Қоғам дамыған сайын әрбір мамандықтың қоғамдағы орны мен маңызы айқындала түседі. Соның ішінде көп жағдайда назардан тыс қалып келген жұмысшы мамандықтары бүгінгі күні ерекше сұранысқа ие болып отыр. Бұл – жай ғана уақыттың талабы емес, елдің өндірістік әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Қуантарлық жайт – соңғы жылдары бұл көзқарас өзгере бастады. Мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білім беруге ерекше көңіл бөлініп, жұмысшы мамандықтарын оқытатын колледждер жаңартылып, дуалды оқыту жүйесі енгізіліп жатыр. Яғни, болашақ жұмысшы тек теорияны меңгеріп қоймай, өндірістің нақты ортасында білімін тәжірибемен ұштастыра алады.
Жастар арасында жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру мақсатында түрлі жобалар мен кәсіби бағдар беру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Бұл дұрыс бастама. Себебі, әр адам өз орнын табуы керек, ал қоғамда нағыз кәсіби жұмысшылар болмаса, кез келген саланың дамуы тежеледі.
Жеке пікірімше, жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының өзегі. Бұл мамандық иелері тек еңбек етіп қана қоймайды, елдің өркендеуіне тікелей үлес қосады. Сондықтан жұмысшы еңбегін бағалау – тек мемлекет пен кәсіпорындардың емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Қоғам даму үшін әр маман өз ісінің шебері болуы қажет. Ал жұмысшы – сол қоғамның іргесін қалап жатқан азамат. Ендеше, біз олардың еңбегін бағалап, оларға тиісті жағдай жасап, мамандықтарының беделін арттыруға атсалысуымыз керек. Жұмысшы болу – мәртебе. Мұны ұмытпауымыз қажет.
Дильназ МАРАТҚЫЗЫ