Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Аудандық музейде - құнды жәдігер

Аудандық музейдегі құнды жәдігерлердің бірі – Айбас батырдың сауыты. Енді оның қатарына батырдың бояумен салған портреттік бейнесі қосылды.

Оны көршілес Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Атамекен ауылының тұрғыны Жәнібек Әбілпейсовтің сұранысына сәйкес Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі, әуесқой суретші Әділбек Балғынбаев салды. Өз ауылынан «Жерұйық» атты тарихи-өлкетану мұражайын ашқан Жәнібек Әбілпейсов Қызылқоға ауданымен шекаралас жатқан жерлердегі тарихи орындарды зерттей жүріп, Ысық руының батырлары Айбас, Өмірәлі, Шудабай, Қадырбай, Далбан, Естібектің және Адай руынан шыққан Қосай батырдың бейіттерін кездестіреді. Ал, Айбас батырдың ұрпақтары Қызылқоғада бар екенін білген соң, солар арқылы батырдың портреттік бейнесін салуды ұсынады. Дүйсенбі күні Айбас батырдың алтыншы ұрпағы қаракөлдік Халел Габдуллин батыр бабасының портреттік бейнесін аудандық музей басшысы Нұрбол Түгелбаевқа табыс етті.

Шарада Айбас батырдың ерлігі туралы білетіндерін ортаға салған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин мен өлкетанушы Құмар Хасанов болашақ ұрпақ үшін, қасиетті жер үшін жанын қиған басқа да батырларымызды жарыққа шығару керек деген пікірлерін жеткізді. Өлкетанушы Құмар Хасановтың айтуынша, Ысықтың Жақсыбай бөлімінен шыққан Айбас батыр қасындағы батырлармен бірге ХVІІІ ғасырда қалмақтарға қарсы соғысты. Шешуші шайқаста қалмақтарды жерімізден түре қуған батырлар түгелге жуық қаза тауып, Айбас батыр аз ғана қолмен аман қалған. Сол соғыстың тарихи орны Тасшағыл ауылдық округінде «Қалмақ қырылған» деп аталады.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT