Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Заң несімен құнды?

 Соңғы бір аптададан бері қоғам белсенділері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралып жатқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасына қарсы шығып жатыр. Бірі «Бұл заң балаларды ата-анасынан айырады» десе, енді бірі «Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты, басқасы араласпасын» деп талап қоюда. Осы орайда, қоғам қарсылығына тап болған заң жобасының мәні мен мазмұнына біз де үңілдік.

«Parlam.kz» сайтына жүктелген Заң жобасы 9 тарау 49 баптан тұрады. Бір қызығы – заң жобасы 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Парламент мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданған. Алайда, Сенатқа әлі жетпепті. Әзірге жоба күйінде қаралып жатқан 50 заңның қатарында тұр.

Бала құқығы қорғалсын, алайда...

Әрине, қоғамдағы кез-келген саналы азамат зорлық-зомбылықтың қандай түріне болсын қарсы. Тіпті «Баламның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» дейтін ата-аналар баласы үшін отқа да, суға да түсуге әзір. Алайда, өзінің туған ұлын ата дәстүр бойынша сүндеттеуді, қызының құлағын тесіп, сырға салуды балаға көрсетілген зорлық-зомбылық десе қай ата-ана қолдайды? Ал, бұл аталмыш Заң жобасының 5 бабының 11 бөлімінде тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Ол бөлімде: «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деп анық жазылып тұр. Сондай-ақ, Заң жобасының 9 бабында отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті органның міндеттері көрсетілген. Сол баптың 10 бөлімінде: «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ақпаратқа, оның ішінде оны өзінің сайтында орналастыру арқылы қол жеткізуді қамтамасыз етеді» делінген. Әрине, бір оқығанда түсініксіз. Алайда, заңгерлер бұл отбасындағы ұрыс-керісті уәкілетті орган өзінің сайтына салуға құқығы бар деп түсіндіреді. Демек, қандай да бір үйдегі отбасылық кикілжің енді интернет ресурста жүрсе таңданбайсыз, «Оны интернетке кім салды?» деп дау шығара алмайсыз. Себебі, Заң жобасында солай жазылған Заң жобасына қарсы шығып жатқан қоғам белсенділері «Енді балаңа ұрысатын болсаң үйге учаскелік полицей келеді. Бұл ата-ана мен бала арасына от салу» деп мәселе көтерген еді. Сөйтсек, бұл Ішкі істер органдарының құзіреті көрсетілген 10 баптың 4 бөлімінде тұр екен. Ол жерде «Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамайтын немесе тиісті түрде орындамайтын, оларға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерді жасайтын ата-аналарды немесе оларды алмастыратын адамдарды анықтайды» деп көрсетілген. Яғни, енді учаскелік полициейлер «Қиын балаларды» ғана емес «Қиын ата-аналарды да» анықтап, есепке алуы мүмкін.

Заң жобасымен таныса келе небір баптарға кездестік. Соның ішінде, 41 баптың 1 бөлімінде «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға қатысты медициналық психологиялық түзету шаралары оның психикалық жай-күйін жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген дәрі-дәрмекті және өзге де терапиямен бірге жүргізілуі мүмкін» делінген. Бұдан түсінгеніміз жүйкесі жұқарып баласына жиі ұрсатын ата-аналардың енді психикалық жай-күйі тексеріліп, тіпті ел аумағында рұқсат етілген дәрі-дәрмек егілуі мүмкін.

Аталмыш Заң жобасымен таныса отырып, «Сексуалдық зорлық-зомбылық» «Экономикалық зорлық-зомбылық» деген сөздерді бірнеше жерде кездестірдік. Мұны да заңгерлер өте қауіпті баптардың бірі санайды. Яғни, әкесі кішкентай қызын үйінде құшақтап жатса педофиль атанып, сотталып кетуі де ғажап емес. Ал, экономикалық зорлық-зомбылық деген ата-ана баланың сұраған затын алып бере алмаса, керегін орындамаса Заң жобасы бойынша экономикалық қысым көрсетуші болуы бек мүмкін. Әрине, кез-келген саналы адам бала құқығының бұзылуына, олардың зорлық-зомбылық көруіне қарсы тұрады. Алайда, бұл Заң жобасының кейбір баптары «Шаш ал десе, бас алатын» жендетті көзге елестетіндей...

Жақсы жағы да бар

Қоғам белсенділері қарсы шығып жатқан Заң жобасымен танысқанда жақсы жақтары да бар екендігіне көз жеткіздік. Мысалы, жобада жұрт шулап жүргендей «Ата-ана құқығын шектейді, жай асыраушы болып қалады» деген ешқандай бап жоқ. Заң ата-ананың балаға ұстаз болу, қамқоршы болу рөлін шектемейді. Керісінше, ата-ананың басты міндеттеріне ден қояды. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің өзара татулығы, жарасымдылығы, еркек пен әйелдің, ата-ана мен баланың бір-біріне сенім артуы сынды ізгілікке шақыратын бөлімдер бар. Ол туралы Заң жобасының 5 бабының 1, 2, 3 бөлімдерінде «Адам құқықтары және гендерлік теңдік саласындағы заңнаманы және халықаралық стандарттарды сақтау», «Адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтауға кепілдік беру», «Адамға күш қолдануға және (немесе) психикалық зардап шегуіне жол бермеу» деп көрсетілген.

Заң жобасын талқылаған заңгерлер бұл заң ата-аналық міндетін атқармайтын, басқа дүниені бала жағдайынан бұрын қоятын, баланы мүлік санайтын жауапсыз ата-аналарға тежеу болады деген пікірде. Расымен де «Бала – бауыр етің» десе де өз баласына немқұрайлы қарайтын ата-аналар баршылық. Мәселен, осы тақырыпты қозғағанда аудандық полиция бөлімінен жасөспірімдердің құқық бұзушылығы жайлы сұраған едік. Сонда былтырғы жылдың өзінде аудан бойынша түнгі уақытта беймезгіл жүрген 130 бала анықталып, учаскелік инспекторлар бөлімге әкелген. Сонда ата-аналарын шақыртқанда басым бөлігі балаларының қайда жүргендігінен хабарсыз болып шыққан. Бұдан шығатын қорытынды – қоғамда баласына бейқам қарайтын, баласының тәртібі мен сабағына мән бермейтін ата-аналар бар деген сөз. Ал, бұл заң жобасы сондай ата-аналарға тежеу болу мақсатында қабылданып отыр.

Сіз не дейсіз?

Сенім телефонына сенім жоқ

Соңғы бір аптадан бері қоғам талқысына түскен бұл Заң туралы интернеттен оқып білдім. Әрине, мен заңгер емеспін. Десе де, Заңдағы кейбір олқы тұстар жай адамның өзіне бірден көрінеді. Әсіресе, бала үйіндегі ата-анасынан ұрыс естісе, керегін ала алмаса «Психологиялық соққы алдым» деп 111 сенім сенім телефонына хабарлауы керек екен. Сонда учаскелік полицей үйге келіп, баланы алып кетеді-мыс. Бұл қайдан шыққан сорақылық? О заманда, бұ заман баланы ата-анадан айырып алып, тәрбиелеуге бола ма? Халқымызда «Әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген сөз бар. Қандай жағдай болса да балаға ата-анадан артық қамқоршы, тәрбиеші табылмайды. Мысалы, бұрын әр қазақ отбасында көп бала болды. Сол балалар бір-бірінің киімін киіп, тете болып өсті. Жеке бөлме түгілі көрпе-жастықтары да болған жоқ. Бәрі бір көрпені жамылып, құшақтасып жатты. Соның арқасында бауырмалдық артты, бір-бірінің қадірін білді. Ал, мына заң қабылданып кетер болса бала жатбауыр, өзінің затын ешкімге бермейтін сараң болып өсе ме деп қорқамын.

Бақыт БЕРГЕНОВА,

көп балалы ана

Қазақы дүниетанымға сай келмейді

Жалпы Парламент қарауына түскен кез келген заң қоғамның игілігі, елдің дамуы үшін қабылдануы керек. Алайда, дүйім елді дүрліктірген мына заңда әлі де шикіліктер бар екендігін көріп отырмыз. Әсіресе, «Әр баланың жеке бөлмесі болуы керек, қалағанын алып беру керек» деу тым артық. Дәл бұлай жалғаса беретін болса ертеңгі күні балалар ата-аналарын сыйламай кетуі мүмкін. Өзара араздық туады. Кейіннен ата-анасын сыйламаған бала мектептегі мұғалімін де тыңдамай кетеді. Бір сөзбен айтқанда бұл біздің қазақы дүниетанымға сәйкес келмейді. Керісінше осы Заңға «Бала ата-анасына қарсы келмеу керек» деген сияқты кішіргім тармақшалар енгізілуі керек. Осылай қоғамды ізігілікке бастайтын баптарды енгізіп,Заңды әлі де болса жүйелеу қажет. Әрине, мен Заң жобасы түгелдей жарамсыз деуден аулақпын. Ішінде бала құқығын қорғайтын, оның саналы тәрбие, сапалы білім алуын қолдайтын баптар да бар. Дегенмен жоғарыда айтқандай қазақы салт-санаға жат жерлерін өзгертіп, өзіміздің дүниетанымға қарай бұрған дұрыс.

Бағытжамал ЖҰМАБАЕВА,

аудандық мәслихат депутаты,

Аналар кеңесінің төрайымы

Түйін.

Мәжілістің ресми сайтынан білгеніміздей соңғы талқылау биылғы жылдың мамыр айында өтеді. Яғни, әлі де болса өзгертіп, артық жерлерін алып тастауға уақыт бар. Заңгерлер дабыл қағып, қоғам белсенділері шулағаннан кейін мәжіліс депуттары да «Ақылдасайық, өзгертейік» деп отыр. Ендеше, мамыр айына дейін аталмыш Заңның кем-кетігі дұрысталып, қоғам үшін ең пайдалы нұсқасы жасақталады деген сенімдеміз.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Сурет: ашық дереккөзден

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT