Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жаңа бюджет кодексі: Сенат құжатты Мәжіліске қайтарды

KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Бюджет кодексі мен «Кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер және «Концессиялар туралы» Заңның күші жойылды деп тану туралы» Заңы екі оқылымда қаралды. Сенат құжаттардың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

- Бюджет кодексін қайта зерделеу қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Себебі осыған дейін Кодекске жекелеген түзетулер ғана енгізіліп келді және кейбір жағдайда олар бір-бірімен байланыспай да жатты. Бұл, өз кезегінде, еліміздегі бюджет жүйесінің балансына кері әсерін тигізбей қоймады. Осыған байланысты бюджет саясатын біріздендіру және оған тың серпін беру қажеттілігі туындағаны рас. Әсіресе, қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, бюджетке үнемшіл және жауапты ұстаныммен қарауға басымдық беру маңызды болды. Осыған сәйкес ең басты міндет ретінде бюджет жүйесінің біртұтастығын қамтамасыз етуге мән бердік, - деді сенатор Бекбол Орынбасаров.

Аталған міндет аясында Бюджет кодексінің негізгі бағыттары айқындалды. Олар: 

    бюджет процесін жеңілдету;
    мемлекет қаржысын басқарудың әдіснамалық негізін құру;
    бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау сапасын арттыру;
    бюджетаралық қатынастарды жетілдіру;
    мемлекеттік инвестициялық жобалардың жүйелі кемшіліктерін шешу; 
    нәтижеге бағдарланған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің ақпаратына қарағанда, Заңды талқылау және оны Сенатта екінші оқылымға дайындау барысында Мәжіліс қабылдаған Кодекске мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады: 

Кодекстің 5-бабының 17) тармақшасымен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен бюджет комиссиясының хатшыларына бюджеттік комиссияның қарауына құжаттарды дайындау бойынша жаңа жауапкершілік беретін нормаға байланысты лауазымды адамдар қатарынан жергілікті бюджет комиссиясының төрағасы мен хатшысын басшы ретінде айқындау ұсынылады;

30-бапта – республикалық бюджет шығыстарында төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған шығыстар көзделген; 

тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша аумақтылығына қарай белгілі бір шектеулер белгіленбейді, осыған байланысты 30-баптың 1-тармағында «шегінде орналасқан» деген сөздерді алып тастау көзделген; 

ауылдық елді мекендер арасындағы автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жөніндегі шығыстар облыстық және аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылуға тиіс. Осыған байланысты аталған шығыстарды ауылдық округтің шығыстарынан алып тастау қажет; 

жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту мен реконструкциялауға қаражатты аудандық және ауылдық бюджеттердің шығыстарына жатқызу ұсынылады, өйткені бұл функциялар «Жайылымдар туралы» Заңында көзделген; 

бюджеттің ашықтығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында 40-бап бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың шоғырландырылған, мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы, сондай-ақ облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, тиісінше ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы ай сайынғы есептерді жариялауды қамтамасыз ету жөніндегі нормамен толықтырылсын; 

Кодекстің 63-бабында ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуына мониторинг нәтижелерін қарауы жөніндегі норманы енгізу ұсынылды; 

105-бап міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын әзірлеу тәртібін, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімдердің жиынтық жоспарларын және міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларын жасау тәртібін айқындау жөніндегі нормамен толықтырылды; 

110-бапта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің төлемдерді, оның ішінде құрылысқа, мемлекеттік сатып алуға, пилоттық жобаларды іске асыруға байланысты төлемдерді жүргізу кезінде ағымдағы бақылау айқындалған; 

Кодекстің 143-бабында экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті алу үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысының болуы бойынша талап көзделген.

Осыған байланысты оның құзыретіне аталған мемлекеттік кепілдіктерді беру үшін қорытындыны әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі норманы енгізу қажет; 

бүгінгі таңда Ұлттық қордан тартылатын кепілдік берілген трансферттің жылдық сомасы ай сайын тең үлестермен тартылады және қаржы жылы ішінде оның қажетті сомаларға сұранысы әртүрлі болуы мүмкін болғандықтан, мемлекеттік қазынашылықтың нақты қажеттіліктеріне қарай кепілдік берілген трансферттің ай сайынғы көлемінің әртүрлі сомаларын белгілеу мүмкіндігі болатын норма ұсынылады; 

Ұлттық қордан бөлінген қаражатты тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында, сондай-ақ ҚР Ұлттық қорының валюталық активтерін 2030 жылы 100 млрд долларға дейін ұлғайту бойынша нәтижелерге қол жеткізу үшін 115-бап нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді Ұлттық қорға міндетті түрде қайтару жөніндегі нормамен толықтырылды; 

кепілгерлік шарты және оның қолданылу мерзімін регламенттеу шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында 145-бапта оларды қайтару жөніндегі норманы, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігінің қолданылуын тоқтату негізін көздейтін норманы көздеу ұсынылады; 

Бюджет кодексі мемлекеттік ислам бағалы қағазын шығаруды көздейтіндіктен, оның шығарылуы мен айналымының тәртібі мен шарттарын көздеу ұсынылады.

Бұған дейін хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев облыстық бюджетті әлсіретіп алмау керек екенін атап өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT