Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДА ТҰР

Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұхбаты

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бүгінде бүкіл әлемді алаңдатып отырған індет, өкінішке қарай, біздің елімізге де оңай тиген жоқ. Пандемия алғаш басталғаннан-ақ, Өзіңіздің басшылығыңызбен мемлекет көптеген әлеуметтік-экономикалық іс-шараларды қолға алды. Одан жалпы жұрт хабардар. Елімізде жарияланған төтенше жағдай екі айға жуық мерзімге созылды. Карантин шаралары әлі де жалғасып келеді. Жалпы соңғы кезде карантин шараларына қарамастан елімізде індет тез таралуда. Қазірдің өзінде дерт жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Жүзден аса адам осы науқастан қайтыс болды. Жұрт кәдімгідей үрей құшағында қалды. Бұл індет түрлі деңгейдегі билік өкілдерін де айналып өткен жоқ. Ел арасында «Үкімет індеттің таралуын бақылаудан шығарып алды, сондықтан ауруханаларда орын жетіспейді» деген секілді әңгімелер де аз емес. Дүрліккен жұртқа қандай басу айтасыз? Расында да, осы індеттің таралуына қарсы күресте жеңіліп жатқан жоқпыз ба?

– Шынында да, бұл індет біздің ғана емес, жалпы әлемдегі адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып отыр. Оған бәріміз куәміз. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, тағы басқа да елдер тығырыққа тірелгендей.

Ал қазір, «біз осы індетпен күресте жеңіліп жатырмыз немесе Үкімет ахуалды бақылаудан шығарып алды» деуге болмайды. Өздеріңізге мәлім, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана жедел салынды. Басқа өңірлердегі ауруханалар керек-жарақпен жабдықталды. Науқастарды емдеуге дәрігерлеріміздің біліктілігі жетеді. Қазір, ақ халатты абзал жандар күндіз-түні осы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлінді.

Бір нәрсені айта кетейін, биліктегілер де – өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар. Лауазымды қызметкерлер жұмыс бабына байланысты бірқатар азаматтармен кездесуі керек, сондықтан ел ішіндегі іссапарларға шығады. Сондай жағдайда кеселді жұқтырып алуы мүмкін. Иә, олар да ауырады, науқасынан емделеді. Билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдықты. Ал қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық. Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет. Ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды. Қазақ «Кемедегінің жаны бір» дейді. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайды. Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн.

– Иә, қоғам орнында тұрмайды, дамуы керек. Орайы келгенде қордаланып қалған, келешекте қалай болады деп халық жауабын күтіп жүрген бірқатар қадау-қадау мәселелер жайлы сөз қозғасақ. Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауыңызда қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту мәселесіне ерекше тоқталған едіңіз. Өзіңіз білесіз, биыл жарық көргеніне 30 жыл толған «Ана тілі» ұлт басылымы да тұңғыш санынан бастап туған тілдің бары мен жоғын түгендеп келеді. Мемлекеттік тіліміз ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін қандай қадамдар жасалуы керек деп есептейсіз?

– «Ана тілі» газеті – қазақ тілінің қоғамдағы мән-маңызын арттыру, оның көкжиегін кеңейту мәселесін ұдайы қозғап жүр. Бұл басылым әрдайым ұлттық мүддеге берік болып, тілімізге жанашырлық танытып келеді. Осындай елеулі еңбектеріңіз үшін басылымда жұмыс істейтін журналистерге, үнемі ой-талқыға атсалысып жүрген жазушылар мен ғалымдарға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Осы отыз жыл ішінде қазақ тілін дамытуға қатысты ештеңе істелген жоқ деуге болмайды. Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Оған дау жоқ. Мұны сырт көз сыншылар да айтып жүр. Бірақ олардың кейбірі мұндай үрдіске аса қуана қоймайды. Өйткені енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқтату мүмкін емес екенін сезеді.

Қазақ тілінің жағдайы туралы айтқанда, мемлекетіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айырықша еңбегін атап өтуге тиіспіз. Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады. Сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады.

Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайдылық танытатын бол­сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе Ресеймен арадағы шекарамыздың әлем­дегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосаясаттың маңызды факторының бірі.

Бірақ бұл мемлекеттік тілге қа­тысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет. Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды. Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр.

Тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек. Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. Сол себепті есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихымызды да дәріптеп, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз қажет. Біздің мемлекеттік тілдің жағ­дайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер тү­сінбей, таңданыспен қарайды. Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз. Ал енді не істеу керек?

Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.

Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.

Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.

Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет.

Меніңше, Орталық Азиядағы көршілеріміздің тәжірибесі бізге пайдалы әрі үлгі боларлықтай. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографис­тер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай.

Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Мені еліміздегі блогосфераның қазақ тіліне қарай ыңғайланып келе жатқаны қуантады. Дей тұрғанмен, біз әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмауыз қажет. Сондай-ақ қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің мәртебесін шектемеуіміз керек. Жоғарыда айтқанымдай, тіл мәселесінің астарында үлкен саясат бар. Сондықтан бұл тұрғыда асығыстық пен жалаң ұрандату мемлекеттігімізге кесірін тигізуі мүмкін. Жалпы алғанда, жоғары оқу орындарында нақты ғылымдарды орыс тілінде оқыта берген жөн. Осы ретте бізге Малайзияның тәжірибесі үлгі бола алады. Бұл ел алғашқыда ағылшын тілінен бас тартып, кейіннен ойлана келе, оны жоғары оқу орындарында және дипломатиялық қарым-қатынастың құралы ретінде қалдырды. Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек.

Бұл – уақыт талабы. Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал.

Қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келеді. Яғни біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады.

Бәрімізді, әсіресе жастарды «Ары қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал мазалайды. Осындай сәтте біздің көзқарасымыз, болмысымыз, осы біз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болуы керек. Яғни тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заман­ның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымы қажет. Жоғары заманауи технология, роботтар, жасанды интеллект дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ.

Жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады.

Әрине, мұндай жағдайдың мүлде болмағаны жақсы. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге тиіс.

– «Еңбекпен тапқан нан тәтті» дейтін ата-бабамыздан келе жатқан тәмсіл бар. Күні кешегі үлкендердің әңгімесінен де еңбекке, еңбек адамына деген ерекше құрметті байқайтынбыз. Қазір елдің еңбекке етене араласуы үшін Сіздің тапсырмаңызбен Үкімет бірқатар бағдарламаларды қолға алып, лайықты деңгейде жүзеге асырып отыр. Ел мен жерді еңбекпен көркейту үшін қандай жаңа қадамдар мен жобалар жасалуы керек?

– Әлем жұртшылығы қазақ халқын көңілі дарқан, ғаламдық құбылыстарды өзінің қалыптасқан философиялық көзқарасы арқылы қабылдай алатын ұлт ретінде танып, біледі. Шы­дамдылық пен жанашырлық – қанымызда бар қасиет. Осынау Ұлы далаға ең алғаш табаны тиген саяхатшылар алдымен біздің осы ерекшеліктерімізді баса айтқан. Сонымен қатар біз Абайдың өшпес туындысы – «Қара сөздерде» айтылған өз кемшіліктерімізді де жақсы білеміз. Айтпақшы, осы арада Мұрат Әуезовтің «Қара сөздерге» «Ғақлият» деген екінші атау берейік деген ұсынысын қолдайтынымды айта кетейін.

Өкінішке қарай, кейбір жағдайда біздің еңбекке байланысты қарым-қатынасымызға сыни көзқараспен қарайтындар аз емес. Бұл жағдай менің көңіліме қаяу салады. Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы қажет. Сондықтан мен «Халық алғысы» деген мемлекеттік награда тағайындадым. Ал еңбектегі табысы үшін берілетін «Еңбек Даңқы» орденінің мәртебесін көтеру жөнінде шешім қабылдадым.

Былтыр Ақордаға мекемелер мен ауылдардағы қарапайым жұмысшыларды арнайы шақырып, марапаттадық.

Біз осындай еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасауымыз қажет. Сол арқылы өскелең ұрпақ қоғамның құрметіне бөлену үшін жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленбей-ақ, өз ісін тыңғылықты, мұқият атқарса жеткілікті екенін түсінуге тиіс. Үкімет менің тапсырмам бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасын әзірледі. Оны іске асыру үшін шамамен 1 триллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Жақында мен Үкіметтің уақытша жұмыс орындарын ашуға ғана әуес болып, тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашуды назардан шығарып алғанын сынға алдым. Бүгінде біздің елде 2 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жұмыссыздар саны да көп.

Бұл – өте күрделі әлеуметтік мәселе. Оны шұғыл шешпесе болмайды. Еңбекке баулу идеологиясы атақты ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында барынша көрініс тауып, алдыңғы қатарда насихатталуы керек деп санаймын. Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!

Шын мәнінде, озық ойлы зиялы қауымның пікірі әлеуметтік шиеленіс кезінде маңызды рөл атқарады. Адамдар ақыл-парасаты арқылы ішкі түйсігіне құлақ асып, өзіне қажетті қорытынды жасап, өткен істен сабақ алады. Әсіресе бұл ежелден келе жатқан дәстүрі бар біздің қоғам үшін өте өзекті. Пандемия кезінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосқан елеулі үлесі үшін барша зиялы қауым өкілдеріне, оның ішінде академик Төрегелді Шармановқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ біздің белгілі ақын-жазушыларымыз соңғы кездегі оқиғаларға белсендірек араласып, жастарға өмірлік тәжірибесін үйретіп, темірқазық секілді жол көрсете алады деп ойлаймын.

– Қазір әлем өзгерген. Қалай бол­ғанда да жаһанданудың көшінен қалып, есік-тереземізді қымтап жауып тас­тап отыра алмаймыз. Есік-тереземізді тас бүркеп, шекарамызды шегендеп, қақпамызға сом темір іліп қоятын тас дәуірі емес. Бармасақ, келмесек – ел жарылады, алмасақ, бермесек – дем тарылады.

Мемлекетаралық жағдайды жақсы білетін маман ретінде әлемдік ұлттар мозаикасына өз реңімізбен, қазақы болмыс-табиғатымызбен қосылу үшін қандай қадамдар жасау керектігін нақтылап түсіндіріп берсеңіз…

– Шынында да, әлем өзгерді. Мызғымастай көрінген жаһандану үрдісі пандемияның әсерінен кіді­рістеп қалды. Мемлекеттер өзін-өзі оқшаулауға, «әркім өз күнін өзі көрсін» қағидатына баса мән бере бастады. Халықаралық қатынастарда ұлтшылдыққа бет бұру үрдісі артып келе жатқаны байқалады. Мен мұны 2008 жылы ертерек болжап айттым. Бірақ ол кезде менің тұжырымымды саясаткерлер мен ғалымдар қолдамады. Тіпті коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу ісі де халықаралық ынтымақтастықтан тыс, «әркім өзі үшін» қағидаты бойынша жүзеге асырылуда.

Әлемде өзге баламасы жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің атына заты сай бірегей халықаралық ұйым ретінде пандемия кезінде аса белсенділік таныта қоймады. Ірі державалар арасында текетірес күшейіп келеді. Аймақтардағы қақтығыстар шиеленісе түсті. Бұл – өңірлік мемлекет ретіндегі Қазақстан үшін қолайсыз үрдіс.

Біздің экономикамыз санкциялық соғыстар мен саяси текетірестерден шығынға ұшырауда. Еліміз өзінің бейбітсүйгіштігі мен өңірлік қауіп­сіздікке сындарлы үлес қосуға әзірлігін тұрақты түрде көрсетіп келеді. Елбасымыз ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы әрі жаппай қарусыздану саясатының нағыз жақтаушысы ретінде бүкіл әлемге танылды.

Тәуелсіздік жылдары бұл бағытты нығайту үшін көп жұмыс атқа­рылды. Ең бастысы – мемлекеттік шекара­мыздың беріктігі! Қазақ­станның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы шек­ара­­сының заңды түрде рәсімделіп, белгіленуінің, шын мәнінде, тарихи да, саяси да мәні зор. Шекара мәселесінде құжатты түрде екіжақты келісімнің болмауы қандай ауыр әрі ауқымды зардаптар мен қайшылықтарға әкелетінін көзіміз көріп отыр. Алыстан да, жақыннан да мысалдар аз емес.

Қазақстанның халықаралық дип­ломатияда бейбіт әлем туралы әрдайым өзіндік түсінігі, өзіне тән ерекшелігі болды. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев көпвекторлы, теңге­рімді сыртқы саясатта Ресеймен стратегиялық серіктестікті, ынты­мақтастықты нығайтуға және өңірлік инте­грацияға баса мән берді. Бұл – дұрыс таңдау болды. Дегенмен, әлем­дегі ахуал бір орнында тұрмайды, алпауыт мемлекеттердің геосаяси мақсаты өзгеруде. Осындай жағдайда Қазақстан бірінші кезекте өзінің ұлттық мүддесін қорғауға міндетті. Сондықтан мен Еуразиялық экономикалық одақтың биылғы 19 мамырда өткен саммитінде интеграцияны Қазақстанның егемен­дігіне нұқсан келмейтін жағдайда ғана қолдайтынымызды ашық айттым.

Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!

– Қоғамдық тәртіп мәселесі туралы сауалды да айналып өте алмаймыз. «Жұдырық бетке тигенге дейін» демократия сақталатыны белгілі. Бейбіт шерулерге шығатын азаматтардың жеке бас қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауы қалай реттеледі?

– Бейбіт жиындар мен митингтерге қатысу – Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы. Ата заңымыздың кепілі ре­тінде азаматтардың құқығын толық қамтамасыз ету – менің міндетім. Бұл жөнінде былтырғы Жолдауымда айттым.

Парламент «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң қабылдады. Қоғамдық сараптамадан өткен аталған заң – менің ойымша, еліміздегі демократия­ны ілгерілету үшін жасалған маңызды қадам. Енді бейбіт жиындарды өткізу үшін рұқсат сұрамай-ақ, бес күн бұрын жергілікті билікке ескертсе жеткілікті. Осындай жиындарды өткізу үшін бірқатар арнайы орындар бөлінді. Митинг ұйымдастырушылардан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбау талап етіледі. Сондай-ақ олар Конституцияға қайшы келетін үндеулермен шықпауы, ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық туғызбауы қажет. Бұл – қалыпты жағдай. Әсіресе АҚШ-та және басқа да дамыған елдерде болған соңғы оқиғаларды ескеру керек.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатын кейбір азаматтарымыз қабылданған заңды негізсіз сынайды. Олардың пікірінше, Қазақстанда «Митингке қашан шығамын? Кіммен шығамын және қай жерде өткіземін? Яғни өзім білем» деген жүгенсіздік қағидаты болуы керек екен. Әсіресе солардың митингіге шетел азаматтары мен кәмелетке толмаған балалардың қатысуын талап етуін шектен шыққандық деп санаймын. Олардың ойы белгілі. Ондай адамдарға тыныштық пен тұрақтылық қажет емес. Ал біз қарқынды дамы­ған, татулығы жарасқан Тәуелсіз Қазақстанды сақтауымыз керек. Халық ең алдымен ел іргесінің берік­тігін терең жауапкершілікпен сезінуі керек. Сонымен қатар мемлекет өз азаматтарының заңды талаптарына құлақ асуға, қаржылық және құқықтық мүмкіндіктер аясында оларға жәрдем беруге міндетті.

Жастар үшін әлеуметтік лифт орнықтыру керек. Мемлекеттік басқару ісіндегі және идеология са­ласындағы қателіктерді дер кезінде түзеткен жөн. Егер жұмыс осылай жүретін болса, сөзсіз әділдік орнайды. Мен мұны сайлау алдындағы бағдарламамда айтқан болатынмын. Сонда митингтің де қажеті болмай қалады.

Соңғы кездері елімізде «митинг­шілдік» белең алуда. Көбінесе азаматтарымыз сырттағы біреулердің арандатушылық ұрандары­на еріп жүр. Бұл – аймақтық бәсекелес­тік күшейіп келе жатқан халықаралық аренада Қазақстан­ды ың­ғайсыз жағдайға қал­дырып отыр.

Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекеттер. Екі ел арасында кең ауқымды ын­тымақтастық артып келеді. Бұл жерде экономикалық бәсе­келестіктің де болатынын жоққа шығармаймыз. Осы жағдайларды әрқашан есте ұстау керек. Қазақстан өзінің көшбасшылық позициясын сақтап қалуға міндетті. Ол үшін елімізде тұрақтылық болуға тиіс. Егер ішкі мәдениетімізге салсақ, ол тұрақтылықты күштік құрылымдар емес, бірінші кезекте халықтың өзі қамтамасыз етуі қажет.

Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет. Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды. Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр.

– Пандемия болсын, басқа да жағдайлар болсын, ел ең алдымен зиялының сөзіне құлақ асып, ойын білгісі келеді. Жалпы ұлт қиын-қыстау күндерде ғана емес, өзінің бүкіл жүріп өтетін жолында пассионар тұлғалардың соңынан ереді. Бұл орайда зиялы қауым қазір өз рөлін дұрыс атқарып отыр деп есептейсіз бе? Бүгінгі таңда олардың қоғамдағы міндетін қалай елеп, екшейміз?

– Шын мәнінде, озық ойлы зиялы қауымның пікірі әлеуметтік шиеленіс кезінде маңызды рөл атқарады. Адамдар ақыл-парасаты арқылы ішкі түйсігіне құлақ асып, өзіне қажетті қорытынды жасап, өткен істен сабақ алады. Әсіресе бұл ежелден келе жатқан дәстүрі бар біздің қоғам үшін өте өзекті. Пандемия кезінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосқан елеулі үлесі үшін барша зиялы қауым өкілдеріне, оның ішінде академик Төрегелді Шармановқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ біздің белгілі ақын-жа­зу­шы­ларымыз соңғы кездегі оқиға­ларға белсендірек араласып, жастарға өмірлік тәжірибесін үйретіп, темір­қазық секілді жол көрсете алады деп ойлаймын.

Қазір бүкіл дүниежүзі пандемия салдарымен күресіп жатыр. Әлемдік экономика көз алдымызда құлдырап, жұрттың өмір сүру салты өзгерді және осы үрдістер күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге айналды. Міне, осындай кезде жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет.

Бәрімізді, әсіресе жастарды «Ары қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал мазалайды. Осындай сәтте біздің көзқарасымыз, болмысымыз, осы біз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болуы керек. Яғни тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заман­ның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымы қажет. Жоғары заманауи технология, роботтар, жасанды интеллект дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ.

Жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады.

Әрине, мұндай жағдайдың мүлде болмағаны жақсы. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге тиіс.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ел басқару аса зор жауап­кер­шілік жүктейді. Бір жыл – көп уақыт емес. Десек те, осы кезеңге саяси сарап­тама жасаған белгілі саясаттанушы Нұрлан Сейдін мырза Сіз басқарған мерзім жөнінде «Сенім мен сынаққа толы жыл болды» деп тұжырымдапты. Осы орайда көш бастаған тұлға ретінде елдің болашаққа деген сенім-жігеріне қандай баға берер едіңіз?

– Баршаңызға мәлім, Қазақстан Президенті қызметін атқарған бір жыл оңай болған жоқ. Аталған мерзімді аса күрделі сынақтарды еңсерген жыл деп айтуға болады. Дегенмен, мен халықтың қолдауын әрдайым сезіндім. Бұл маған күш-жігер беріп, мемлекет басқару ісін табысты жүргізуіме ықпал етті. Жыл бойы саяси және экономикалық салалар бойынша көптеген реформалар жүзеге асырылды. Бұл саясат алдағы кезеңдерде де жалғаса береді. Елімізді одан әрі жаңғыртуға, дамытуға қатысты идеяларым бар, ол идеяларды халық іс жүзінде сезінгенін қалаймын.

Біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қал­мауы­мыз керек. Ондай жағдайда ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекеттігімізге тиеді. Ауыр тиеді. Ащы да болса айтайын, біз – қазақтар, осынау алмағайып күрделі әлемде, түптеп келгенде, ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өз мемлекетімізге ғана қажетпіз. Осы бір қарапайым қағиданы ешқашан естен шы­ғармауымыз қажет. Әлемдегі Қазақстанның жетістігін көре алмайтын, «мысықтілеу» саясаткерлер, тіпті мемлекеттер де бізден алыстап кеткен жоқ, маңайымыздан ұзамай, әр қадамымызды бағып отыр. Сондықтан елімізді өркендету, көркейту – тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр…

– Құрметті Президент мырза! Қо­ғам­дағы түрлі саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани маңызы бар мәселелерге байланысты арнайы уақытыңызды бөліп, Ұлт басылымына сұхбат бергеніңіз үшін айрықша алғыс сезімімізді білдіреміз. Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік геосаяси кеңістіктегі көші көлікті болғай! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын!

Сұхбаттасқан

Жанарбек ӘШІМЖАН

anatili.kazgazeta.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT