Жылдар бойына бірнеше ғимаратта көшіп- қонып жұмыс жасап келген Индер аудандық «Дендер» қоғамдық- саяси газетінің редакциясы газеттің 90 жылдық мерейтойына орай жаңа ғимаратқа қоныс аударды.
– Редакциямызға жаңа ғимарат беріліп отыр. Аудан әкімдігі журналистерге осылайша тарихи сый жасап отыр. Өйткені, жеке өзіміздің редакциямыз болмай, біраз қиындықты ондаған жылдар бойы басымыздан өткергенімізді қалың оқырман, аудан жұртшылығы жақсы біледі,- дейді аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин.
Жаңа ғимараттың лентасын қию құрметі Қазақстанның құрметті журналисі, сала ардагері Кеңес Сахи мен «Атырау-Ақпарат» ЖШС Бас директоры Нұрболат Елеусіновке тапсырылды.
Нысанның жалпы аумағы 320 шаршы метр. Дербес жылыту жүйесі, шағын саябақ орны бар. Журналистерге қызмет жасауға толық жағдай жасақталған кеңседе жаңа компьютерлер мен жиһаздар, қызметкерлерге қажетті өзге де құрал- жабдықтар табысталды.