Өткен аптаның жұмасы күні VІІ сайланған аудандық мәслихаттың кезекті ІІ сессиясы өтті.
Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары, округ әкімдері, бөлім басшылары мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы қатысқан сессия мәжілісінде үш мәселе қаралды. Алдымен, Көздіғара ауылдық округі әкімі Абат Ақбалашұлының өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалысы туралы хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы жылқы (4,1 пайыз), мүйізді ірі қара (6 пайыз), түйе (3 пайыз) малдарынан өсім байқалса, қой-ешкі 10,1 пайызға азайды. Мал тұқымын асылдандыруды қолға алған 7 шаруа қожалығына 6 миллион 850 мың теңге, ал асыл тұқымды малға дайындалған жем-шөптің шығынын өтеуге 8 шаруа қожалығына 11 миллион 299 мың 754 теңге субсидия берілді. Жұмыссыздық есебіне тіркелген 167 адамның 9-ы тұрақты, әлеуметтік, маусымдық, ақылы қоғамдық негіздегі жұмыстарға тартылды. Округ орталығынан тұрғын үй салу үшін 80 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 109 адам тұр. Алдағы уақытта округке қарасты Бүйрек, Қосқұлақ елді мекендеріне ауылішілік ауыз су құбырын тарту жоспарлануда. Мұның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Есепті жыл ішінде коронавирус дертіне шалдыққан 12 адам уақытында емделіп шықты.
Хабарламаға орай сөз алған аудандық мәслихат депутаты Сайлаубек Темірғалиев:
– Жақында аудандық мәслихат хатшысының өкімімен құрылған уақытша комиссияның мүшелері аталмыш округ әкімінің жұмысын зерделеп, округтегі қоғамдық ұйым жетекшілерімен пікірлесіп, біраз нәрсеге қанықтық. Округке қарасты Қосқұлақ, Бүйрек елді мекендерінде интернет желісінің нашарлығы қашықтан оқу кезінде оқушыларға қиындық келтірді. Орталықта екі тұрғын үй табиғи газге қосылмаған. Екі үй де газ желісін жүргізу талаптарына сай емес. Апатты жағдайда болғанымен құжаттары жасалмаған. Пошта қызметіне халықтың реніші көп. Өйткені, оператор штаты бос тұр. Газет-журнал уақытылы таратылып, төлем қабылдау серіктестік жолмен іске асырылып жатқанымен, зейнетақы, еңбекақы, басқа да қаржылық операциялар аудандық пошта байланыс торабы мамандарының келуін күтеді. Көшедегі бірқатар бильборд-баннерлердің уақыты өтіп кеткен, ауыстыруды қажет етеді. Жалпы, округте қоғамдық ұйымдармен байланысты әлі де жетілдіруді қажет етеді, - деді.
Мәжіліс төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Айбар Алтыбаев айтылған ескертпелер сессия отырысының хаттамасына енгізіліп, бақылауда болатындығын тілге тиек етті. Сессия барысында, аудандық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов бюджеттен ұлттық спорт түрлерін өткізуге қаржы қаралып, ипподром құрылысын салуға нақты жер телімі белгіленіп, қазығы қағылса деген ұсынысын білдірді.
Депутаттың ұсынысына жауап берген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Биылғы жылы ауданда спорттық шараларды өткізуге 5 миллион 600 мың теңге қаралды. Бұл қаржының бір бөлігі ұлттық спорт түрлерін ұйымдастыру үшін бөлініп отыр. Аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевке Миялы ауылдық округі әкімімен ақылдасып ипподром салуға жер телімін белгілеу мәселесін шешуді тапсырамын,-деді.
Сондай-ақ, сессия отырысында қаралған басқа да мәселелер бойынша хабарламашыларға аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов, аудандық мәслихат депутаттары Сәндігүл Дәуленова, Бағытжамал Жұмабаевалар сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәжіліс соңында аудандық мәслихаттың кезекті ІІІ сессиясының төрағалығына аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Айтуғановтың кандидатурасы ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.
Бауыржан САҚТАСИНОВ