Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қоғамдық өмірдің барлық саласына жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу мәселесі қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады.
Цифрлық үкімет кеңсесінде аталған сала министрі «Әлеуметтік әмиян», «ОТӨ тізілімі», «Онлайн-нотариус» жобаларын, азаматтар өтініштерін жүйелеуге арналған e-Otinish платформасын және басқа да жобаларды таныстырды.
Олжас Бектенов экономиканы ынталандыру мақсатында цифрлық орта құрудың маңызды екенін айтты. Озық елдердің барлығы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға жаппай инвестиция салып, өз стратегияларын жасап жатыр. Цифрлық технологиялар бізде қазірдің өзінде өнеркәсіп, экология, денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және құқықтық қолдау, салық секторы мен бизнес-ортада белсенді қолданылып келеді.
«Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық трансформация экономика мен қоғамдық өмірдегі өзгерістерге жәрдем беруге тиіс екенін атап өтті. Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және төтенше жағдайларды болжап, олардың алдын аламыз. Сондай-ақ проактивті түрде әрекет етуге мүмкіндігіміз бар. Цифрлық трансформация кезінде жаңа цифрлық шешімдерді интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың барлығы Жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Жасанды интеллект туралы жаңа заң аясында жалғасады», деп атап өтті О.Бектенов.
Цифрландыру нәтижесінде 2023 жылы 44 млн-нан астам қызмет көрсетілген. Қазірде цифрлық құжаттар толыққанды физикалық құжаттарға теңестірілді. Азаматтар ел ішінде ұшақтарда, пойыздарда ешқандай физикалық құжатсыз, тек цифрлық құжаттардың негізінде еркін жүре алады. Биыл бұл қызмет 200 млн-нан астам рет көрсетілген. Тағы бір мысал – онлайн нотариус. Азаматтар елімізден тыс жерде болған күннің өзінде онлайн түрде қызмет ала алады. Мұндай қызметтер 170 мыңнан астам рет көрсетілді.
«Біз проактивті қызметтерді енгізуді бастап кеттік. Бұл – азаматтар өздері тиісті мекемеге жүгінбей-ақ автоматты түрде көрсетілетін қызметтер. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз әлеуметтік әмиянды енгіздік», деп мәлімдеді министр.
Әлеуметтік әмиянның алғашқы екі қызметі басталды, оның бірі – оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту, енді бірі – тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бүгінде елімізде 2000-нан астам мектепте білім алып жатқан 703 мыңнан астам оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі.
Мемлекеттік дәріханалар жүйесі проактивті қызметтермен 100% қамтамасыз етіліп, 1,5 млн-нан астам рецепт өңделіп, берілді. Сонымен қатар Ж.Мәдиев бүгінде ЖК, ЖШС ашу, рұқсаттарды алу жеңілдегенін, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіліп, есеп беруді автоматтандыру және қысқарту жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бұған қоса адамның қатысуынсыз тексерулер санын 2 есе қысқартуға мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді. Биыл ғана 60 мың тексеру жүргізілді. «Үкіметтің басым бағыты – отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында деректермен ауқымды жұмыс жүргізілді.
Бүгінде 40-тан астам деректер базасы біріктірілді, бұл базада кәсіпорынға қатысты 2 мыңнан астам көрсеткіш бар. Бұл деректер мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін пайдаланылып жатыр. Біз деректер базалары мен дэшбордтарды жүктеп, талдамалық анықтамалар, әрекетке ұсыныстар мен көрсеткіштердің өсуіне немесе төмендеуіне әсер еткен факторларды аламыз», деді Ж.Мәдиев.
Мәселен, былтыр отандық тауар өндірушілердің сатып алуы арғы жылмен салыстырғанда 50%-ға өскен. Сонымен қатар жасанды интеллект сатып алуларда 3,5 трлн теңге көлеміндегі қосымша әлеуетті анықтаған. Осылайша, бизнеске жасанды интеллектінің қалай көмектесетіні айқындалды.
Премьер-министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне өңір әкімдерімен бірге 2025 жылы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарына оқытуды қолға алуды тапсырды. Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындауы керек.
Жасанды интеллектіні одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер қорының қолжетімділігі жөнінде бірыңғай тәсілдер әзірлеуге ерекше назар аударылды. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттардың дер кезінде беріліп, өзекті әрі дұрыс болуын қамтамасыз ету мақсатында деректерді жинау, сақтау және қорғау жұмыстарын регламенттеу тапсырылды.
ЖИ-ді пайдалануды реттейтін заңнамалық шаралар мен нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау керек. Премьер-министр дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану арқылы қабылданған шешімдерге жауапкершілік мәселесіне баса назар аударды.
Халықтың ЖИ саласындағы жаңалықтардан хабары аз болуын ескере отырып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қолданыстағы цифрлық шешімдерді одан әрі жетілдіру және оларды пайдалану туралы жұртшылықты ақпараттандыру міндеті қойылды. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізіп, іске асырып жатқан өндіріс орындарын қолдаудың нақты шараларын әзірлеу тапсырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық ведомствомен бірлесіп Отбасының цифрлық картасында әкімдер рейтингі мониторингінің автоматтандырылған функционалын әзірледі. Талдау әр аудан, қала және облыс бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл туралы аталған сала министрі Светлана Жақыпова баяндады.
Төрт айлық жұмыстың нәтижесі Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының мысалы арқылы көрсетілді. 1 желтоқсанға дейін 3643 әлеуметтік осал отбасы қалды, олардың 270-і D санатынан шықты. Қалада жасанды интеллект әл-ауқатқа әсер ететін ең маңызды 3 факторды анықтады: кірістер, тұрғын үй, жұмысқа орналасу. 177 отбасы жұмысқа орналасу және кірістерін арттыру арқылы жағдайын жақсартты.
Министрдің айтуынша, деректер eOtinish, 109 қызметімен, Отбасының цифрлық картасымен біріктірілген. Жасанды интеллект әлеуметтік осал санаттар бойынша жүгіну салаларын таңдайды. Бұл сотқа дейінгі іс жүргізу, қоғамдық және жол қауіпсіздігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері, жерге және жерді пайдалануға, сот ісін жүргізуге қатысты мәселелер.
Жасанды интеллект әкімдерге тікелей жұмыс істеу керек мәселелерді де анықтайды. Мысалы, Риддер қаласындағы проблемалар – бұл міндетті зейнетақы жарналарын төлемейтін отбасылардың айтарлықтай саны, бұл жұмыссыздықтың немесе бейресми сектордағы жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін көрсетуі мүмкін.
Премьер-министр бұл жағдайдың Қарағанды облысы Осакаров ауданында қалай екенін көрсетуді ұсынды. Осы аумақта қазіргі уақытта әлеуметтік осал санаттағы 2382 отбасы тұрады. Динамика оң. Тәуекел аймағының маңызды факторларының қатарына кірістер мен жұмысқа орналасу кіреді. Білім беру, мемлекеттік басқару, құжаттамалық қамтамасыз ету салаларындағы шағымдар тіркеледі. ЖИ ұсынымдарының бірі – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының нысаналы бағдарламасын әзірлеп, енгізу. Жаңа жұмыс орындарын, әсіресе тұрақты табыс әкелетін салаларда жұмыс орындарын ашу маңызды бағыт болуға тиіс.
«Бұл біз жүзеге асыра алатын бастапқы кезең. Қазір біздің алдымызда Еңбек тәуекелдерінің картасымен тікелей интеграциялау міндеті тұр, онда әкімге зейнетақы жарналарын аудармай, жалақы бойынша берешекке жол беретін кәсіпорындардың нақты атаулары көрсетілетін болады. Сондай-ақ бізде құны 33 млн теңге болатын 755 жобаның инновациялық навигаторы бар, олар 150 мың жұмыс орнын ашу арқылы жүзеге асырылып жатыр», деп атап өтті министр.
Премьер-министр жасанды интеллект беретін ұсыныстарға назар аударды.
«Осакаров ауданындағы жасанды интеллект қазірдің өзінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылармен қалай айналысуға болатыны туралы ұсыныстар беруде. Мұндай ұсынымды барлық әкімге апта сайын жіберіп, ақпаратты автоматты режімде өзектендіру қажет болады. Әр әкім қай жерде қандай проблемалар бар екенін көруге тиіс. Бұл жасанды интеллектіні қолданудың тікелей пайдасы. Оны өздері де талдауға болады, бірақ оған қанша ресурстар мен уақыт қажет», деп түйіндеді О.Бектенов.