Миялы спорт кешенінде аудандық білім бөлімі мен «Ұлан» балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубының ұйымдастыруымен мұғалімдер арасында аудандық спартакиада өтті. Оған аудандағы 15 орта мектептен біріктірілген «Жалын» (Б.Аманшин, Х.Досмұхамедұлы, Ғ. Сланов атындағы орта мектептер мен Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясы), «Жігер» (Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау орта мектептері), «Намыс» (Кенбай,Сағыз, №9 орта мектептер), «Айбын» (Мұқыр, №2 орта мектептер), «Қайсар» (Миялы, Ш.Еркінов, Жаңашаруа орта мектептері) сынды бес команда қатысып, волейбол (ерлер, әйелдер), бес асық, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату спорты бойынша сынға түсті.
Жарыс «Айжан-ай» би тобының мың бұралған биімен ашылса, бұдан соң аудандық білім бөлімінің бас маманы Қанат Алпанов құттықтау тілегін жолдап, облыстық ұлттық мектеп лигасы ойындарында шәкірттері бірінші орынды жеңіп алғаны үшін Қаракөл орта мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ришат Көшкінбаев пен Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Сейілхан Оқасқа бөлім басшысы атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
Тартысты өткен дода нәтижесінде бес асықтан «Жалын» командасы жеңімпаз атанса, «Жігер», «Намыс» командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Сол сияқты үстел тенисінен «Қайсар» командасы бірінші, «Намыс» командасы екінші, «Айбын» командасы үшінші орынға ие болса, асық атудан «Жігер» командасы жеңімпаз, «Намыс» пен «Айбын» командасы екінші, үшінші орындарға қол жеткізді. Ерлер волейболынан «Жалын» командасы қарсылас шақ келтірмесе, «Жігер» мен «Айбын» командалары екінші, үшінші орындарға табан тіреді. Әйелдер волейболынан үздік үштік қатарынан «Намыс», «Қайсар», «Жалын» командалары көрінді. Тоғызқұмалақшылар тартысында «Жалын» командасы бірінші, «Қайсар» мен «Намыс» командалары екінші, үшінші орындарды жеңіп алды.
Спартакиада қорытындысымен Гүлжанат Орынбасар (бес асық), Айнұр Қаратаева (үстел теннисі), Сейілхан Оқас (ерлер волейболы), Ақсүйрік Есболаева (қыздар волейболы), Үсен Жұмабай (тоғызқұмалақ), Бердіхан Боқпаевтар (асық ату) «Үздік ойыншы» атанды. Жарыста үздік ойынымен көзге түскен мұғалімдерден құрама команда жасақталып, олар облыстық спартакиадада аудан намысын қорғайтын болады.
Дулат БЕРІК