Миялы ауылындағы мерекелік шаралар одан әрі ауылдың басты бетіндегі көгалда көкпар, жамбы ату, теңге ілу сайыстарымен жалғасты.
Аудан әкімдігінің қолдауымен, облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өткен спорттық сайыстарға көршілес Ақтөбе облысынан, Атырау қаласынан және ауданымыздың Сағыз, Мұқыр, Миялы ауылдық округтерінен білекті де, жүректі жігіттер қатысты.
Сайыста алдымен аудандық мәслихат депутаты Есенбай Нұров бата берсе, аудан әкімі Қанат Әзмұханов жарысқа қатысушы барлық спортшыға сәттілік тіледі. Сөйтіп, алаңға шыққан көкпаршылар салмағы қырық келіге жуықтайтын серкені жерден іліп алып, тартысты бәсекені бастап кетті. Нәтижесінде, бірінші орынды «Сағыз-1» командасы (жүлдесі 500 мың теңге) жеңіп алса, екінші орынды көршілес Ақтөбе облысы Ойыл ауданының (жүлдесі 300 мың теңге) командасы иеленді. Үшінші орынды «Сағыз-2» командасы (жүлдесі 200 мың теңге) жеңіп алды. Ал, жамбы ату сайысында бірінші орынды Қайырбек Қабыл (Миялы), екінші орынды Ізбасар Сәлімов (Атырау), үшінші орынды Айтолды Бимғамбет (Атырау) иемденді. Ынталандыру сыйлығына миялылық Бектұр Тынышқали мен Бауыржан Ақтаев ие болды. Теңге алу сайысында көршілес Ойыл ауданынан келген шабандоз Қуанышбек Төлегенов пен Бекнұр Әубәкіров бірінші, екінші орындарды өзара бөліссе, үшінші орын сағыздық Айбол Ақышқа бұйырды. Жамбы ату мен тең алудың жеңімпаз-жүлдегерлеріне тиісінше 50 мың, 30 мың, 20 мың теңге ақшалай сыйлық беріліп, оларды облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов марапаттады. Спорттық сайыстар аяқталған соң көкпаршылар серкені жерден көтеріп алып, қазақы ырым бойынша келіні бала көтере алмай жүрген отбасының үйіне апарып, «Осы үйде балуан ұл дүниеге келсін» деген ізгі тілектерін арнады.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН