Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мұқырдағы дүбірлі дода саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналды

Сонау отызыншы жылдарда қуғын-сүргін құрбаны болған жандардың басым бөлігі ақталғанымен әлі күнге дейін жан жарасы жазыла қойған жоқ.

Ал, жазықсыз жазаланып, жапа шеккен арыстарды еске алған сайын олардың рухы биіктей түсіп, бүгінгі және кейінгі ұрпаққа өрісті өнегесін паш етуде. Бұл ретте, өткен аптаның сенбісі күні Мұқыр ауылында саяси қуғын-сүргін құрбаны Мырзағали Дәулетбайұлының әулетінде бақилық болған жандарды еске алу мақсатында ұрпақтары дүйім елді жинап, марқұмдардың рухына құран бағыштап, ас беріп, ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізді.

Тарих деректеріне сүйенсек, Мырзағалидың әкесі Дәулетбай кезінде елге белгілі ірі бай болған. 1927-28 жылдары ірі байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, оған Дәулетбай Омарұлы да ілігеді. Тәркілеу кезінде орын алған асыра сілтеушілікке қарсы көтеріліс басталады. Кейіннен көтеріліс басылып, оған қатысқандарды аямай жазалайды. Жазалау құрығына Қайрош, Жұмағали Омарұлдары да ілігіп, ату жазасына кесілсе, Дәулетбай бес жылға, ұлы Мырзағали үш жылға сотталады. Дәулетбай Омарұлы 1962 жылы, екі інісі мен ұлы 1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының ұйғарымымен саяси қуғын-сүргін құрбаны болып танылып, ақталады,

Тайсойғандық тұлпар алдына ат салмады

Міне, осындай жазықсыз жапа шеккен жампоздарды еске алған Мұқыр ауылының тұрғындары мен қонақтары алдымен «Бәйгетөбе» алаңында жүй-ріктердің жарысын тамашалады. Аталмыш шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов:

– Ата-бабаларының игі істерін, кезінде атқарған ұлықты ұлы істерін дәріптеу бағытында ұйымдастырылып жатқан осынау игі шараның берері көп. Мұндай шаралар ұлттық болмысымызды одан әрі аша түсетіні даусыз. Сондықтан, бабалар рухына арналған дұға қабыл болсын, – деді.

Бұдан кейін ұрпақтар атынан сөз алған Тілек Мырзағалиұлы жұртшылыққа қош келдіңіздер айтса, аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов ат спортын дамыту бағытында өткелі жатқан игі шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, «Иманғали» мешітінің найб имамы Кәкімжан Кенженов бабалар рухына құран бағыштады.

Алдымен жеті айналымы 21 шақырымды құрайтын аламан бәйгеге қатысушы жүйріктердің бағы сыналды. Бәйгеге 12 ат қатысты. Ат жарыс десе делебесі қозатын жұртшылық ортаға шақырылған әрбір тұлпарды сынап, «Ана құла алға шығады», «Торы төбел жүйрік» деп өздерінше бәс тігіп жатты. Сөйтіп, бәйгенің шаңын төбесіне көтерген шабандоздар тұлпарларына қамшы басты. Аламан бәйгеде Тайсойған ауылдық округінің «Қара жал» аты бірінші келіп, тұлпардың иесі Сәлімжан Өтеғалиев 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал, екінші орынды жангелдиндік Әбілмәжін Сәрсенғалиевтің құла аты (300 мың теңге) иеленсе, мұқырлық Қуандық Төлешовтің сәйгүлігі (150 мың теңге) үшінші орынға қол жеткізді.

Тоғыз ат қатысқан тоқ бәйгенің бірінші орнын миялылық Қайырбек Баймұратовтың (200 мың теңге) аты еншілесе, екінші орынды мұқырлық Абдуллах Құмар (150 мың теңге), үшінші орынды жангелдиндік Әбілмәжін Сәрсенғалиев (100 мың теңге) иемденді.

Тай жарысына 15 тай қатысып, бақтарын сынады. Үш шақырымдық жарыс алаңын бір айналатын сайыста мұқырлық атбегі Аманияз Тайжановтың «Жұлдыз» атты тайы бірінші келіп, 100 мың теңгені иемденсе, екінші орынды да Мұқыр ауылдық округінен қатысушы Талғат Қайырғалиевтің (70 мың теңге) тайы еншіледі. Ал, сағыздық Сергей Батырбекке (30 мың теңге) үшінші орын бұйырды. Бәйге жеңімпаздарын марапаттау барысында Мырзағали атаның ұрпақтары жүйріктері төртінші келген атбегілерді де ынталандыру сыйлығымен марапаттады.

Ат жарысы аяқталғаннан кейін жұртшылық «Ақ отау» мейрамханасында еске алуға арналған ас дастарқанда бас қосты. Бабалар рухына арнап құран аяттары оқылған соң, алыстан, жақыннан шақырылған қонақтар ізгі тілектерін жолдады.

Бекболат «Түйе балуан» атанды

Ересектерге арналған түйе балуан күресі ауа райының ыстығына орай кешкі сағат 18.00-де Мұқыр орта мектебінің спорт алаңында ұйым-дастырылды. Бұл сайысқа жиырма балуан қатысты. Олардың арасында «Қазақстан барысына» қатысушы Бекболат Салықов, Кенжебек Күзембаев және облыстық, республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Мәлік Төлеуішов, Айбек Ахметов, Дастан Закаряев сынды балуандар бар. Олар боз кілемге шығып, күреске сусаған мұқырлықтарды тартысты белдесулерімен таңдай қақтырды. Нәтижесінде бірінші орынды биылғы жылы «Қазақстан барысына» қатысушы мұқырлық Бекболат Салықов иеленіп, 500 мың теңгені еншіледі. Ал, екінші орынды атыраулық Абылай Амандық (300 мың теңге) жеңіп алса, үшінші орын миялылық Мәлік Төлеуішовке (150 мың теңге) бұйырды. Жеңімпаз балуандарды жаттықтырушылар Мәлік Сүлейменов, Марат Әбдуалиев және ата ұрпағы Жалғас Мырзағалиев марапаттап, естелік суретке түсті.

Сөйтіп, бір күнге созылған тағылымы мол шара мұқырлықтарды бір серпілтіп тастады. Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртуға арналған ғибраты мол ұлық іс ауыл тұрғындарының есінде берік сақталып қалары анық. Алдағы уақытта да ел бірлігін нығайтатын осындай шаралар аяқсыз қалмай, ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

Саадат НҰРМАНОВ, айтыскер ақын:

– Әуелден топырағының өзіне өнер тұнған, кие қонған Қызылқоға өңірінен небір дүлдүл ақындар мен жыраулар, би-шешендер, балуандар өткен. Бұл өңірде әйгілі адамдарға арнап ас та берілді, ат та шапты. Ал, бүгінгі өтіп жатқан шараның орны бір бөлек. Себебі, бұл шара аталар рухына тағзым ету бағытында ұйымдастырылуда. Мұндай жиындардың берері көп. Осы шара арқылы алаш арыстары рухының өлмейтінін, мәңгі жасайтынын, екінші ғұмырларының басталғанын көріп отырмыз. Баба ұрпақтары ас берумен бірге ұлттық спорт түрлерін насихаттай отырып, елді рухани жаңғыртуға бетбұрыс жасауда. Бұл шара ат жарыс десе ішкен асын жерге қоятын, делебесі қозатын қазақтарды одан әрі рухтандырып, қанаттандыратыны сөзсіз. Осындай жиындар жиі болып тұрса, көмескіленіп бара жатқан ұлттық болмысымызды қалпына келтірері сөзсіз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT