Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ғалымжан СМАҒҰЛҰЛЫ, Парадзюдошы: «Басты арманым – көк туды желбіретіп елге оралу»

Биылғы жылдың ең басты жаңалығы – Токио олимпиадасы екендігі баршаға мәлім.Төрткүл дүние көз тіккен олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін іле-шала паралимпиада ойындары басталды.

Осы орайда, жақында ғана жалауы желбіреген байрақты бәсекеге жерлесіміз, парадзюдошы Ғалымжан Смағұлұлы жолдама жеңіп алған болатын. Жақында ғана табаны Жапония жеріне тиген Ғалымжанға сәттілік тілеп әрі дайындық барысын білу мақсатында хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Ғалымжан Смағұлұлы, Сіз Қызылқоға тарихында алғаш паралимпиадаға барған спортшысыз. Бұл аудан спорты үшін мақтанарлық жағдай. Ендеше, ел намысын арқалап, Токио төріне табан тіреген өзіңізбен жақынырақ таныса отырсақ...

– Рахмет. Мен осы қасиетті Қызылқоғаның төл перзентімін. Анығырақ айтсақ 1990 жылдың 25 мамырында Миялы ауылында дүниеге келдім. Әкем Смағұл Махметов энергетика саласының Құрметті ардагері болса, анам Меруерт Мұхамбетқалиева ұзақ жыл ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп, бүгінде зейнет демалысында. Отбасында бес ұл, бір қыз болып өстік. Мен ата-анамның төртінші перзентімін. Алдымда үш ағам, меннен кейін бір іні, бір қарындасым бар. 1996-2007 жылдары Б. Аманшин атындағы орта мектепте білім алдым. Қазіргі таңда парадзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесімін.

– Дзюдо күресімен айналысуыңызға кім әсер етті, ең алғаш күреске барғанда неше жаста едіңіз?

– Менің спортқа келуіме бірден бір себепші тұлға – белгілі балуан, самбо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрбай Сахиев көкем. Ол бізге ағайын болып келеді. Әлі есімде үйге келген сайын жарыстар мен спорттағы жетістіктері туралы әңгімелеп, бізге түрлі әдіс-тәсілдерді үйрететін. Әрі меннен үлкен ағаларым Абзал, Мұхтар, Бауыржандар да ауылда күреспен айналысты. Осылайша мен де көкем мен ағаларыма еліктеп, спорт мектебіне бардым. Біздің бала кезімізде ауылда күрестен басқа спорт секциясы болған жоқ. Сөйтіп мен де 4-5 сыныптардан бастап күреске ден қоя бастадым. Ол кездерде өзім оқыған Б. Аманшин атындағы орта мектепте қазақ күресінен мектепішілік жарыстар жиі ұйымдастырылатын. Соған қатысып, «түйе балуан» атанған кезім де болды. Бірақ, сол уақыттарда бір салмақта үнемі жеңімпаз болу қиын еді. Өйткені біздің ауылда бәсеке өте мықты болатын. Жасы үлкендер мен кішілерді айтпағанда өзімнің бірге оқыған құрдас-достарымның арасында облыстық, республикалық жарыстардан жүлде алып жүргендер көп болды. Атап айтқанда, құрдастарым Асхат Тельманов, Дархан Сауғабаев, Айболат Қанашев, Роман Майлашов, Батырхан Арысовтар барған жарысынан жүлдесіз қайтпайтын. Солармен өмірде дос, кілемде қарсылас болып бірге өстік. Алайда, мен күреспен толыққанды айналыса алмадым. Себебі, бала күнімнен көзімде жарақат болды да, сол кері әсерін тигізді.

– Ал, парадзюдоға қалай келдіңіз, осы спортпен айналыса бастағанда «Паралимпиадаға жолдама аламын» деп ойладыңыз ба?

– Парадзюдоға келуімнің өзі қызық болды. Мектеп кезінде күресті түбегейлі қойсам да жаттығуларға тиіп-қашып барып жүрдім. Алайда, кәсіби түрде спортпен айналысамын деген ой болған жоқ. Қайта еңбекке араласып, ауылда «Атырауэнергосату» мекемесінде жұмыс жасап жүрдім. Бұл 2016 жыл болатын. Сол жылы Атырау қаласына жол түсіп, джиу-джитсудан облыстық құраманың жаттықтырушысы, Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер мектебінің түлегі Айбар Есенғалиевпен жолығып қалдым. Ол маған әңгіме барысында «Қазір елімізде парадзюдоға баса көңіл аударылуда. Мектеп кезінде біраз күрестің, неге сонымен айналысып қарамайсың?» деп ұсыныс тастады. Кейіннен белгілі балуан Асхат Тельманов досыммен сөйлесіп, парадзюдо жайлы сұрастырдым. Ол мені қолдап, облыстық парадзюдо құрамасына алынуыма үлесін қосты. Кейіннен парадзюдомен толыққанды айналысып, бастап ел чемпионатында топ жардым. Осылайша Қазақстан құрамасына алынып, халықаралық жарыстарға жол ашылды.

– Бүгінгі басты додаға жолдама алу қиын болды ма, осы жолдама жолында қандай асулардан өттіңіз?

– «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» демекші, кез-келген спортшының көздеген мақсаты еліміздің көк туын басты бәсекелерде желбірету ғой. Мен де 2016 жылдан бастап сол арман-мақсат жолында біраз тер төктім. Ауылдағы жұмысымды тастап, Атырау қаласына келдім. Кейіннен ел құрамасына ілінгесін алаңсыз жаттығу жасау үшін Алматыға қоныс аудардым. Себебі, парадзюдо дегенмен де мұнда да бәсеке мықты. Сәл босаңсып, жаттығу жасамай қалсаң жарыстан орын алу қиын болып кетеді. Сондықтан жеке бапкерім Асхат Тельмановтың, құрама бапкері Жандос Қияновтың айтқандарын екі етпей жасап жүрдім. Соның нәтижесінде Қазақстанда, Түркияда, Әзербайжан елдерінде өткен халықаралық жарыстарда жүлде алып, паралимпиадаға жайлап ұпай жинай бастадым. Ал, тікелей жолдама берген жарыс Англия елінің Лондон қаласында өткен «Гран-при» турнирі болды. Сол жарыста қола медаль иеленіп, дүбірлі додаға баратын ұпайым түгенделді.

– Жолдама алғанда қандай сезімде болдыңыз, дайындық жұмыстары қалай жүрді?

– Англиядан қола жүлде алғанда ұпайым паралимпиадаға толыққанды жетіп тұрды. Алайда, халықаралық парадзюдо федерациясы сол сәтте ресми түрде паралимпиадаға баратынымызды айтқан жоқ. «Хабар күтіңіздер» деп, шығарып салды. Тек жақында ғана Токио олимпиадасы басталарда Қазақстаннан бес парадзюдошыға жолдама берілгендігін ресми түрде айтты. Әрине, сол сәтте қатты қуандық. Өз басым ата-анамның, бапкерлердің, елдің сенімін ақтағаныма қуанышты болдым. Дайындық өз деңгейінде өтті. Паралимпиадаға аттанар алдында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын жасадық. Онда бағдарламаға сай күніне үш мезгіл жаттығу жасаймыз. Таңертеңгі сағат 7:30-да тұрып әр түрлі гимнастикалық жаттығулар жасасақ, сағат 10:30-да кимономызды киіп, жаттығуды татамиде жалғастырамыз. Ол жерде бүкіл әдіс-тәсілдерді қайталап, толыққанды дзюдомен айналысамыз. Ал, кешкілік темір көтеру, аяқ-қолдың бұлшықетін қатайту сияқты физикалық жаттығулар жасалады. Оның сыртында жеке өзіміз бос уақытта жатпай-тұрмай дайындаламыз. Себебі, қазір бізге бір ауыл емес, облыс емес тұтас қазақ елі сенім артып отыр. Әрі жарыс дзюдоның отаны саналатын Жапонияда өтеді. Сондықтан жерлестерді жерге қаратпауымыз керек. Қазіргі таңда, мен тактикалық-физикалық жағынан бөлек психологиялық жағынан да дайынмын деп айта аламын.

– Айтулы додада басты қарсыластарыңыз кімдер?

– Әрине, олимпиадаға осал балуан бармайды ғой. Мысалы мен күресетін 81 келіде де сайдың тасындай іріктелген мықтылар көп. Солардың ішінде екі дүркін паралимпиада чемпионы мексикалық балуанды ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, әлемдік рейтингіде бірінші, екінші орындарда тұрған өзбек пен кәріс балуандары бар. Франциялық қарсыласым да осал емес. Бұлармен әлемдік жарыстарда белдесіп жүрмін. Дегенмен паралимпиададағы күрес мүлде бөлек болады. Себебі, татамиге шыққанда олардың атақ-абыройы маңызды болмайды. Әр балуан өз елінің намысы үшін күреседі. Мен де, елдің намысын сынға түсер сәтте аянып қалмаймын. Алайда, қазақ «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді ғой. Сол айтқандай, үйіп-төгіп уәде бергеннен гөрі Алла қаласа іспен дәлелдеп қайтпақшымын.

– Сөз соңында осындай жетістікке жетуіңізге кімдер көп үлес қосты, кімдерге алғыс айтар едіңіз?

– Біріншіден Аллаға шүкіршілік етемін. Содан кейін менің жетістікке жетуіме үлес қосқан, екінші әкемдей бола білген Мәлік Сүлейменовке, күреске деген ынтамызды оятқан Нұрбай Сахиевке алғысым шексіз. Сондай-ақ, жаттықтырушылар Хисметолла Қуанаев, Тұрар Әжіғалиев, Мейрамбек Әжіғалиев, Азамат Тәжіғалиев, Жандос Тілекбаев, Сағат Тұрғалиев, тіпті кезінде бізге тазалықты үйреткен тазалықшы Мәрзия апайға да шексіз ризамын. Одан бөлек, Атыраудан Аманбай Қыздарбаев пен Алматыдан Жайдар Сайлаубаев та ағалық ақыл-кеңестерін айтып отырады. Әрине, содан кейін жеке бапкерім Асхат Тельманов пен құрама бапкері Жандос Қияновтарға алғысым зор. Міне, менің жетістік жолым осы кісілермен тікелей байланысты.

– Салихалы сұхбатыңызға рахмет. Көк туды желбіретіп қайтуыңызға тілектеспіз!

 

Сұхбаттасқан, Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521