Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖЫЛАНДЫ ДЕГЕН АУЫЛ БАР...

«Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі», – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

Міне, көзді ашып-жұмғанша Жылан жылы төрімізге еніп, жаңа бастамалар мен жарқын жобалар басталып та кетті. Ендеше, өндірісті өңірдің ең ірі ауданы саналатын Құрманғазы тұрғындары да жаңа жылдан жақсы жаңалықтар күтіп, ұлы мақсат-міндеттер мен көкейде жүрген көп ойдың орындалуын тілейді. Осы орайда, біз де Жылан жылындағы алғашқы жолсапарымызды Жыланды ауылынан бастағанды жөн көрдік. Бұл ауыл ауданның көршілес Ресей жақ бетінің алтын қақпасы саналатын Дыңғызыл ауылдық округіне қарайды.

 Жаңа жылда – жоғары көрсеткіш 

Алғашқы аялдамамыз – жаңа жылдың жаңа айын жеті мың асыл тұқымды еділбай қойымен бастап отырған Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативі. Бізді аталған кооперативтің басқарма төрағасы, өңірге белгілі азамат Сабыржан Сұлтанов жылы қарсы алды.

 «Менің ауыл шаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқаныма қырық жылдай уақыт болды, – деп бастады әңгімесін сала майталманы. – Кезінде бұл жерде аты республикаға белгілі болған атақты қой совхозы, қазақша айтсақ, кеңшары болды. Ол елге асыл тұқымды еділбай қойын өсірумен танылды. Мен де осы шаруашылықта еңбек еттім. Ал, еліміз егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін кеңшарларды жекешелендіру үрдісі басталды. Бұл уақытта директорымыз Харес Биляшұлы болды. Ол өз заманында бірнеше кеңшарға білікті басшы бола білген адам. Әрі, аудандық комитеттің екінші хатшысы да болды. Сөйтіп, 1998 жылы сол кісімен жан-жақты ақылдасып, кеңесе келе шаруашылықты сақтап қалу және одан әрі дамыту мақсатында осы кооперативті құруға шешім қабылдадық.

Құдайға шүкір, сөйткен шаруашылықта бүгінде орта есеппен тұрақты түрде сексен адам жемісті жұмыс жасап жатыр. Ал, төрт түлік төлдейтін маусымдық науқан кезінде қосымша тағы елу шақты адамды қызметке қабылдаймыз. Биыл, яғни, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша 7 мыңдай асыл тұқымды еділбай қойы тіркеліп тұр. Қазақ халқы үшін жеті  киелі сан екені белгілі. Ал, оның 4 мыңы – аналық бас. Сонымен бірге, 300-ден астам асыл тұқымды қосөркешті түйе мен 150-ге тарта Қамбар ата түлігі тағы бар. Шаруашылық аумағы алыс қырда орналасқан. Ол ауылдан әрі қарай елу шақырымнан кейін басталады».

Иә, ауылшаруашылық саласының сайыпқыранына айналған кейіпкер сөзінің жаны бар. «Еңбек етсең, емерсің» деп халқымыз текке айтпаса керек. Қара жерге қара тер төкпей жетістікке жетіп, табысқа кенелу мүмкін емес. Азаттық аңсаған Алаш қайраткерлерінің бірі Бейімбет Майлиннің сөзімен айтсақ, «ауылдың жағдайы жақсы болса, алаштың төрт құбыласы тең». Олай болса, Сабыржан Қыдырсихұлы секілді еліміздің өзгелермен терезесін тең, керегесін кең қылуда аянбай адал еңбек етіп жүрген жанкешті жандарға сәттілік серік болғай деген тілек білдіріп, біз де сапарымызды одан әрі жалғадық.

 Неліктен «Жыланды»?

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді» демекші, бізбен әсерлі әңгіме құрған ауыл ақсақалы Жексенбай Өтеғалиев та біраз жайттың бетін ашты. Бүгінде жерлестері оны белсенді ауыл тұрғыны ғана емес, сынықшылық қасиеті бар емші ретінде де жақсы біледі. Сай-сүйегі сырқырап дертіне дауа іздеген жан сол кісінің алдына барып жәрдем сұрайды екен.

«Мен Өтеғали деген қарттың бесінші ұрпағымын. Құдайдың қолдауымен өсіп-өніп жатырмыз. Әкем әңгімелеп айтып отырушы еді, сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары анау теңіз тамағындағы тіршілік нәрі тартылып, содан су іздеген халық осы жердегі Қиғаш өзенінің бойына қоныс аударған екен. Арасында бір сиыр фермасы да болыпты. Адам аяғы аттап баспаған жер алғашында белден келер шөп пен жыбырлаған жыландарға толы болған деседі. Үлкендер жағы оларға тимей, елді сабырға шақырыпты. Сірә, Жыланды деген атау содан қалса керек. Осылайша, алпысыншы жылдары Құрманғазы атындағы кеңшар құрылып, ауыл тіршілігі қыза бастаған. Кеңес одағы кезінде халықтың тұрмыс жағдайы бүгінгідей керемет болды деуге болмас. Ол уақытта мал жекенің емес, қоғамның меншігінде болды ғой. Соған қарамастан, ауыл тұрғындарының бәрі де бір анадан туғандай тату-тәтті тұрмыс кешті. Ешкім ешкімнен артық не кем болмады. Бәрі де еңбек етіп, маңдай терін төкті. Бүгінде алды біз секілді бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Қалай болғанда да, бұрын адам баласы еңбекті бәрінен биік қойып, жоғары бағалады, қарапайым жұмысшыларды қадір тұтып, оларға құрметпен қарады. Тіпті, көршілес Шортанбай ауылындағы балық зауытының өзі сонау соғыс кезінде де үздіксіз жұмыс жасады емес пе?» дейді зейнеткер. 

 Қайтарымсыз грант, қайырымды кәсіп

Иә, қарапайым еңбек адамын қалай қадірлеу қажеттігін бүгінгі ұрпаққа ұғындыру үшін де осындай кейіпкеріміз секілді аузы дуалы ауыл ақсақалдары керек-ақ. Еңбек демекші, ауылда мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, бизнес бастаған жандар да жетерлік. Солардың бірі – тот баспас өнер тігіншіліктен табыс тауып жүрген Маржан Ғазимова.

«Мен 2020 жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алдым. Сол қаражатқа осы Дыңғызыл ауылдық округінен бизнес бастадым. Қандай кәсіп ашсаңыз да, басы қатты болуы мүмкін, бірақ аяғы тәтті болады. Тек төзімділік пен табандылық танытуға тура келеді. Әрине, кез келген жетістік пен жеңістің артында үлкен еңбек пен үздіксіз ізденіс жатады. Өмірде оңай ештеңе жоқ. Қызық көргіңіз келсе, қиындықты да көресіз, онсыз болмайды. Бұл тек бизнестің емес, жалпы өмірдің заңдылығы. Тағдырыма тәубе деймін, бүгінде менің қызметіме сұраныс артпаса, азайған жоқ. Тұрақты тұтынушыларым біртіндеп көбейіп келеді. Күніне бес-алты адам міндетті түрде мені іздеп келіп жатады. Әсіресе, күзгі бал, Наурыз мерекесі және басқа да науқандық шаралар кезінде жұмыс қыза түседі.

Екіншіден, соңғы уақытта мектептерде сынып және балабақшаларда ойын бөлмелерін  ұлттық нақышта безендіру жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл да біздің жұмысымызды одан бетер жандандыруда. Үшіншіден, бізге тек бір округтен ғана емес, басқа да ауыл-аймақтан көптеп тапсырыстар келіп түседі. Міне, осыны ескеріп, алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуді де ойластырып жүрмін. Қазіргі жағдайыма осы қарапайым еңбектің арқасында жетіп отырмын деп толықтай айта аламын. Шүкір, отбасында да екі баланың анасымын. Алысқа алаңдамай, туған ауылдан кәсіптің көзін тауып, ел игілігі үшін қызмет қылып жатқаныма бақыттымын» деген ол әр кәсіптің өз қиындықтары болатынын да айтты.

Бірақ бұның бәрі де уақытша сынақтар ғана. Олардың салдарымен күрескеннен гөрі себебін анықтап, алдын алған тиімдірек. Мәселен, қарапайым тігін мәшинесінің өзін ұқыпты пайдаланған жөн. Сөйтсек, оның да күтімі кәдімгі көліктен кем емес көрінеді. Егер күнделікті майлап-сайлап отырса, ол да өз иесіне көп жыл қызмет етері сөзсіз. 

Темір емес, тірі тұлпар тізгіндеп...

Айтпақшы, біз ауыл ішін аралай жүріп көлікпен жүрген тұрғындарды көрмедік. Есесіне, ат мінген жастарды жиі жолықтырдық. Олардың бірін сөзге тартып та көрдік.

«Біздің ауылда адамдар темір тұлпардан гөрі тірі тұлпарды тізгіндегенді жақсы көреді. Өзім де ерте жастан байтал баптап, бәйгеге қатысып келе жатқан жанмын. Жылқы десе ішкен асымды жерге қоямын. Жастарды былай қойғанда, мұнда қаладағыдай велосипед тепкен балаларды да көрмейсіз. Ауыл сонысымен де біз үшін қымбат. Мен өз ауылымды Алматыға да, Астанаға да ауыстырмас едім. Жоғары білім алып, білікті маман болған күні де бар қажыр-қайратымды осы туған жерімді түлетуге жұмсар едім» дейді Азамат есімді кездейсоқ кейіпкеріміз.

Ендеше, біз де оған жаңа жылда асқақ армандарының орындалуын тілеп, жылы қоштастық. Қалай десек те, еліміздің бүгіні де, болашағы да осы жастар емес пе? Сондықтан «жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, бұл ауылдан да ертең талай тау тұлғалы азаматтар өсіп шығады деген сеніммен сапарымызды аяқтадық.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT