Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Инвестициялық платформалардың көп болғаны жақсы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы еліміздің алдағы жылдарға арналған стратегиялық даму бағыттарын айқындап берді. Бұл құжатта инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және аймақтарды дамыту мәселелері нақты, әрі кешенді түрде қарастырылған.

2025 жылдың алғашқы жеті айындағы экономикалық көрсеткіштерге қарағанда, Қазақстанның даму қарқыны айтарлықтай жеделдеп отыр. Жалпы ішкі өнімнің 6,3%-ға өсуі, нақты сектор мен қызмет көрсету салаларындағы ілгерілеу — Үкіметтің жүргізіп отырған экономикалық саясатының нәтижесі екені анық. Бұл ретте көлік, құрылыс, сауда, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі негізгі драйверлер ретінде ерекше көзге түсіп отыр.

Ең маңызды бағыттардың бірі — инвестициялық ахуалды жақсарту мен нақты жобаларға капитал тарту жұмыстары. 2025 жылдың өзінде ғана жалпы құны 17 млрд АҚШ долларынан асатын 17 инвестициялық келісімге қол қойылуы — инвесторлардың елімізге деген сенімінің артқанының айқын дәлелі. Инвестициялық саясат тұжырымдамасы арқылы алдағы жылдары негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін ЖІӨ-нің 23%-ына дейін жеткізу мақсаты қойылып отыр. Бұл – өте өзекті және стратегиялық маңызды міндет.

Өңірлік даму, әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жетілдіру де Жолдауда ерекше аталды. «Ауыл – Ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары арқылы мемлекет ауыл тұрғындарының өмір сапасын көтеріп, жергілікті бизнесті ынталандырып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жобалар — бұл саланы тек шикізат көзі ретінде емес, қосылған құны жоғары өндіріс көзі ретінде қарастыратын ұстанымның көрінісі.

Инвестициялық платформа мен цифрлық құралдарды енгізу арқылы инвесторларға барлық қажетті қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсыну — Қазақстанның халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның көмегімен қазіргі таңда 1 100-ден астам жоба мониторингке алынып, 222 мың жұмыс орны құрылды. Бұл – экономикаға нақты серпін беретін қадамдар.

Ауыр өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, логистика және жаңа технологиялар сынды салалардағы ірі жобалар еліміздің индустриялық дамуында жаңа сапалық кезеңнің басталғанын көрсетеді. Атап айтқанда, алюминий кластері, болат зауыты, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін зауыттар мен халықаралық әуежай құрылысы сынды бастамалар — бұл Қазақстанның тек шикізат жеткізуші емес, өңделген өнімдерді экспорттайтын дамыған мемлекетке айналу жолындағы нақты қадамдар.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда қабылданып жатқан стратегиялық шаралар мен инвестициялық шешімдер Қазақстан экономикасының сапалық өзгерістерге бағыт алғанын айғақтайды. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкіметтің нақты қадамдары еліміздің тұрақты және теңгерімді дамуына негіз болатынына сенім мол. Ең бастысы – бұл бастамалардың барлығы түптеп келгенде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.

Бағытжан Елубайұлы,

экономист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT