Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Халықты баспанамен қамту – мемлекеттің басты міндеті» деп атап өткен болатын.
Соған сай, бүгін аудан орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға баспана кілтін табыстау рәсімі өтті. Оған аудан әкімі, Атырау қаласынан келген қоғам белсенділері, бөлім-мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Бүгін мерейлі мереке қарсаңында қуанышты сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Себебі, көптен бері «Бір баспанам болса ғой» деп армандап жүрген үйсіз отбасылар баспана кілтін алмақшы. Осыдан бірнеше күн бұрын Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл ауылдық округтерінде тұрғын үй табысталса, ендігі кезек миялылық отбасыларға келді. Жалпы мен сайлауалды бағдарламамда 360 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету межесін белгілеген болатынмын. Міне, бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс әкімінің қолдауымен сол жұмыстар жүзеге асуда. Былтыр жаңадан салынған 80 үйді тапсырсақ, биыл одан да көп баспана тапсыруды жоспарлап отырмыз. Ендеше, ауданымыз дами берсін, қоныстарыңыз құтты болсын! – деп, артынша зейнеткер Қамажай Сүндетоваға, көп балалы аналар Меруерт Ықласова мен Гүлсара Ормановаға су жаңа баспана кілтін табыс етті.
Бұдан кейін Атырау қаласынан арнайы келген қонақтар облыстық мәслихат депутаты, қоғам белсендісі Гүлназ Қосмурзиева, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Мейрамгүл Есниязова, «Жаңа уақыт» қоғамдық қорының жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам белсендісі Сандуғаш Кукенова, «Батыс» еріктілер тобының жетекшісі Әсия Құлжановалар сөз алып, аналар мен қыз-келіншектерді мерейлі мерекемен және баспаналы болуымен құттықтады.
Игі тілек, ыстық лебіздерден кейін әртүрлі санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған Амангүл Сұлтанова, Жасұлан Жандосов, Тұрлан Есетов, Диана Ырысқали, Жаңагүл Дүйсенғалиева, Айымгүл Жаңбырова, Гүлмаржан Қарабаева, Жанат Әленова, Гүлмайда Ерғалиева, Сәния Сармұханова, Нұргүл Шамұратова, Аманжан Әйтекешовтерге салтанатты түрде баспана кілті табысталды. Одан әрі салтанатты шараның қонақтары су жаңа тұрғын үйлерге бас сұғып, дәм ауыз тиіп, құтты болсын айтып тарқасты.
Дулат БЕРІКҰЛЫ