Қазіргі таңда балаларын басқаларға тастап, өзі жер шарлап, жоғалып кететін, қамқоршылыққа алудан бас тартатын ата-аналар көптеп кездесуде. Бұл, ең алдымен баланың өміріне және психологиясына үлкен зардабын тигізеді. Осы орайда, «Кәмелетке толмағандардың құқықтары қалай қорғалады?» деген сауал туындайтыны анық. Бұл сұрақтың жауабы жақында өткізілген кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысында мәлім болды.
Комиссия отырысына комиссия төрағасының орынбасары, аудандық білім бөлімінің басшысы Өтепберген Әділов және комиссия мүшелері қатысты. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақтыгүл Нұғманованың мәлімдеуінше, Л. есімді жалғызбасты ана 2020 жылы дүниеден озады. Төрт баланың тұңғышы тұрмыста, үлкен ұлының денсаулығында ақаулығы бар, жұмыссыз. Екінші ұлы студент болса, үйдің кенже қызы бала жастан мүгедек, үйден сабақ оқиды. Балалардың әкесі Т. есімді азамат екінші рет отбасын құрған. Ол балаларды қамқорлығына алудан жағдайының келіспейтіндігін айтып бас тартқан. Кәмелет жасына толмаған екі жасөспірімнің анасының дүниеден озғанына 1 жылдың көлемі болса да, олар әлі де қамқоршысыз жүр. Бүгінде, бұл балалар нағашы апасының қолында тәрбиеленуде. Бауырларын үлкен қызы өз қолына алмақ болғанымен, күйеуі рұқсат бермеген. Нағашы апасы балаларды өз тәрбиесіне алуға келісімін куәландырылған түрде және үлкен қызы қарсы еместігі туралы жазбаша келісімін береді. Жасөспірімдерді нағашы апасына заңды түрде қамқоршылыққа (қорғаншылық) беру мақсатында Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» кодексінің 76 бабының 1-тармағы негізінде, әкесінің басқа тәрбиемен айналысуына байланысты, Т. есімді азаматты ата-аналық құқығынан айыру бойынша сотқа талап арыз жолданды. Сот азаматтық іс бойынша балалардың әкесін ата-аналық құқығынан айыру туралы шешім шығарды.
Ендігі кезекте аудандық білім бөлімі сот шешімі бойынша балаларды заңды түрде нағашы апасына қамқоршылыққа беру мақсатында жұмыстар атқаратын болады. Себебі, балалардың болашағы осы атқарылар жұмыстарға тікелей байланысты. Жалпы, кәмелеттік жасқа толмаған баласын тастап, өзгенің артынан еріп кеткендер қаншама?! Ананың мейірімін, әкенің қамқорлығын көрмеген бала қандай азамат болып өседі? «Жастығым - балам» деп 9 ай құрсағында көтеріп өмірге әкелген баласын тастап, сан түрлі себепті сылтауратып, жасырып, өзге жанмен неке құруына не себеп? Айта берсең жауабы жоқ сансыз сұрақ көп-ақ. Жастар отбасы құру кезіндегі өз міндеттері мен жауапкершіліктерін жете білмейді. Ал, соның зардабын бейкүнә балалар тартады. Балаға жақсы тәрбие бере алу үшін ең алдымен, ата-ана ара-қатынасы жақсы болуы шарт. Әрбір қоғамдағы тәрбие бастауы отбасынан басталады. Балалар ата-анасын идеал, мінсіз адам ретінде көретінін ұмытпау керек. Өйткені бала айтқанды емес, ата-анадан көргенді істейді.
«Отан – отбасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал-мәтелдер де осыны айғақтайды. Жиында басқа да оқушылардың жағдайы баяндалып, жасөспірімдерге қатысты арнайы ұйымдастырылған рейд нәтижелері мен ұсыныстар жарияланды. Комиссия мүшелері де бұл мәселеге қатысты өз пікірілерін білдіріп, талқылады. Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – білім беру ұйымдарында оқушыларды біліммен қамту жұмыстары болды. Аудан бойынша білім беру ұйымдарындағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды қадағалау жүргізілуде. Аталған жұмысты ұйымдастыру үшін жұмысшы тобы құрылды. Биылғы оқу жылында аудандағы жалпы білім беретін 14 орта және 4 бастауыш мектептерде 1-11сыныптар аралығындағы 369 сыныпта 6229 оқушы білім алуда.
- Мектеп алды даярлық бойынша 36 топқа 599 бала қабылданды. Аудан бойынша екі мектеп штаттық режимде жұмыс жасап, оларда 43 оқушы білім алуда. Қалған 16 мектепте 1-4 сыныптар аралығында 173 кезекші сыныптар ашылып, 2060 бала осы сыныптарда оқытылуда. Бұл барлық 1-4 сынып оқушыларының 79 пайызын құрайды. Биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап 5 сыныптардан 27 кезекші сынып ашылып, 489 оқушы қамтылды. Сонымен қатар 9 сыныптарда 510 оқушы, 11 сыныптарда 365 оқушы штаттық режимде мектептен оқытуда. Ал, мектептер жанындағы шағын топтарда 552 бала тәрбиеленуде. мектеп алды даярлық бойынша 12 кезекші сыныпта 104 бала қамтылса, 12 балабақшада 51 кезекші топқа 482 бала қамтылған. Осы оқу жылының 3 тоқсанынан бастап Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 қаңтардағы №2 қаулы негізінде шығарылған Атырау облысы білім беру басқармасының 2021 жылғы 1 ақпандағы №27 бұйрығы бойынша 5 сыныптар кезекші сынып бойынша, 9 және 11 сыныптар аралас форматта оқуды бастады. 5 сынып бойынша кезекшілік сыныпта 448 оқушы, ата-аналардың өтінші бойынша 126 оқушы қашықтықтан оқытылуда,- дейді комиссия төрағасының орынбасары Өтепберген Әділов.
Қарап отырсақ, соңғы уақытта бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі төмендеп кеткен. Күндіз-түні балам үшін деп еңбек етіп жүрген ата-аналарымыз кей кезде балаларына қарауға мүлдем уақыты болмайды. Десек те, баланы қазіргі таңда материалдық тұрғыдан гөрі рухани құндылықтармен азықтандыру маңыздырақ. Бала тәрбиесі – әр сағат, әр күн сайын тынымсыз жүргізіле беретін аса жауапты, күрделі процесс. Сондықтан да ата - ана жауапкершілігі бәрінен биік тұруы тиіс.
Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөзден