Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ С.НАҚПАЕВ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНДА

Жыл сайын жазғы демалысқа шыққан халық қалаулылары ауыл-аймақтарды аралап, елдің ішкі ахуалымен танысатындығы белгілі.

Соған сай, сейсенбі күні ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты  Сәлімжан Нақпаев жұмыс сапарымен келіп, аудандағы бірқатар нысандарды аралап, сайлаушылармен кездесті. Мәжіліс депутаты алдымен аудандық орталық аурухана ұжымымен кездесті. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев ақ халаттыларды келген қонақпен таныстырып, іссапардың мән-маңызына тоқталып өтті. Содан кейін сөз алған аудандық орталық аурухананың директоры Самат Тайшыбай:  

– Қазіргі таңда, ауданның денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды мәселе – маман тапшылығы. Қажетті мамандардың болмауы соңғы екі жылда қатты білінді. Әсіресе дәрігер-анестезиологтың жоқтығы біраз жұмысқа қол байлау болып отыр. Әрине, соған қарамастан жұмыс тоқтап қалған жоқ. Былтырғы жылы пандемия басталғалы барлық қызметкерлер аяқтарынан тік тұрып, елдің саулығы үшін жұмыс жасауда. Ауданда эпидемиологиялық ахуал биылғы жылы күрт нашарлап кетті. Әсіресе, соңғы екі айда аурулар көп түсті. Соған байланысты орталық аурухананың инфекциялық бөлімін 50 орынға көбейттік. Осыдан 10-15 күн бұрын бөлімде бос орын болмайтын. Дәл қазір жағдай сәл жақсарып, науқастар саны 31-ге түсті. Мұның барлығы уақытпен санаспай, күндіз-түні жұмыс жасаған қызметкерлердің арқасы деп білемін. Дегенмен жағдай сәл жақсарғанымен қауіп сейілген жоқ. Осы орайда, дәл қазіргідей жағдайда денсаулық сақтау саласына дұрыс көңіл бөлінсе дейміз. Әсіресе, біз секілді алыс аудандарды көлікпен қамтыса деген ұсыныс бар. Қазірдің өзінде аурухананың теңгеріміндегі көліктердің кейбірі әбден ескіріп, тозығы жетіп отыр. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты сол көліктерді амалдап, жүргізуге мәжбүрміз, – деді.

Аурухана директорынан кейін сөз алған дәрігер-гинеколог Дәмегүл Меңдіғалиева: «Қазір ауданда реаниматолог маман жоқ. Соның салдарынан біз аяғы ауыр әйелдерді босану үшін қалаға жіберуге мәжбүрміз. Сондай-ақ, тағы бір мәселе – Атырау қаласынан келетін санитарлық авиация кешкі алтыдан кейін ұшпайды. Ал, бұл біз секілді алыс аудан үшін өзекті мәселе. Себебі, бізге жағдайы ауыр науқасты қалаға тез арада жеткізу қиын. Сонымен қатар, осындай күрделі жағдайда жергілікті әкімдік тарапынан біздерге қолдау керек. Себебі, қанша жұмыс жасап жатсақ та аудан әкімдігінің «Телеграм» чатында аурухана қызметкерлерін жамандау, сынау әлі де болсын басылар емес» деген пікірін жеткізді.

Аурухана ұжымының ұсыныс-пікірін мұқият тыңдаған Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты  Сәлімжан Нақпаев:

– Мен осы ауданға сапарды жоспарлағанда білім беру саласының қызметкерлерімен кездесу туралы ұсыныс болды. Алайда, өзім  денсаулық сақтау саласы мамандарымен жүздесуді жөн көрдім. Себебі, ақ халаттылар – қазіргі күннің батырлары. Біраз мәселені тыңдап, жанайқайларыңызды түсіндім. Әсіресе, маман тапшылығы өте өзекті екен. Бұл мәселені денсаулық сақтау министріне депутаттық сауал есебінде жолдайтын боламын. Ал, санитарлық авиация, көлік мәселелерін облыс әкімімен кездескенде жеткіземін. Дәрігерлерді қолдау жергілікті әкімдік тарапынан ұйымдастырылады, – деді.

Аурухана ұжымымен кездескеннен кейін мәжіліс депутаты «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, одан әрі «Ералы» су торабына барды. Су торабы көп жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Бұл туралы мәжіліс депутатына «Қазсушар» РМК-ның Атырау облысы филиалының Қызылқоға өндірістік учаскесінің басшысы Сайлаубек Темірғалиев баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда «Ералы» су торабына 524 миллион теңгеге жөндеу жасалмақшы. Өз кезегінде сөз алған  мәжіліс депутаты Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінің  мәселесі бойынша депутаттық сауал жолданып, соған орай  экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арнайы комиссия құрып, жұмыс жасап жатқандығына тоқталды. Іссапарды қорытындылаған халық қалаулысы ауданның өзекті мәселелерін Парламентте көтеретіндігін тілге тиек етті.

 

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT