Газетіміздің өткен сандарында жарық көрген Қиыл және Ойыл өзендеріне құятын шағын өзендер мен сай-жыралардың бойына салынған заңсыз бөгеттерді, табиғи кедергілерді анықтау мақсатында шыққан экспедицияның үшінші тобы 24 сәуір күні Атырау қаласынан шықты. Ғибрат Тұрсынғали тізгіндеген «Нива» автокөлігінде табиғат жанашырлары Есенбай Нұров, Марат Жалдекенов, операторлар Қуаныш Таңатаров, Жетпісбай Нарынбай, ал шетелдік «Джип» автокөлігінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экология, био және нанотехнологиялар ғылыми-зерттеу институтының директоры Рауан Абдинов, облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Алмас Қабдолов, Атырау қаласында тұратын жерлестеріміз Айдос Ибрагимов, Ардақ Исағалиевтар болды.
Жоңышқа өсіремін деп суды бөгеген
Күннің жаңбырлы болғанына қарамай алға тартқан «Нива» автокөлігіндегілер Темір ауданы аумағынан басталатын Ойыл өзенінің басына барды. Табиғат жанашыры Есенбай Нұровтың айтуынша, Ойыл өзені бастауын Қызылбұлақтан аққан бұлақ суларынан алады. Аталмыш бұлақтың төменгі жағында үлкен бөгет салынған. Бөгетке тіреліп тұрған судың көлемі үлкен. Оған шлюз орнатылмағанымен, бөгеттің бетімен бірдей етіп салынған төрт құбырдан жайлап қана су ағып жатыр. Су қозғалысы баяу болғандықтан қамыс-қоға өсіп кеткен. Бөгеттің тұсында, бұлақтың жағасында шаруа қожалығының қыстағы орналасқан. Бұдан әрі олар Ойыл өзеніне құятын Шұбараласай өзенінің бойын аралады. Бұл өзен Мұғалжар ауданына қарасты Талдысай ауылдық округі аймағымен ағып өтеді. Табиғат жанашырлары өзен бойынан үш бөгетті анықтады. Өзен бастауынан сәл төменіректе соғылған алғашқы бөгеттің жоғары жағында көп көлемде су жиналғанымен, бөгетке шлюз немесе құбыр салынбағандықтан төменге қарай ағып жатқан су жоқ.
– Шұбарлысай өзені арнасындағы екінші бөгет өткен жылдан бері үлкен әңгіме болып, дау тудырып келе жатқан «Бұқа» бөгеті. Бөгеттің ұзындығы 550-600 метрдің шамасында болса, өзен арнасының табанымен салыстырғанда 20 метрдей биік орналасқан. Биік етіп салынған бөгет сайды өзен арнасымен қоса толық бөгеп алған. Ешқандай су реттегіш шлюз, су өткізетін құбыр салынбай, тұтас бітелген. Бөгетке тіреліп тұрған судың деңгейі бөгеттен 2,5 метрдей төменде тұрғандықтан орта тұсындағы судың тереңдігі 15 метрдей болады. Бөгеттің бір жағында шаруа қожалығы қыстағы орналасқан болса, бір жағында үлкен жоңышқа алқабы жатыр. Бөгет үстінде су моторы орнатылып, одан жоңышқа алқабына құбыр тартылған. Бөгелген жердің аумағын толық айналып шығу үшін шамамен 1,5-2 шақырым жер жүруге тура келеді, - дейді Есенбай Нұров.
Олардың көрген үшінші бөгеті Талдысай мен Еңбек ауылдарын жалғастыратын жол. Бұл жол Шұбарлысай өзені тұсында бөгеттің қызметін атқарып тұр. Өзен арнасы тұсында биіктігі 8 метрге жететін бұл жол арнамен аққан суды мүлдем өткізбейді. Су өткізуге арналған құбыр өзен арнасынан қашық әрі жолдың ең биік жеріне салынған. Жолға дейінгі жерде біраз су қоры жиналған. Яғни, бұл жолдың бойында талапқа сай көпір болмауынан Шұбараласай өзенінің суы Ойыл өзеніне құйылмайтындай дәрежеде толық бітелген.
Қамыс-қоға қаптаған
Бастауын Талдысай ауылдық округі территориясынан алатын Ойылдың бір саласы Шытбұлақ өзені басталатын жерден төменіректе үлкен бөгет тұрғызылып, арна толықтай бітелген. Ұзындығы 550-600 метрден асатын бөгеттің шетіне әрі бет жағына салынған 200 миллиметрлік құбырдан су ағып жатыр. Бөгеттің бұл жерінде көп көлемде су бөгеліп тұр, әрі қамыс-қоғаға толы. Сондай-ақ, бұл жерге жаңадан тағы бір бөгет салынып, оған керекті топырақ бұлақ басынан қазып алынған. Бұдан басқа өзен бойынан кедескен ешқандай су реттегіш шлюз, құбыр салынған екінші бөгетте көп көлемде су ұстап тұр. Толық бөгелгендіктен Ойыл өзеніне құяр жағындағы Шытбұлақтың арнасы судан құрғап жатыр. Бөгетке жақын жерде шаруа қожалығының үй, қора-жайы салынған. Ойыл жанашыры Марат Жалдекеновтың айтуынша, Талдысай ауылының іргесінен Ойылдың бір саласы Талдысай өзені ағып өтеді. Көптеген жылдар бойы бөгелген өзен арнасы ауылдың тұсында үлкен тоғанға, батпаққа айналған. Сондықтан өзен арнасы тазалауды қажет етеді. Бөгет айқын көрінбегенімен Талдысай бойындағы су Ойыл өзеніне құйып жатқан жоқ. Сонымен бірге, Талдысай ауылына жақын тұста «Шұбарқұдық-Талдысай» тас жолы Ойыл өзенін кесіп өтеді. Өзен үстіне ертеректе көпір салынған. Өзен суы бұл тұста өте баяу ағып жатыр әрі жоғарыдан келіп жатқан судың көлемі өте аз екендігі байқалады. Ал, Ойыл өзеніне құятын салалардың бірі – Шибұлақ өзенінің арнасында екі тоған бар. Бұл жердегі бұлақ көздері қамыс-қоғамен бітеліп, көлемді батпаққа айналған. Тоғандар жанында шаруа қожалығы қыстағы орналасып, өзен арнасын мал тапап жатыр.
Алауда төрт бөгет, Жарлыда үш бөгет
Бұдан әрі экспедиция мүшелері Ойыл өзеніне құятын Алау, Жарлы өзендерінің бойындағы кедергілерді анықтап, тізбектеді. Алау өзенінің бойынан төрт бөгет, ал Жарлы арнасынан үш бөгет кездестірді. Ұзындығы 700-750 метрдей болатын бірінші бөгет Алау өзенінің бастауынан төменгі жақта салынып, арнаны толық жауып тұрса, екінші бөгеттің ұзындығы 1 шақырымдай болады. Бұл бөгет те арнаны толық жауып, төменге қарай су өткізбей тұр. Бірінші бөгеттің жоғары жағында көп көлемде жиналған су салынған су қашыртқысы арқылы жылғалап ағып тұрса, екінші бөгетке су реттегіш шлюз немесе құбыр салынбаған.
– Екінші бөгеттегі бөгелген су көктемгі тасқын кезінде жақын жердегі шаруа қожалығына тиесілі бірнеше шақырымдық шабындық алқапқа жайылып кеткені байқалады. Алау өзеніне тұрғызылған үшінші бөгет бір жақ шетінен бұзылып, өзен суы осы бұзылған жерден баяу ағып жатыр. Бөгеттің жоғары жағында өзеннің арнасы суға толып тұр. Бұл өзенінің бойына салынған төртінші бөгет те су қашыртқысы тұсынан бұзылған. Бұл тұста да өзен суы аз мөлшерде, ағыс өте баяу. Ал, Жарлы өзенінің арнасы Темір ауданына қарасты Қалмаққырған ауылынан 6 шақырымдай жерден екі жерінен бөгеліп, бөгеттің төменінде өзен арнасы мүлдем құрғап қалған. Қопа ауылының тұсынан да екі жерден бөгелген бөгеттер бұзылғанымен әлі де суды тіреп тұрғанын жоғары жақтағы қамыс-қоға арасындағы көп суға қарап аңғаруға болады, - дейді табиғат жанашыры Марат Жалдекенов.
«Атырау-Ақтөбе» тас жолының құрылысы жүруіне бйланысты Шұбарқұдық елді мекені тұсынан ағып жатқан Шилі өзенінің үсті уақытша бөгелген еді. Алайда, өзен үстіне көпір салынғанына қарамастан уақытша өткел әлі бұзылмай, су ағысына кедергі келтіруде. Аталмыш тас жолы өтетін Кенжалы өзені бойында да осы жағдай. Яғни, өзен үстіне жаңадан тұрғызылған көпір пайдалануға берілгенімен оған дейін көліктер өтуі үшін өзен арнасына салынған уақытша өткел әлі күнге бұзылмай, судың ағысына кедергі келтіріп тұр. Ал, Шилікті өзенінің басталар тұсында жаңадан салынған бөгет тұр. Негізгі арна бөгеулі болғандықтан бөгетке дейін өте көп көлемде су жиналған. Су қашыртқысы салынғанымен судың төменге ағуы нашар. Мұндай бөгет аталмыш өзеннің Ойыл өзеніне жақын жерден тағы кездесті. Биіктігі 15 метрдей болатын бұл бөгетке тіреліп тұрған судың тереңдігі 5-6 метрдей болады.
Табиғатқа қиянат жасамайық
Ойыл өзенінің үлкен салаларының бірі Шығырлықұм өзеніне шағын ғана Шығырлы және Құмды өзенінің сулары құяды. Сапар барысында экспедиция мүшелері осы Құмды өзенінің саласы Жаманағашсайдың басталар тұсында жаңадан салынған бөгетке кездесті. Бөгетке тіреліп тұрған су болмағанымен көктемгі су тасқыны кезінде бұл бөгет көп суды тежейтіні байқалады. Құмдының тағы бір саласы Қарасай өзені бойында бұзылған екі бөгет бар. Бірақ негізгі арна бөгеулі тұрғандықтан бөгеттердің жоғары жағындағы көп судың төменге ағуы нашар. Сондай-ақ, бөгетке дейінгі өзен арнасын қамыс-қоға басқан. Ал, Құмды өзенінің бойында ұзындығы бір шақырымға жуықтайтын екі бөгет тұрғызылған болса, Шығырлы өзенінің бойында төрт бірдей бөгет салынған. Өзен арнасын толық жауып тұрған бұл бөгеттердің бірқатары жаңадан салынғаны байқалады. Кедергілерден өте алмаған су кең жоғарыдағы кең алқапты суландырып тұр. Кейбір бөгеттердің тұсында шаруа қожалықтары орналасқан. Шығырлықұмды өзенінің бастауларының бірі болып табылатын Бадамша өзенінің басталар тұсында шлюз, құбыр немесе су қашыртқысысыз салынған бөгет өзен арнасын толық бөгеп тұр. Бұл жерде тіреліп тұрған көп су болмағанымен су тасқыны қатты болатын жылдары көп көлемде су бөгейтін жағдайы бар. – Екі күндік сапарымыздың соңында «Шұбарқұдық-Ақтөбе» тас жолы бойындағы Ойыл өзені үстіне салынған көпірді қарап қалаға оралдық. Бұл сапарымызда Ойыл өзені бассейніне кіретін барлық өзен, сай-жыр, бұлақ-бастаулар бойындағы бөгеттердің әрқайсысына барып, ондағы жағдайды видеоайғақпен, координаттарын көрсете отырып көпшілікке жеткізуге тырыстық. Барлығы 1250 километр жол жүріліп, ұзын саны 31 нысан бақылауға алынды. Оның ішінде бұзуды керек ететін 24 бөгет, тазалауды қажет ететін 3 тоған және өзен ағысына зиян келтіріп тұрған 2 көпір анықталды. Табиғатқа қиянат жасауымызды тоқтатпасақ бір кездегі Саркөл трагедиясы Ойыл басында отырғандарға келері анық, - дейді табиғат жанашыры Есенбай Нұров.
Жерасты суы мұнай орнына кетіп жатыр ма?
Бұл бағытқа шыққан екінші көлік ауа райының қолайсыздығына орай межелі жерге жете алмай Шұбарқұдық кентіне барып, жол талғамайтын «Уаз» автокөлігімен Ойылдың бір саласы Кенжалы өзенінің бойын аралады. Табиғат жанашыры Айдос Ибраймовтың айтуынша, «Атырау-Ақтөбе» тас жолының құрылысы жүргенде Кенжалы өзенінің үстіндегі көпір бұзылып, өзен үстінен көліктер қатынасы үшін уақытша көпір салынған. Қазір жаңа көпір тұрғызылғандықтан бұзылуы тиіс уақытша көпір толықтай бұзылмай судың ағысына кедергі келтіріп тұр. Кенжалының бастауына қарай жүргенде өзеннің жоғары жағында шаруа қожалықтары орналасқан. Жолшыбай ағып жатқан үш бұлақты кездестірді. Өзен бойын қамыс-қопа жапқандықтан бұлақ көздерін бітеп, судың емін-еркін ағуын тежеп тұр.
– Малшылардың айтуынша, өзен қар, жаңбыр, жерасты суымен, яғни бұлақ суларымен толығады. Өз күштерімен үш бұлақты аршыған. Қалған бұлақ көздерін аршуға күштері жетпеген. Бұлақ көздері бітеліп, арнаны қамыс-қоға басқан. Өткен жылы бірінші рет Кенжалы өзені тасымай, арнасы құрғап қалған. Жалпы, шаруагерлер судың аздығын, өзеннің тасымауын жоғары жақтағы мұнай өндіріп жатқандардан көреді. Олардың ойларынша, жерасты сулары алынған мұнайдың орнына кетіп жатыр. Мүмкін солай да болар, - дейді жерлесіміз Ардақ Исағалиев.
Ауданның болашағын ойлап, халқының қамын жеген табиғат жанашырлары осы сапарларында Ойыл өзенінің бойындағы табиғи кедергілермен бірге адам қолымен тұрғызылған бөгеттерді анықтады. Олардың бірқатары Кеңес дәуірінен қалған ескерткіш болса, көпшілігі жеке басының қамын жеген жандардың ісі. Табиғатқа қастандық жасаушылардың әсерінен тұрғызылған осыншама кедергілер өзеннің аяғында отырған бір ауданның халқын, малын сусыз қалдырып отыр. Енді, осы анықталған бөгеттерді бұзуға, өзен арнасын тазалауға Үкімет тарапынан нақты жоба жасақталып, іске асса игі деген тілек бар. Бұл Ойыл өзенін қалпына келтіруге бағытталған үлкен қадамның бірі болмақ.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ