Қызылордада Ішкі істер министрінің кубогына арналған шағын футбол турнирі басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнайы органдары мен күштік құрылымдары қызметкерлері арасында шағын футболдан "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына" арналған республикалық турнир өз жалауын көтерді. Аталған спорттық дода 2025 жылға арналған күнтізбелік жоспар аясында және "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Турнирдің ашылу салтанатында Қызылорда облысы полиция департаментінің Серік Ергешов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі:
- Құрметті турнир қатысушылары мен қадірлі әріптестер! Сіздерді еліміздің құқық қорғау, арнайы органдары мен күштік құрылымдары қызметкерлері арасында ұйымдастырылып отырған Ішкі істер министрінің кубогына арналған шағын футбол турнирінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, - деді ол.
Бұл турнир – тек кәсіби біліктілікті емес, спорттағы шеберлік пен ауызбіршілікті паш ететін маңызды шара. Мұндай жарыстар салауатты өмір салтын насихаттап, ұйымшылдықты арттыра отырып, қызметтік міндеттерді абыроймен атқаруға жаңа серпін береді. - Баршаңызға әділ әрі тартысты ойын, жарақатсыз жарыс және толағай табыс тілеймін. Бұл турнир достық пен әріптестікті нығайтып, елге қызмет етудің жарқын үлгісіне айналсын, – деді департамент басшысы. Салтанатты шара барысында арнайы шақырылған мәртебелі меймандар – "Динамо" ДШСҚ орталық кеңесінің спорт басқармасының бастығы Гүләйім Махатқызы, "Динамо" ДШСҚ басқармасының бастығы Владимир Марьин және қазақ спортының мақтанышы, Афина Олимпиадасының чемпионы, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев та құттықтау лебіздерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнирдің ашылу салтанатында жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Екі күнге созылатын бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 11 команда қатысуда. Шағын футболдың шеберлері жасыл алаңда өзара мықтыны анықтап, жеңіс тұғырынан көрінуге бар күш-жігерін салмақ.