді құрметте!
Қадыр Мырза Әлі
1989 жылы ана тіліміз-қазақ тілі туралы Заң қабылданғанда исі қазақ бөркін аспанға атып қуанды. Бұл тарихи шындық. Еліміз-туған Отанымыз-Қазақстан өз алдына дербес мемлкет болып, Тәуелсіздік алғаннан кейін Ата заңымызда: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл», – деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Елбасымыз бұдан кейін де ана тілінің мәртебесін көтеру жөнінде әлденеше рет ашық айтып: «Әр қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», – деді. Тіліміздің тұғырын биіктету хақында өзі үлгі-өнеге көрсетіп, БҰҰ-ның мінбесінен қазақша баяндама да жасады. Тіпті осы жақында ғана теледидардан Үкімет пен министрлерге жиындарды қазақша өткізу керек деп талап та қойды. Бірақ баяғы жартас-бір жартас. Рас, сең қозғалған сияқты. Жыл сайын тілді дамыту мен үйренушілерге арнап бөлінген миллиардтаған қаржының қайтарымы қазақ тілді мектептерге тартылған өзге ұлт өкілдері балалар санының өсуі мен жоғары дәрежелі басшылардың бір-екі жылда қазақ тілінде жатық сөйлей бастауымен айқындалатындай. Сондай-ақ ондаған, тіпті жүздеген шетелдіктердің (орыс, жапон, қытай, корей, ағылшын, неміс, венгер т.б.) қазақ тілінде таза сөйлегенін, домбыра тартып, ән салғанын, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, этнографиясын, тарихын зерттеп жатқандарын көргенде, жаның марқаяды. Алайда, бұл – аз. Өйткені, үлкен қалаларға барғанда өзіміздің қара көздердің орысша сөйлеуі, бірдеңе сұрай қалсаң: «я не понимаю по казаксий» деп шап ете түсуі, дүкен, кафе, мейрамхана атауларының шет ел тілінде жазылуы өзіңді құдды бір басқа елде жүргендей жаныңды түршіктіреді. ХХ ғасырдың басында ұлт ұстазы А.Байтұрсынов: «Ұлттың сақтануына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа ұлтты қосамын дегендер әуелі сол ұлттың тілін аздыруға тырысады» – деген ғой.
Ендеше тіліміз үшін тынбай күресіп жүрген қоғам қайраткерлері, әлемдік дәрежедегі әйгілі ақынымыз М.Шахановты қолдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тас түйін болып бірігіп, талап ете білуіміз керек деп ойлаймын. Енді тіл тазалығы жөнінде. Қазақ тілі – әлемдегі ең бай, әуезді тілдің бірі. Оған атақты би, шешендеріміздің екі ауыз сөзбен небір дау-жанжалдарды шеше білгендігі дәлел бола алады. Десек те жыл өткен сайын ана тіліміздің шұбарланып, қойыртпақтанып бара жатқаны байқалады. Атам қазақ «бара жатырмын, келе жатырмын» деп сөз сабақтаушы еді. Өткен ғасырдың 70-жылдары «бара атырық, келе жатырық» деген құлаққа түрпідей тиетін тіркес пайда болып еді, бүгінде осылай сөйлеу бүкіл елді жайлап алды. Сондай-ақ қазіргі жастар жаргон сөздерге әуес. Олар бір-бірімен сөйлескенде «базар жоқ», «қумашы», «мал», «хайуан», «махан», «пахан», «прикольно», «ништяк», «супер» деген сөздерге әуес. Ал, енді ақ жаулықты әжелер мен жасамыс тартқан үлкендердің «бешбармақ» деуі кешірімсіз-ақ.
«Бешбармақ» атам қазақтың сөзі емес, бұл бізге табақтан қолмен тамақ жегендіктен сырттан мазақ ретінде енген сөз. Дұрысында «ет асты», «ет жедік», барша қазаққа осылай деудің не қиынды бар?! Осындай жағдайды бір замандарда орыс халқы да бастан кешкен ғой. Сол кезде орыстың ұлы жазушысы И.С. Тургенев «огурец» енді «огурцы» болып жазылса, мен оны жемей-ақ қойдым», – деп налыған. Құдайым бізді ұлттық асымыздан, оның төл атауынан айыра көрмесін деп тілейік. Таза сөйлеуге қандай мән берсек, сауатты жазуға да сондай ден қоюымыз керек. Газет-журналдарды оқып отырғанда немесе теледидар көргенде олақ сауатсыз сөйлемдер қаптап жүреді. «Мен ойлаймын, еліміздің болашағы бұдан да жарқын болады» деген сөйлемнің дұрысы «Еліміздің болашағы бұдан да жарқын болады деп ойлаймын» емес пе? Бұл әлгі орысша «я думаю» деп басталатын сөйлемнің қазақша калькасы, басқа ештеңе де емес. Бұлайша сөйлеу Астанадан бастап, ауылға дейін жайлап барады, қай бір жақсылық дейсің. «... Бірақ тілек тілесең, сұрағаның орындалады екен» – деп айтты. («Жұлдыздар отбасы»).
Қазір баспасөзде осындай стандарт қаптап кетті. Синтаксистік «деп айтты» емес «деді», солай қолданудың не қиындығы бар? Соңғы уақытта мақала жазушылар шылау мен септеулік жалғауларды айыра алмайтын болды. Мысалы: «Ауылда да, қалада да интернет бар» деген сөйлемдегі «да» шылау, оны алып тастап оқығанда сөйлем мағынасы көп өзгермейді, шылау екенін солай ажыратуға болады. «Біздер ауылда тұрамыз, ағайындар қалада тұрады» деген сөйлемдердегі «да» жатыс септігінің жалғауы. Егер «да» жалғауын алып тастасақ, сөйлем мағынасына нұқсан келеді, септік жалғауы екені солай айқындалады. Мұны енді келешекте осылай жазатындар ескере жүрсін деген мақсатта келтіріп отырмын.
Тіл-ұлттың құжаты, жасампаздығының символы, сондықтан оқырмандарға ой салу мақсатында қадау-қадау пікірлерімізді ортаға салдық. 1992 жылы «Ақ орда» журналының №1 санында қазақтың ғажайып лирик ақыны Сағи Жиенбаевтың «Ана тілім» атты өлеңі жарияланды. Соңғы шумағында:
Қанатыңды қайтадан қағасың ба?
Жанарымнан жас болып тамасың ба?
Ақ маңдайың жарқырап болашаққа,
Қазақ деген атты алып барасың ба?
Енесінен айрылған құлыншақтай,
Айдалада аңырап қаласың ба? – деп ақын ана тілінің болашағына қатты алаңдаған еді. Біз де алаңдаймыз. Белгілі ақын Ш.Дәуреновтің: Барым да, байлығым да ана тілім, Ұштаған ой-сананы дана тілім. Сен өлгенше мен өле салсамшы бір, Еншілеп мәңгіліктің қара түнін, – деп жырлауы Дағыстанның ұлы ақыны Р.Ғамзатовтың: «Егер ана тілім ертең құритын болса, мен бүгін өлуге даярмын», – деген сөзімен ұштасып жатыр. Тіл – өте нәзік құбылыс, тірі организм іспеттес, туады, дамиды. Қоғам дамуымен бірге жаңа сөздермен толығып, дамып отырса, еш қарсылық жоқ. Алайда, тіл заңдылығынан, синтаксистік, лексикалық нормалардан тыс сөз, сөйлемдер кіріксе, ол тілді шұбарламай тұрмайды. Сондықтан, Отанын, елін, ұлтын қадірлейтін әр адам ана тілін де көздің қаршығадай сақтауға үлес қосса игі іс болмағы анық.
Қалидолла ІЗЕКЕН,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.