Бүгінде, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындар арасында заңсыз жолаушы тасымалы көп. Себебі, қазір көлігі бар кез келген адам такси қызметін көрсете алады. Олардың көпшілігі такси қызметін өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті пайда көзіне айналдырған.
Осы орайда, «Заңсыз таксиге тыйым салына ма? Такси қызметі талапқа сай ма?» деген сауал туындайды. Сондықтан, біз осы сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдік.
Қызмет көрсетеді, билет бермейді
«Жол мұраты – жету» демекші, бүгінгі күні діттеген жерімізге тез жету үшін көбіне такси қызметіне жүгінеміз. Қазір такси қызметі де, оны тұтынатындардың да саны көп. Әйтсе де, ол талапқа сай ма? Кейде осы сауалға жауап таба алмай дал болатынымыз бар. Себебі, барар жеріңе тез жету үшін такси шақыратынымыз рас. Бірақ, сол таксиге жолай мінген жолаушы да отырады. Жүргізуші асықпай өзіне ыңғайлы бағытпен жүріп, оны діттеген жеріне жеткізеді. Содан соң ғана асығып отырған сізге төрт-бес минуттың айырмасы қайсы деген сыңаймен қарайтынын қайтерсің? Қыстың қаһарлы, күздің жаңбырлы күндерінде «Шақыртқан жеріңе келе алмаймыз. Жолға шығып тұрсаңыз жақсы болар еді» деген өтінішін білдіреді. Оған да көнген жолаушы жүргізушінің айтқанын екі етпейді.
Өйткені, баратын жеріне жету керек. Сондай-ақ, жүргізуші жолақы бағасын да өзі белгілеп алған. Аудан орталығы Миялы ауылында жолаушыны күндіз 200 теңгеге, түнгі сағат он екіден кейін 400 теңге апарады. Тіпті, екі нүктеге жолай соқсаңыз да бағасын өсіріп, қалтасын қампайтады. Осы орайда, бағаны өсіруде қандай заңдылықты басшылыққа алатыны да белгісіз. Осы тақырыпты зерттеу мақсатында әлеуметтік желідегі такси группаларға тіркелдім. Мұнда қайнап жатқан өмір. Бірі қаладан ауылға, бірі ауылдан қалаға, енді бірі ауыл арасына такси іздеп әуре. Әлеуметтік желіге такси жүргізушісі де қарапайым халықта тіркелген. Әр минут сайын телефоныма хабарлама келіп, жолаушы мен жүргізушіден хабар алып отырдым.
Рас, бұрын қалаға бару үшін маршрутқа бір-екі күн бұрын тіркелу керек. Олай болмаса орын болмай қалуы да ғажап емес еді. Ал, қазір әлеуметтік желі пайдаланушылары әп-сәтте қажетіне қарай такси жүргізушісіне хабарласып, барар жеріне оңай жетеді. Желіге тіркелгендердің барлығын заңды қызмет көрсетіп жүр деп айта алмайсың. Олардың арасында тек күнкөріс қамымен өз қажетіне қызмет етіп жатқандар да жетерлік. Өйткені, заңды қызмет етушілер жолаушыға жолақысын көрсетіп, билет береді. Осыны тексеру үшін әлеуметтік желіге «Атырауға барам бірақ, билет керек» деген едім. Клиент шықса таласа кететін жүргізушілердің үні шықпады. Бұл дегеніміз заңсыз қызмет етушілердің көп екендігін байқатса керек. Яғни салықтан жалтарудың бір көрінісі.
Демек, ашық алаңда табыс тауып отырғандарға құзырлы органдар тосқауыл қойып, заң аясында қызмет етсе дейсің. Өзіме қажет болған соң заңды тіркелгендерден сұрастырып билет тауып, көп таксидің біріне жазылдым. Таңмен келіп үйден алып кетті. Жолаушылар толықты. Бірақ, таксист ұялы телефонмен сөйлесті де бағытын өзгертті. Әлгі соққан қалаға шығуы керек жүргізуші екен. Көлігі қызбай қалыпты. Соны біз мінген такси сүйреп қыздырды.
Осылайша, сол жерде жарты сағаттай уақыт өтті. Көлік те қызды. Осы арада жүргізушілердің әңгімесінен байқағаным, кеше ғана сапардан келіп, аталмыш автокөлік жүргізуші көлігінің ақаулығына қарамай клиент жинап алған. Сүйреумен әрең қызған көлігімен жолаушыны лезде жинап алып, артымыздан ілесе жолға шықты. Сонда адам өмірі ойыншық па? Қыстың көзі қырауда жолда тұрып қалса кім жауап береді? Демек, заңсыз таксилерге тосқауыл қоятын кез жетті. Бұл ретте, алыс жолға жүретін таксилерге мінер кезде жолаушылар жолға сақадай сай автокөліктерге мінгені дұрыс деп есептейміз.
Қандай істі бастасаң да оны заңдастырған абзал. Өйткені, қалай болғанда да, заңсыздықтың аты заңсыздық. Сондықтан, заңсыз таксилерге тосқауыл қойылу керектігі анық жайт. Осы тұрғыда, нақты жұмыстардың жүргізілгені дұрыс. Өйткені, заңсыздық жауапкершілікті азайтады. Ал, жауапкершілік болмаса жолаушы өмірі қыршыннан қиылуы мүмкін. Сол себепті, құзырлы орган осы бағытта нақты шараларды қолға алу керек.