Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Парасаты мол педагог

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық «Қызылқоға» газетінде «Егемен елге еңбегі сіңген» атты жаңа айдар ашылды. Бұл айдарда тәуелсіздік жылдарында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан қарапайым еңбек адамдары жайлы мақалалар жарық көріп, олардың өнегелі өмірі кейінгі жас буынға насихатталады. Соған сай, айдардың алғашқы кейіпкері есебінде ұзақ жыл білім саласында жемісті еңбек еткен «Білім беру ісінің Құрметті қызметкер» Жалғас Қамысбаев туралы мақаланы көпшілік назарына ұсынамыз.

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кеңінен атап өтіледі. Еліміз осы жылдардың ішінде ғасырларға жүк боларлық белестерді бағындырды. Тәуелсіз Қазақ елінің аз жылдардың ішінде әлемдік қауымдастықтан орын алғандығы баршамызды шексіз қуантады. Әрине, тәуелсіздіктің басты тірегі, сөз жоқ өз кәсібін терең меңгерген мамандар. «Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. «Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету» деп Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап көрсеткеніндей, тәуелсіз еліміздің мәртебесінің асқақтауы еңбек адамдарының жан баласына міндетсімеген, мігірсіз еңбектерінің арқасы екені сөзсіз. Сондай еңбек үлгісін көрсеткен жандардың бірегейі, ұлағатты ұстаз, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Жалғас Қамысбаев. Ол 1958 жылдың 8 сәуірінде Сағыз ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Қаражан – Ұлы Отан соғысының ардагері, ұжымдастыру кезеңінен бастап ауыл шаруашылығы саласында еңбек етсе, анасы үй шаруасында, кейіннен шаруашылық бағытында жұмыстар атқарды. Осылайша бірде бар, бірде жоқ болған таршылық заманда балаларын қатардан қалдырмау үшін екеуі де аянбай еңбек етті.

1975 жылы Кенбай орта мектебін бітірген Жалғас Алматы қаласындағы білім ордаларының қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1979 жылы сол институтты физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Институтты аяқтағаннан кейін еңбек жолын адамзаттың ең игі мамандығы – ұстаздықтан бастады. Облыстық білім беру басқармасының жолдамасымен Мақат кентіндегі М.Горький атындағы мектепке жұмысқа орналасқан ол отбасы жағдайымен туған ауылындағы №112 Сағыз орта кәсіптік-техникалық училищесіне оқытушы болып жұмысқа орналасып, 1994 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарды. 1981-1983 жылдары әскери борышын абыройлы атқарып келгеннен кейін жұмысын жалғастырды. Жалғастың өмір жолына үңіле қарасақ, оның кәсіптік-техникалық училищедегі оқытушылық қызметі нағыз шыңдалу мектебі болған сыңайлы. Шәкірттерін қиын да қызық физика пәніне қызықтыра білуді басты жеңісі санаған Жалғас пән кабинетін бір орталықтан басқарылатын етіп құралдап, заман талабына сай жабдықтады. Ол әр сабағын үлкен дайындықпен, жан-жақты ойластырып, өзге пәндермен байланыстыра, қызықтыра өткізе білді. Тіпті, қазақша оқу-әдістемелік құралдардың аздығына орай, физика пәнінен практикалық жұмыс тапсырмаларына қажетті материалдарды да әркез өзі құрастыруына тура келді. Себебі, физика пәндерінен қосымша кітаптар, әдістемелік құралдар тапшылығы пән мұғалімдеріне қиындық келтірді, ол үшін көбіне орыс тіліндегі оқулықтар пайдаланылды. Мәскеу, Будапешт, Ленинград, Алматы қалаларындағы өндірістік оқу орталықтарынан дәріс алып, білім жетілдіру курстарынан өтті. Оқушылары училищелер арасында түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Осы жасалынған жұмыстар негізінде шығармашылық жұмыстарын жинақтап, ғылыми-әдістемелік бағыттағы басылымдарға өз тәжірибесінен түрлі тақырыптарда мақалалар жариялап, тәжірибесін әріптестерімен бөлісе білді. Шығармашылық еңбектерінде пәнді оқытуда түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сабақты түрлендіре өткізу, сол арқылы оқушының ынтасын, қызығушылығын ояту, оқушының білім деңгейін арттыру бағытындағы тақырыптарды қамтып, өзінің ізденісімен, білім-біліктілігімен абыройға бөленді. Ұлы Абайдың «Ақырын жүріп анық бас еңбегің кетпес далаға» деген өнегесін ұстанған Жалғас өзінің білім-біліктілігімен ұстаздық қызметінде абыройлы із қалдырды. Осындай ізденіске толы табанды жұмыстарының нәтижесінде «аға оқытушы» және «жоғары категориялы оқытушы» атақтарына ие болды. Кейіпкеріміздің еңбексүйгіштігіне, іскерлігіне сүйсінген ел ағалары оны арнайы шақырып, еңбек жолын басшылық қызметте жалғастыруды ұсынды. 1994 жылы Кенбай орта мектебінің директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған ол басшылық қызметке кіріскен сәттен мектептегі оқу-тәрбие үрдісін бүтіндей өзгертуге күш салды. Яғни, мектеп ұжымының жаңа педагогикалық технологияларды меңгеруін, оны күнделікті сабақтарында қолданылуын жүзеге асырды. Оқушылардың білім сапасын көтеріп, пән кабинеттерін талапқа сай жабдықтауды, мұғалімдердің біліктіліктерін арттырып курстарынан өтуін ұйымдастырды. Мұғалімдерді түрлі деңгейдегі білім сайыстарына қатыстыру арқылы шығармашылығын жетілдіруді жолға қойды. Осы талаптар өз нәтижесін бере бастады. Басшы ретінде сабақ кестесінің сақталуы, олардың уақтылы жүруі, мұғалімдердің күнделікті сабаққа дайындықпен келуі, әр мұғалімнің өз мүмкіндігіне қарай жаңа технологияны меңгеруіне бағытталған қарапайым қағидалардың мүлтіксіз сақталып, орындалуын талап етті. Ұжымның жұмысына жан бітірген басшының іскерлігі арқасында, мектеп ұжымының жұмыстары жоғарғы жетістіктерімен көрінді, оқу сапасы жоғарылады. Мектепте шығармашылық ұжым қалыптасты, пән мұғалімдері түрлі байқаулардың жеңімпаздары атанды. Жетістіктердің көш басында тәжірибелі ұстаздар жүрді. Аудандық педагогикалық оқулар, оқушылардың пәндік олипиадаларынан мектеп ұжымы бірнеше жыл қатарынан І, ІІ орындарды иеленді. Білім сапасының көрсеткіші болып табылатын Ұлттық бірыңғай тестілеуде де мектеп ұжымы үнемі тұрақты І, ІІ орыннан көрініп, оқушыларды аталмыш білім сынағына 100 пайыз толық қатыстыру жолға қойылды. Сөйтіп, Жалғастың іскерлігі, әдіскер ретінде шеберлігі, білім-білігі әр басқан қадамына жол ашты. Осы орайда кейіпкеріміз: «Адамның мүмкіндігі қоршаған ортасына да тікелей байланысты ғой. Ісімнің алға басуына аулымыздағы тәжірибелі де тәлімді Шанықұл Ноғайбаев, Әбділқайыр Молдашев, Құлмағанбет Қоданов, Жылқыбек Ахметов, Алтын Бердіғұлова сияқты ұжым басшылары, аға буын ұстаздар қауымының үлкен әсері болды. Әрқайсысы қатаң талапты, адам танитын, алдыңғы толқынның өкілдері еді. Әріптес ретінде сыйласып, әркез өз тәжірибелерін ұсынып, жұмысыма қолдау көрсетті» деп ағынан жарылды.

Міне, осындай жұмыстар нәтижесінде 1999 жылы Кенбай орта мектебіне директор қызметіне тағайындалды. Табандылық, өз ісіне берілгендік, бірыңғай талап қоюшылық, Жалғастың басшы ретіндегі басты ерекшелігі болатын. Оның жаңашыл, өз ісінің қыр-сырын терең де шебер меңгерген басшы ретіндегі еңбегі одан әрі ескеріліп, ауылдағы №9 орта мектептің, кейіннен Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің директоры қызметтерін атқарды. Бұл басшылық қызметтерінде де ол елде беделді және тәжірибелі басшы, білікті педагог ретінде үлкен абыройға ие екендігін дәлелдей түсті. Өзіне көрсетілген сенімді және жүктелген жауапкершілікті ақтау үшін мұғалімдердің кәсіптік даярлығына, олардың жұмыстарының нәтижелі болуына ерекше мән беріп, жағдай туғызды. Қай жерде басшы болса да, сабақ беруді бірінші кезекке қойып, өзі де мамандығына сай физика пәндерінен сабақ берді. Әрине, әрі басшы, әрі мықты пән мұғалімі болу қиын, бірақ бәріне уақыт тауып үйлестіре білді. Сол үлгісімен мектеп мұғалімдерінің сабақты сапалы өткізуіне ықпал етіп, өзара әдістемелік көмек көрсете отырып, әріптестерінің үнемі жоспарлы жұмыс істеуіне ықпал етті. Мектеп мұғалімдерінің сабақтарына қатысу арқылы оларға терең талдау жасай отырып, жас ұстаздардың әдістемелік шеберліктерінің артуына ықпал жасаған талай істерінің куәсі болдық. Қатаң да қатал талап қоя білетін басшы ұстаздардың шыңдалуын, шығармашылықпен айналысып, озат тәжірибелерді меңгеруін де бірінші кезекке қойды. Педагогикалық кеңестен басқа, мұғалімдердің әдістемелік кеңес отырысында білікті де тәжірибелі мұғалімдер өздерінің арнайы айналысып жүрген зерттеу жұмыстарын, тәжірибелерін ортаға салып, кеңесіп, пікір алысу жүйелі жолға қойылды. Бұл кеңес отырысының жас мамандар үшін пайдасы мол. Соның нәтижесінде іскер, білімді, педагогикадағы жаңалық атаулыға бет бұрған, шығармашылықпен жұмыс істеуге қабілетті ұжымды қалыптастыра білді. Әр пән мұғаліміне назар аударылды. Мұғалімдер өзінің пайдалы бастамасын басшылық тарапынан мақұлданып, құлшынысы марапатталатынын, шығармашылық істің қолдау табатынын сезінді. Сондықтан да олар басшыларына ұқсап, өз еңбектеріне шолу жасап, тәжірибелерін жинақтап, баспасөз беттерінде әріптестерімен ой бөлісуге ұмтылды. Осылайша, ол басшылық жасаған мектеп ұжымы алдыңғы қатарлы, озық педагогтық ізденістер мен жаңашылдықтың ордасына айналды. Ұжымның жұмысына жан бітірген басшының іскерлігі арқасында, ол басқарған мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарында жоғары жетістіктерге жетті. Оқу сапасы жоғарылады. Елдің қоғамдық өміріне белсене араласып, 1990-1994 жылдары селолық кеңестің депутаты болып қызмет етті. «Сырт көз – сыншы» демекші, осы жасалған жұмыстардың барлығы жұртшылықтың назарында болып, ата-аналардың ыстық ықыласына бөленді. Еңбек қай кезде де еленбек. Білім беру саласында атқарған сан қырлы қызметіне лайықты баға беріліп, білім беру саласына қосқан үлесі үшін «Үздік басшы-2015 ұлттық сертификатымен», Қазақстан Республикасы «Экономика мақтанышы» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және облыстық, республикалық деңгейдегі мақтау қағаздарымен әр жылдары мадақталды. Сонымен бірге есімі Атырау облысы мұғалімдерінің энциклопедиясына, «Сағыздың бойы ен жайлау» шежіре кітабына, «Атырау ұстаздары» жинағына енгізілді. Әр жылдары облыстық, республикалық басылымдарда, «Мектеп-45 минут», «Математика және физика», «ИФМ», «Кәсіптік мектеп» журналдарында оқу-әдістемелік мақалалары жарияланды. Қазірде Жалғас колледж директорының орынбасары, өз мамандығының мәртебелі өкілі ретінде туған бойында адами қасиеттерді қалыптастыруға ғұмырын арнаған абзал жан.

Жалғастың қызметтегі бағы мен үй ішіндегі бабын бірінен-бірін кем түсірмей отырған жұбайы Дариға да еңбегін жас ұрпаққа саналы тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді дарытуға арнаған білікті ұстаз, құрметті зейнеткер. Сонау 1981 жылы қос жүректің әмірін орындап, ерлі-зайыпты атанған ғашық жандардың қосылғанына биыл 40 жыл толыпты. Бүгінде Жалғас пен Дариға үлкен бақытты әулеттің иелері, үлгілі отбасының ардақты ата-анасы, немере-жиендерінің сүйікті ата-әжесі, ағайынның ақылшысы. Қызы Құралай – Атырау аграрлы-техникалық колледжінің оқытушысы, республикалық «2018 жылдың Үздік педагогы» медалінің және грант иегері, жолдасы Ринат – өндіріс саласында инженер, Айбегі мұғалім, келіні Марта – балабақша тәрбиешісі, ұлы Нұрбек – инженер, келіні Гаухар – мұғалім, Алмабегі – вахталық жұмыста, келіні Мөлдір мұғалім болып жұмыс жасайды. Отбасында ата-әжесіне бақыт сыйлаған жиен-немерелер өнегелі болып өсіп келеді. Қазіргі таңда олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, текті жұртпен құдандалы болған бақытты отбасы.

«Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын» деп бабаларымыз айтқандай, жанымызда жүрген жандарды танып қана қоймай, мақтан тұтып, ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, қадіріне жете білгенге не жетсін!

Бүгінде, зейнеткерлік жасқа ажарлы жетіп, салиқалы мінезінен танбаған Жалғас Қаражанұлына мықты денсаулық тілейміз. Егемен елдің дамуы жолында еселі еңбек етіп, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға сүбелі үлес қосқан парасат пайымы мол Жалғастай педагогтар көп болса игі дейсің.

Айтбай ҚАРАМУРЗИН,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының басқарма басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT