Әскерге бару – әрбір қазақстандық азамат үшін абыройлы міндетке айналуы тиіс. Біздің заманымызда жігіттер әскерге бармаса, қыздар қарамай, тұрмысқа шықпайтын. Тіпті, әскерден қашу деген әңгіме болған емес. Бала күнімізден әскер болып ойнап өскен ұрпақпыз. Отан қорғау ұлы мақсаттарымыздың бірі болды. Кеңес Одағының кезінде әскерге шақыру идеологиясы да мықты еді. Заман өзгергенмен де, еліміздің Қарулы күштері, Ұлттық ұланы бар. Әскери міндетті өтеу мерзімі де 3 жылдан 2 жылға, 2 жылдан 1 жылға қысқарды. Өзім әскери міндетімді 3 жыл Ресей жерінде өтеп келдім. Ол кезде тәртіп қатаң болды.
Әскер командирлері сарбазды өзінің інісі не баласы ретінде қарап, тәрбиелеу керек. Сондай-ақ, білім алып, тәжірибе жинақтаған адам басшы болған жөн. Қорғаныс саласы да қарқынды дамып келеді. Десек те, сол қорғаныс саласын солдаттың кашасын жеп, әскерде болған адам басқарса деген ұсынысым да бар. Қазір жағдай жақсы, сол барлықты дұрыс қолдана білсе екен. Сонымен қатар, сарбаз беделін көтеріп, жауынгерлік дайындықты күшейтіп, жетілдірген жөн.
Жастардың жігерін ояту үшін, теледидардан әскери мағыналы фильмдер көп түсіріліп, кеңінен насихатталса жақсы болары сөзсіз. Балалар денсаулығының медициналық тексеруден өтпеуіне күнделікті тұтынатын газды сусындар мен фаст-фудтардың да әсері бар. Соның бәрі денсаулықты құртады. Одан кейін балалар кішкентай кездерінен смартфонға шұқшиып, көзінен айырылып жатыр. Бұл да қоғамымыздағы ең түйткілді мәселелердің бірі. Шешеге еркелеп өскенмен, әкеден сескену қажет. Өзіміз баланы кішкентайынан еркелетіп, дегенін жасап тәрбиелейміз. Содан кеп, еш қиындық көрмей өскен бозбала әскерге барғанда бірден қатаң тәртіпке үйрене алмай, үйлерін аңсайды. Сондықтан, кішкене кезден ұл балаға қаталдау қараған дұрыс-ау, сірә!
Тілек БУРАБАЙ,
зейнеткер
фото Жайық Престен алынды