Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұланы бар елдің ұраны бар

Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ елінде Тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Осы азаттықтың ақ таңы дербес мемлекеттің іргесін бекітуге, қорғанысын нықтауға мүмкіндік берді.

Сол кездегі қалыптасқан жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескерген Елбасы Н.Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанын жариялады. Міне, осылай Тәуелсіздігіміздің төл перзенті – Қазақстанның Қарулы Күштері дүниеге келген еді. Сондықтан да шынайы өз елінің патриоттары 7 мамырды – Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтеді. Әрине, Қазақстан үшін ауыр да күрделі алғашқы жылдары бірден қуатты Қарулы Ктерді құру мүмкін болған жоқ. Бірақ мемлекет қауіпсіздігі, жаңа армияны аяғынан тік тұрғызу негізгі басымдықтардың қатарынан орын алды. Елбасының жеке басшылығымен мемлекеттің дербес Қарулы Күштерін құру-дың қажетті алғышарттары мен Отанды қорғауға олардың дайындығын қамтама¬сыз етудің негіздері жасалды. Осылайша Қазақстан армиясының қазіргі келбеті қалыптасты. Сөйтіп, еліміздің Қарулы Күштерінің жыл сайын рөлі артып, қоғамда маңызға ие болды. Қанаты қатайып, бұғанасы бекіген сайын жауынгерлік әлеуеті де арта түсті. Қазақстан әскеріндегі сап түзеп тұрған сарбаздар мен сардарлардың Отанға деген патриоттық сезімі артып, рухы биіктеді. Айтулы мерекені аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жеке құрамы үлкен жетістіктермен қарсы алуда. Өткен жылы жұмылдыру дайындығы және жалпы қызметтік жұмыстары бойынша жақсы көрсеткішке ие болса, аудан жастарын әскер қатарына шақыруды ұйымдастыруда және оларды аттандыруда да берілген жүктемені ойдағыдай атқаруда.

Бөлім арқылы Атырау әскери-техникалық мектепте оқып, жүргізушілік куәлігін алған азаматтар әскерге барғанда мамандығы бойынша жұмыс істеу жолға қойылған. Ауданнан әскер қатарына шақырушылар кезең-кезеңімен Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комиетінің Шекара қызметіне, Ішкі істер Министрлігінің ұлттық Ұланына, Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне жіберілуде. Сондай-ақ, өз болашағын әскери өмірге арнағысы келетін жастар да бар. Мәселен, биылғы жылы мектеп бітірушілер арасынан үш түлек әскери оқуға баруға ниет білдіріп, құжаттарын жинақтауда. Бұған дейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім арқылы әскери институтта, учелищеде, кадет корпусында білім алған Дамир Құсайынов, Абдулхамит Ұғыбаев, Нұрбол Ғаниев, Нұржан Байшеркешов, Нұрсұлтан Қадимдер өз салалары бойынша қызмет атқаруда.

Ал, әскер қатарында қызмет етіп, абыроймен оралып жатқан сарбаздар аз емес. Тек өткен жылы ғана Отан алдындағы борышын адал атқарған Орақ Байшерекеш, Ислам Ерқанат, Әсет Мұхтар, Дастан Мерен, Нұрбек Рза, Бауыржан Сәрсенбай, Орынбек Серіков, Бекмырза Тынышқали сынды сарбаздар Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комиетінің ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ер жігіттің абыройын асқақтататын еліміздің ең элиталық әскери құрылымы Президенттік Ұлттық «Ұлан» құрамында Отан алдындағы борышын өтегендер де бүгінде көптеп саналады. Бойы 180 сантиметрдан кем емес, бойында қырағылық пен батылдық қасиеті бар, моральдық-психологиялық тұрғыдан берік азаматтар қабылданатын құрылымда бүгінгі күні аудан бойынша елуден астам сарбаз қызмет атқарып келді. Бүгінгі таңда олардың абыройлы қызметін қаракөлдік Әділет Байбоз жалғастыруда. Жоғары оқу орнын бітіріп барған ол «Айбын» Президенттік полкінде Елбасы қауіпсіздігін қаматамасыз етуде. Отан қорғаушылар күні қарсаңында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі тарапынан жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылып, Отан қорғау, патриоттық бағытта әңгімелер айтылады. Сондай-ақ, жергілікті өкілетті орындармен бірлесіп, әскерге шақырушыларды Отан алдындағы борышын абыроймен орындауға шығарып салу рәсімдері ұйымдастырылады. Міне, айрықша маңызға ие Отан қорғаушылар күні қарсаңында ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздарға абыройлы қызмет тілеп, айбыны асқақ, мәртебесі биік Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін демекпіз!

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521