Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САҒЫЗДАҒЫ САЗДЫ КЕШ

Өнегелі өмірдерек

Қазақ журналистикасына еселі еңбек сіңіріп, еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан қаламгерлердің бірі – Мұқан Көптілеуов. Ол осыдан 85 жыл бұрын Сағыз ауылдық округінде дүниеге келіп, сол округтегі қазіргі №9 орта мектебін тәмамдағаннан кейін 1958-1960 жылдары теміржол дистанциясында жұмысшы болады. Мектепте жүргеннен өнерге, өлеңге құштар, әдебиетті жанындай сүйетін кейіпкеріміз  1960 жылы бұрыңғы С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетіне оқуға түсіп, 1965 жылы оны ойдағыдай бітіріп шығады.

Сол жылы жас журналист қазіргі облыстық «Атырау» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады да, кейіннен  аға әдеби қызметкер, мәдениет, хат, экономика  бөлімдерінің меңгерушісі қызметіне дейін көтеріледі. Облыстық газет бетінде ол ұйымдастырған мазмұнды беттер, терең мағыналы очерктер, әдеби шығармалар (әңгімелер мен өлеңдер), облыстық мәдени жаңалықтарын берген хабарлар халық назарын аударып отырды. Жұмыс бабында облыстың түкпір-түкпірін тілші ретінде аралап көріп, біліп, талай жетістіктер мен проблемалы жайлардың куәгері болды. Көрген жайларының бәрін көлемді материалға айналдырып жазып, облыс басшыларының назарына ұсынып отыруымен бірге, еңбекшілерге ой салып отырды.

«Мұқан облыстағы барлық халық оркестрі мен театр,  ансамбль, кітапхана мен клубтар және мәдениет үйлерінің тыныс-тіршілігін терең  білді. Қай ұжымның жетекшісі кім екенін, қай ұжымда (мыс, хор, ансамбль, оркестр) қанша адам бар екеніне дейін есінде сақтайтын. Облыстық драма театры Мұқаннын екінші үйіне айналып кетті десе де болады. Ол театрдын репертуарын, қандай спектакль дайындап жатқанын, қандай рөлдерде кім ойнайтындығына дейін білетін. Театрдың әрбір қойылымына сын материалды ең бірінші Мұқан жазатын. Сондықтан ол облысымыздың театртанушысы болып алды. Облыс әдебиеті де Мұқанның алақанында болды. Облыс әдебиетшілерінің санына дейін, кім өлең жазады, кім прозамен айналысады, кім драматургиямен шұғылданатынын жұрт Мұқан ағадан сұрап алатын. Айтыскер, жазба ақындарға редакцияға бара қалсаң аңқылдап сөйлеп, әрбіреуіне баға беріп жататын.  Оның өзі де қаламы желді ақын болды. Біреудің туған күніне, мерейтойына, достарына арналған әзілдер мен арнауларды шығарып тастай беретін. Өзі жақсы көріп құлаған адамына өлең шығарудан тартынбайтын. Ол журналистика факультетінде өзімен бірге оқыған талантты әдебиетшілер мен ақындарды мақтаныш тұтатын. Дүйсенбек Қанатбаев, Әнес Сараев, Қажығали Мұханбетқалиев, Төлен Әбдік, Төлен Қаупынбаев сияқты қазақ жазушыларымен үнемі байланыс жасап отыратын. Олар да Мұқанды жақсы көреді. Олардың Мұқанға арнаған өлендері де бар екендігін оқырман қауым жақсы біледі» деп еске алады көз көргендер.

Сөйтіп, облыстық газетте тәжірибесін толықтырып, қаламгерлік шеберлігін ұштай білген Мұқан Баянқұлұлы 1991 жылы облыстық мәдениет басқармасына ауысып, өнерге өзі қолдап кіріседі де, «Көкжиек» атты мәдениет басқармасы газетінің редакторы болып жұмыс істеді. Редакторлық жұмысты атқара жүріп, «Мұхит мектебі» атты өнер үйірмесін ұйымдастырады.  Мұхиттың әндерін өзі де табына жақсы көретін, жақсы көрумен бірге домбыра қостауымен өзі де шырқап айтатын. Соның әсері болар, ол тұңғыш ұлының атын Мұхит қойды. Бұға қоса, ол  жыл сайын облыста тұрақты өтетін «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Биік болсын шаңырақ» атты халықтық мереке сайыстарды да ұйымдастырып отырды. Аталмыш басқармада жұмыс істей жүріп, қазіргі Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде қосымша еңбек еткен кейіпкеріміз  1993 жылы университетке біржолата ауысып, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенттеріне «қазіргі қазақ әдебиеті» курсынан дәріс оқып, тумысында тамаша қаламгер, дархан жүректі ұстаз екендігін дәлелдеп шықты. «Мұқаңның бір шығармашылық ерлігі - Атырау облысының энциклопедиясын шығаруда көрінді. Ол шығарушылар алқасының мүшесі болды. Энциклопедияның үлкен бір бөлімі «Облыс әдебиеті мен өнері» тарауын жазып шығып, атын тарихта қалдырумен бірге, облыс халқының алдында абыройлы жұмыс атқарды.» деседі көз көргендер.  

Міне, осындай артына мол рухани дүниелер қалдырған республикаға белгілі қаламгер, әдебиет және театр зерттеушісі, ұлағатты ұстаз Мұқан Көптілеуов 65 жасына қараған шағында өмірден озады. Әйтсе де, «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ақын Абай жырлағандай, еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің, тарихи тағылымы мен журналистикасының дамуы жолында еселі еңбек сіңірген қайраткер Мұқан Көптілеуовтың  өрісті өнегесін жас ұрпаққа ұлағат етсе керемет емес пе?!

Осыған орай, дүйсенбі күні Сағыз ауылдық округінде игі бір шара болып, оған арнайы Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан және Ресей елінің астанасы Мәскеу қаласынан қонақтар келді.

Мектептегі мәні зор шара

            Алыс-жақыннан келген қонақтар ең әуелі көрнекті қаламгер, мәдениеттанушы, театр зерттеушісі, ақын,  журналист, ұлағатты ұстаз Мұқан Көптілеуов білім алған №9 орта мектебіндегі музеймен танысты. Онда алдымен сөз алған сол мектептің директоры Еркін Сұлтанов қонақтарға қош келдіңіз айтып, мектеп музейінің ішінен Мұқан Баянқұлұлына арнайылап  ашылған бұрышпен таныстырып өтті. Бұдан соң сөз сөйлеген ардагер ұстаз, аталмыш мектептің ұзақ жыл директоры болған білікті басшы, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Бағила Жолмұханова: «Мұқан аға осы мектептің екінші түлегі. Ол мектептің мақтанышы. Біз алдыңғы буын аға ретінде осы ағаларға еліктеп өстік. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қойыс Аққұлов ағай сабақ берді. Сол кісі бір күні: «Мен ешкімге бес қоймайтын мұғаліммін. Бірақ, Мұқанға, Қошанға және саған бес қойдым. Сендер менім үмітімді ақтайсыңдар деп сенемін» деген еді. Мұқан аға да, Қошан да,  мен де сол үмітті ақтадық. Жоғары оқу орнына түсіп абыройлы еңбек еттік. Мұқан аға біздің үйдің отағасы Жолдығалимен құрдас. Өзі білім алған мектебіне, туған ауылына деген ықыласы ерекше еді. Біздің мектепте қазір дәстүрге айналған мектеп бітірушілердің жиырма жылдық кездесуін алғаш ұйымдастырған осы Мұқан аға еді. Оның мектебіне арнаған өлеңдері, мазмұнды мақалалары көп. Биыл осы мектептің ашылғанына  85 жыл. Яғни, Мұқан ағамызбен құрдас. Бүгінгі шара сол мерейлі датаға орай өткізіліп жатқан алғы шара іспетті. Мұқан ағаның алыстан келген балаларына, бауырларына аға көрмеген қызықты сендер көріңдер» деген тілегімді айтамын.» деді. Шарада аталмыш мектептің 10-сынып оқушысы Ақгүл Рақымжан, Әмина Жолжан, 9-сынып оқушысы Ақерке Рақымжандар ақын Мұқан Баянқұлұлының «Досқа наз», «Мектеп бітіргенімізге 20 жыл», «Маңғыстауым менің» өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Осылайша, музейдегі мәні зор шара тәмамдалды.

           «Шұғыладағы» әсем ән

Ақын, журналист Мұқан Көптілеуовтың туғанына 85 жыл толуына арналған игі іс «Ақ Сағызым анашымдай ақ пейіл» атты әдеби-сазды кешке ұласты. Сахна шымылдығын Ізтай Мәмбетовтің өлеңіне жазылған өзінің  «Ақын монологы» әнімен ашқан ақтөбеліек ақын, сазгер  Орал-Қосай Байсеңгір кешті одан әрі шырайландырып, Мұқан Баянқұлұлының өмір жолдарын көрерменге таныстырды.  Мұқан ұйымдастырған «Мұхит мектебі» үйірмесінің ізбасарындай бола білген халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Ғибадат Тұрғали Мұхит әндерін зор дауыс, кең тынысымен шырқай жөнелгенде көрермен ғажайып бір әсерге бөленді.

Ал, Мұқан ақынның қос қарындасы,  Бүкілодақтық фестивальдардің лауреаты Айгүл мен Бибігүлдің әсем әні, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, айтыскер ақын, зерделі зерттеуші Есен Түгел Әзидің жан тебірентерлік арнауы  көрерменге көрікті ой ұялатып, жанға жігер сыйласа, ақын, жыршы, әнші, атбегі Зәкария Сағындықұлының жырларын көрші Маңғыстау облысынан арнайы келген Сәрсенбай жыршы төкпелете жөнелгенде залдағы көрермен қошеметін аямады.

Кештің ең бір ғажап тұсы  - жаңа бір әннің сол шарада тұсауының кесілуі еді. Қалай дейсіз ғой? Кешті жүргізу үшін Ақтөбе қаласынан арнайы келе жатқан Орал-Қосай Байсеңгір Мұқан ақын өлеңдеріне көз жүгірте отырып, әнге сұранып тұрған бір өлеңін тауып алады да жолда келе жатып ән жазады. Әнге сай өлеңнің тігісін жатқызады да лезде оны әлеуметтік желі арқылы  әріптес інісі Ғибадат Тұрғалиға жібереді. Ән мәтінімен сол бойда танысқан ол жергілікті сазгер Әбдіғапар Темірханов екеуі сахнаға дайындап, жарқырата алып шығады. Осылайша, көңілді кеште Әбдіғапар Темірханов пен Ғибадат Тұрғали тамылжыта шырқаған Мұқан Көптілеуовтың сөзіне жазылған Орал-Қосай Байсеңгірдің әні «Сағыз вальсі» қалың тыңдарманға жол тартты.

Шарада Атырау қаласынан арнайы келген елімізге белгілі қаламгер, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Әбілхан Төлеуішов пен аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова Мұқан Баянқұлұлының еліміздің әдеби, мәдени дамуына сіңірген өрісті өнегесін жас ұрпаққа ұлағат етсе, Мәскеу қаласынан келген Мұқанның ұлы Дарын, інісі Мұрат, немересі Әділет Маратұлы әкелерін ұлықтап, игі шара өткізіп жатқан барша азаматқа шынайы алғыстарын білдірді. Кеш соңы жүрекке жылылық сыйлап, рухты асқақтата түсетін әнші Орал-Қосай Байсеңгірдің орындауындағы  Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған бард ақын Табылды Досымовтың әні   "Мен саған ғашық емес ем», Светқали Нұржанның сөзіне жазылған Табылды Досымовтың «Сәйгүлік»  әндерімен тәмамдалды. Бұдан кейін Мұқан Баянқұлұлының өмірден өткеніне 20 жыл толуына орай балалары мен бауырлары ас берді.

Бауыржан СИСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT