Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ ЕТТІ

Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар аудан орталығында «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Оған аудан басшылары, ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары және барлық бөлім, мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Шара барысында, «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соғыстан оралмаған боздақтардың рухына арнап құран бағыштады. Бұдан кейін мерекелік шараны құттықтау тілекпен ашқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Бұл күн бәріміз үшін қасиетті де, қастерлі күн. Себебі, біздің аталарымыз Отан үшін, кейінгі ұрпақ үшін қанқұйлы соғыста жан аямай соғысып, дәл осы күні жеңіс туын желбіретті. Ұлы Отан соғысына біздің ауданнан үш мыңдай майдангер барса, соның екі мыңы майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Одан бөлек, тылда талмай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан еңбеккерлердің де ерлігі ұшан теңіз. Осы орайда, барша аудан халқын Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, -деді.

Артынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин ардагерлер атынан игі тілегін білдірсе, «Арман» мәдениет үйінің әртісі Аманқос Нұржан «Майдангерлер» атты өлеңді нақышына келтіре оқыды. Құттықтау тілектерден соң аудан әкімдігі бастаған барлық бөлім, мекеме басшылары мен қызметкерлері «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521