Өткен аптада Әзербайжан астанасы Баку қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.
Аталмыш жарысқа біздің ауданнан Бекарыс Мұратұлы мен Төребек Амангелдиев қатысып қайтты. Бекарыс алғашқы екі белдесуінде жеңіске жеткенімен, үшінші белдесуде ресейлік балуанға есе жіберіп, жарысты аяқтады. Ал, 60 келіде сынға түскен Төребек болса алғашқы төрт белдсеуін таза ұтып, жартылай финалда кілем иесіне есе жіберіп алды. Ал, жұбаныш белдесуінде грузин палуанын, үшінші орын болған сында түрік палуанын жеңіп, жарыстың қола жүлдегері атанды. Сөйтіп жеті белдесудің алтауын ұтқан Төребек Әзербайжан елінен олжалы оралды. Айта кетейік, Төребекті кішкентайынан дзюдо күресіне баулып, осындай жетістікке жетуіне бапкері Бүркіт Орынбасаровтың қосқан үлесі зор. Бакуден жүлдемен оралған Төребек бапкерімен бірге келер жылдың ақпан айында өтетін Қазақстан Республикасы чемпионатына дайындықты бастап кетті.
Дулат БЕРІК.