Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Туризмге серпінді жобалар қажет

Мемлекет басшысының Жолдауында негізінен экономиканы дамыту жолдары айтылды. Сондай-ақ, елдің туристік әлеуетін пайдалану қажеттілігіне баса тоқталды.

«Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, туризмді біздің өңірде өркендетуге мүмкіндік жеткілікті. Индердегі күмбезде Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы дерлік кездеседі. Қойнауы құтқа толы мекенді туристік аймаққа айналдыру мәселесі біраз уақыттан бері айтылып жүргенімен, әлі күнге дейін аяқсыз қалып отыр. Осыдан екі-үш жыл бұрын инвестиция жұмсап, шипажай салуға ниет білдірген кәсіпкердің бастамасы туралы хабар естігенбіз, дегенмен ол жүзеге аспай қалды. Осыншама қазба байлықты ел игілігіне жаратсақ, экономикалық жағынан пайдасы да көл-көсір болар еді.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары көптеген туристік компанияның қызметі тұралап қалды. Туристер қатары азайғаннан кейін кеңсені жалға алу, қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық қызметтерді өтеу қиынға соға бастады. Десек те, экономика тетігі бола алатын сала «қаз қалпында» қалмауы тиіс. Туристік орындарға дейін жол төселіп, келушілерге жағдай жасалса, қаражат та өңірімізде қалар еді. Қайткен күнде де, өңірде кенжелеу қалған салаға тың жобалар мен инвестиция қажет. Өз байлығымызды өзіміз игеріп, пайдаланғанымыз қандай жақсы!

Райхан СҮЛЕЙМЕНОВА,

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті

мұнай-газ факультетінің деканы, PhD докторы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT