Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Субсидия алдың ба, шаруагер?

Елімізде түрлі салалар бойынша өндіріс шығындарын төмендету мақсатында қаржылай субсидиялауды қолға алғанына біраз жыл болды.

Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауға ең алдыңғы кезекте мал өсірумен айналысатын шаруагерлер зәру. Ал, аудан шаруагерлері үшін субсидия алу қаншалықты қолжетімді болды? Осыған орай, біз аталмыш сауалға жауап іздегенді жөн көрдік.

Шаруашылықты дамытуға берілген мүмкіндік

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы секторын қолдауға арналған субсидиялар жеткілікті. Соның бірі – мал шаруашылығын қолдауға арналған субсидия. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне сәйкес асыл тұқымды жануарлар мен құстарды (сүт және ет бағытындағы қой-ешкі, жылқы, түйе, мүйізді ірі қара малдарының аналығы мен аталығын) сатып алғаны, мал өсімін көбейту үшін күтіп-баққаны және селекциялық жұмыстар жүргізген шаруагерлерге субсидиялар беріледі. Сондай-ақ, ережеде құс етін, тағамдық жұмыртқаны, сиыр, бие, түйе сүтін өндіргені үшін де субсидиялар алуға болатыны көрсетілген. Бұл ретте, өткен жылы аудандағы шаруа қожалықтары 650 миллион 490 мың 215 теңге субсидияға қол жеткізді. Мұның ішінде 74 шаруа қожалығына асыл тұқымды ірі-қара малына тұқымдық түрлендіру жұмыстарын жүргізгені үшін 145 миллион 54 мың теңге субсидия берілді. Жалпы, бұл шаруашылықтар мал басын асылдандыру бағытында асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының 40 бас аталығын, 209 бас аналығын, қой малының 214 бас аталығы мен 745 бас аналығын, 3 бас айғыр сатып алған болатын.

Ауыл шаруашылығына арналған қолдаудың бірі – инвестициялық шығынға кеткен қаржыны, яғни шаруашылықтың техникаға немесе қондырғыға кеткен шығынының бір бөлігін субсидия ретінде қайтарып беру. Бұл бағытта, ауданда соңғы екі жылда алыс жайылымдарды игеру мақсатында 163 шаруа қожалығы 184 дана күн панелдерін құдық-қыстақ бастарына орнатып, кеткен шығындарының бір бөлігін қайтарып алса, 12 шаруа қожалығы 11 ұңғымалы (скважина), 4 шахталы құдық қаздырып, субсидияға қол жеткізді. Ал, лизингпен және несие қаражаттары арқылы 34 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алғаны үшін 11 шаруа қожалығына 27 миллион 20 мың 464 теңге субсидия төленді. Ережеге енгізілген соңғы өзгерістерге сай, енді құдық қазуға кеткен шығындардың 50 пайызы субсидиялау арқылы өтелетін болса, техниканы сатып алуға кеткен қаржының 25 пайызы қайтарылады.

Өткен жылы ережеге енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді мал азығын дайындауға кететін қаржы да субсидияланатын болды. Мәселен, бір шаруашылықта ірі қара малының 50 бас аналығы болса, оның әр басына жем-шөбі үшін 30 мың теңге субсидия төленетін болды. Ал, сүтті және етті-сүтті бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малының әр басына 120 мың теңге субсидия беру қаралған. Сондай-ақ, жылқы мен түйенің әр аналығына 20 мың теңге берілсе, қойдың аналығына бес мың теңгеден субсидия беріледі. Ол үшін шаруашылықтағы жылқы мен түйенің аналығы 50 бас, қойдың аналығы 300 бас болуы шарт. Субсидияның бұл түріне республикалық бюджеттен қаржы қаралмағандықтан әр облыс өзінің мүмкіндігі аясында ғана шешім қабылдайды. Жыл аяғында мал азығын дайындауға жұмсалған шығындар құнын арзандатуға 55 шаруа қожалығына 148 миллион 855 мың 751 теңге, ал инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субьектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша 126 шаруа қожалығына 356 миллион 580 мың 464 теңге субсидия төленді.

Субсидия беру «электрондық үкімет» веб-порталының субсидиялаудың ақпараттық жүйесімен (САЖ) өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте, тауар өндірушілер субсидия алуға өтінім берер алдында САЖ-да деректерді толтырады. Бұл деректе өткен жылдың қорытындысы бойынша статистикалық есепке сәйкес мал шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісі, статистикалық есепке сәйкес еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығы жануарлары жайылымдарының жалпы алаңы және мал басы болуы шарт. Егер тауар өндірушінің субсидия алу үшін ұсынған құжаттардың немесе ондағы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталса, өтінімде көрсетілген деректер ережеде белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келмесе субсидия берілмейді.

Әділет ШАЙМАРДАНОВ,

аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі

Бір күн кешігіп қалдым

Шаруа қожалығын құрып, мал бағумен айналысып келе жатқаныма біраз уақыт болды. 2015 жылы қазақтың асыл тұқымды ақбас тұқымының бір бас аталығын табынға қосып, шаруашылықтағы мүйізді ірі қара малын түрлендіру бағытында жұмысты қолға алдым. Аналық малды көбейтіп ережеге сай әр екі жыл сайын үш бас бұқа әкеліп, табынға қосып отырдым. Ол үшін берілетін тиісті субсидияны алып келдім. Айтайын дегенім, өткен жылы желтоқсан айының бірінші онкүндігінде екі-үш жыл бұрын тоқтатылған жем-шөпке берілетін субсидия қайтадан беріледі деген хабар келіп, тиісті құжаттарды жинақтадым. Бұрынғы құжаттардан өзгешелігі – бұл жолы ветеринарлық реттік нөмірдің тіркелгені туралы құжат тапсырылуы қажет екен. Бұл орайда, қажетті қағаздар дайындалып жіберілгенімен тапсырылуы тиіс құжатымыз уақытынан бір күн кешігіп келді. Сөйтіп, бір күн кешігіп қалудың салдарынан қожалықтағы 72 бас сиырға (1 басқа 30 мың теңге) мал азығын дайындауға кеткен шығындарды өтеуге тиесілі 2 миллион 160 мың теңге шаруашылық бюджетіне түспей қалды.

Осындай кешігіп қалудың себебінен менен басқа да бірқатар шаруагерлер өздеріне тиесілі қаржыны ала алмады. Жалпы, мұндай маңызды шаруаларды жүзеге асыру үшін шаруагерлерге алдын ала хабарланып, нақты құжаттар тізімі қаперге берілгені жөн емес пе?! Шаруашылықты дамытуға бұл қаражат үлкен демеу еді.

Жанас ТАСПАНОВ,

«Жанас» шаруа қожалығының төрағасы

Қора-жайға да субсидия қаралғаны жөн

Мен орта мектепті бітіргенде дүрілдеген Кеңес Одағының ыдырап, еліміз тәуелсіздік алғанына бір-екі жыл болған еді. Екі жыл Отан алдындағы борышымды өтеп елге оралғанда кеңшарлар тарап, ауылды жұмыссыздық жайлап жатты. Екі қолға бір күрек табылмаған соң қолдағы елу шамалы қой-ешкі мен оншақты мүйізді ірі қараны бағып үйде отырдық. Уақыт өте мал басы көбейіп, ауылда (Қоғам елді мекені) шаруашылықпен айналысу қиындай түсті. Отбасыммен ақылдаса келе 2015 жылы «Ақтай қора» қыстағын сатып алып, шаруа қожалығын құрдық. Қазір шаруашылықта 300 басқа жуық қой-ешкі, төлімен 150 бастай мүйізді ірі қара малы, бір үйір жылқы бар. Қолдағы техникалармен жем-шөпті өзіміз дайындаймыз. Бұл орайда, мал шаруашылығын дамытуда мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар аясында беріліп жатқан субсидияларды мүмкіндігінше алып келемін.

Нақтырақ айтқанда, мүйізді ірі қара малын түрлендіру үшін 2017 жылы табынға бір бас герефордтұқымының аталығын қосып, оған 150 мың теңге, екі жылға 30 бас аналыққа 600 мың (1 бас аналыққа 10 мың теңге) теңге субсидия алсам, осыншама мал басына дайындаған жем-шөп шығындарына 850 мың теңге субсидия төленді. Ал, өткен жылы табынға қосқан қазақтың ақбас тұқымының екі бас аталығына 300 мың теңге, табындағы 50 бас аналыққа 500 мың теңге субсидия берілсе, жем-шөп үшін 1 миллион 470 мың теңге субсидия алдым. Сондай-ақ, күн панелін қондырғанда да 2 миллион 440 теңге субсидия берді. Мұның барлығы шаруашылықты одан әрі дамытуға үлкен қолдау. Сондықтан алдағы уақытта субсидия көлемін азайтпай, төлем аясын кеңейте түскені жақсы болар еді. Мәселен, шаруашылықта жаңадан салынған үй, қора-жайға да субсидия қаралса игі. Егер үй, қора-жай салуға кеткен шығындардың қаржысы субсидияланса, шаруагерлер қатары көбейіп, мал басын асылдандыру жұмыстары дами түсер еді.

Еркін АХМЕТОВ,

«Нұрберген» шаруа қожалығының жетекшісі

Ақпараттар уақытылы неге жетпейді?

Мемлекет тарапынан мал баққан шаруагерлерді қолдау бағытында атқарып жатқан ауқымды шаралардың бірі – субсидиялау. Бұл біз секілді қыр төсінде малмен күнелтіп отырған шаруагерлер үшін үлкен демеу. Сонымен бірге, мал басын көбейтуге де ынталандырады. Кеңшар тарағаннан кейін құрылған біздің шаруашылық ірі қара малын асылдандыруға бет бұрғанына да бес-алты жылдың жүзі болды. Бұл бағытта беріліп келе жатқан субсидияны уақытымен алып келе жатырмыз. Өткен жылдың аяғында шаруашылықтағы асыл тұқымды малға дайындалған жем-шөпке кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу үшін субсидия беріледі деген хабар жеткен соң құжаттарымызды жинақтап, тиісті жерге тапсырдық. Алайда, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қоры (САТЖАҚ – ИАС) мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (АЖБ – ИСЖ) базасында мал басының сәйкес келмеуінен субсидияны ала алмай қалдық. Яғни, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында тіркелген 52 бас ірі қара мал селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қорында 42 бас болып тұр. Бұл кімнен кеткен қателік екенін білмедім. Ал, қателікті түзетіп қайта жіберуге уақыттың тығыздығынан мүмкіндік болмады. Енді, мұндай кемшіліктердің қайтадан орын алмауы үшін алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтарды немесе өзгерістерді алдын ала хабарлап отырған дұрыс деп есептеймін.

Думанбек ТӘЖІҒАЛИЕВ,

«Теңдік» шаруа қожалығының төрағасы

Әрине, мал өсіріп, оның өнім¬дерімен халықты қамту¬ды мақсат еткен шаруа иелері¬нің мемлекет тарапынан берілетін заңды төлемдерін алғысы келетіні түсінікті жайт. Субсидиялау әсіресе мал шаруашылығын дамытуға үлкен қолдау. Сондықтан, құзіретті орындар шаруагерлерге субсидия туралы ақпаратты уақытында жеткізіп, олардың қаржыны уақытылы алуына мүмкіндігінше көмек қолдарын созса игі болар еді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT